Kyzylorda-news.kz Аудан халқын газбен қамту көрсеткіші 54 пайызға жетті.
Жаңақорған ауданында былтыр Шалқия, Құттықожа, Кейден ауылдары табиғи газға қосылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте белгілі болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған аудан әкімі Мәжит Самитов өткен жылы газдандыру жобаларына 5,3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты.
«Төменарық ауылы мен Жаңақорған кентінің қалып кеткен аумақтары толық газдандырылды. Әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларына сатып алынған үйлерді газбен қамту жұмыстары да жүргізілді. Жаңақорған автоматты газ тарату станциясының қуаты 20 мың куб сағаттан 40 мың куб сағатқа кеңейтілуде. Бұл жоба сәуір айында аяқталатын болады. Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан халқын газбен қамту көрсеткіші 54 пайызға жетті», - деді аудан әкімі.
Мәжит Самитұлының айтуынша Төменарық елді мекеніне тартылған газ құбыры өтетін аумақта орналасқан тағы 5 елді мекенді (Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық) газдандыруға демеушілер есебінен жобалар әзірленген. Жобалардың жалпы құны 5,6 млрд.теңге.
Жаңақорған ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Облыстағы жалпы мал басының 25 пайызы Жаңақорған ауданына тиесілі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығын дамытудағы үздік көрсеткіштері үшін «Озат аудан» атанды. Бұл туралы аудан әкімі Мәжит Самитов брифингте мәлімдеді.
«2025 жылдың 1 қаңтарына ауданда мүйізді ірі қара 63 784 басқа, қой 235 631 басқа, ешкі 6 683 басқа, жылқы 25 376 басқа, түйе 1 805 басқажетсе, құс саны 18 510-ды құрады. 2025 жылдың 1 қаңтарына 5,8 мың тонна ет (тірі салмақ), 6,8 мың тонна сүт, 2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Өндірілген өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда ет 3,4 пайызға, сүт 2,7 пайызға және жұмыртқа 1,3 пайызға артқан. Қысқы мал азығына қажетті186 мың тонна шөп, 38 мың тонна сабан және 37 мың тонна жем дайындалып, малшыларымыз қыстан қиналмай шығуда», - деді аудан басшысы.
Былтыр Жаңақорған ауданы бойынша 35 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, мерзімінде толық жиналды. Негізгі дақыл күріш 7545 гектарға егіліп, әр гектарынан 56 центнерден өнім алынды. 42 мың тонна өнім жиналған.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2024 жылы отбасылық егістіктерге 400 гектар жер беріліп, 805 отбасы өздеріне қажетті көкөніс-бақша дақылдарынегіп, өнімдерін жинап алды. 2024 жылдың егісіне 4,6 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 2,2 тонна арам шөптерге қарсы қолданатын гербицидтер пайдаланылды. Ауданда егістік алқаптарды тұрақты аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы барлық бюджеттерден 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді», - дейді Мәжит Самитұлы.
Жаңақорған ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру 13,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 14 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 16,5 пайызға артты.
«2024 жылдың қорытындысымен жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуда тұрақты жағдай қалыптасып, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілді. Өткен жылы аудандық бюджет 16,1 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында 19,6 млрд теңгеге жетті. Жыл қорытындысымен аудан бюджетінің жалпы кірістері 103,3 пайызға, оның ішінде өз кірістеріміз 111,4 пайызға орындалды. Облыс әкімінің бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жыл басында 4,2 млрд теңге болып жоспарланған өз кірістеріміздің жылдық жоспары 834,2 млн. теңгеге артты. Аудан бюджетіне түскен қосымша қаржыны халыққа қажетті, шұғыл шешімін табуы тиіс мәселелерге бағыттадық», - деді аудан әкімі.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі