Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданы мәслихатының кезекті XXXVII сессиясы өтті. Маңызды жиынға аудан әкімі Самитов Мажит Самитұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты. Сессия жұмысын аудандық мәслихаттың төрағасы Жарқынбек Ғалымжан жүргізді.

Сессияның күн тәртібіне бірқатар өзекті мәселелер енгізілді. Атап айтқанда, «Аудан әкімінің атқарған жұмыстары туралы есебі», «2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту» және басқа да маңызды мәселелер жан-жақты қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі Мажит Самитұлы баяндама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бірқатар салада оң өсім байқалған. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 6,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 6,7 пайызға артқан. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы ауданы 0,4 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,2 пайызға, бөлшек сауда көлемі 0,1 пайызға, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 0,7 пайызға өскені айтылды.

Сонымен қатар, аудан басшысы Сыр беткейіндегі 8 елді мекенді газдандыру жұмыстарының жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ірі өндіріс орындарын тұрақты газбен қамтамасыз ету мақсатында Жаңақорған автоматты газ тарату станциясының қуатын 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілген. Бұл нысан 18 қараша күні облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен ресми түрде іске қосылғанын жеткізді. Баяндамасында аудан көлемінде жыл бойы атқарылған өзге де инфрақұрылымдық, әлеуметтік және экономикалық бағыттағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Сессия барысында мәслихат депутаттары аудан әкімінің атқарған жұмыстарына оң баға беріп, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын бастамаларға сәттілік тіледі.

Күн тәртібіндегі өзге мәселелер бойынша хабарламашылардың баяндамалары тыңдалып, депутаттар тарапынан нақты ұсыныстар мен сұрақтар қойылды. Талқылау нәтижесінде тиісті жауаптар беріліп, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Ауданның алдағы даму бағыттарын айқындаған бұл сессия өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жиын болды.

Тағы да оқыңыз: