Kyzylorda-news.kz. Шұғылалы көктемнің шуақты күнімен келген аналар мерекесі қарсаңында Жаңақорған аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов аудандағы көпбалалы аналар мен әр салада қызмет етіп жүрген арналарды арнайы қабылдап, мейрам қарсаңында құрмет көрсетіп, мерекелік шараға ұласты.

Адам баласы үшін ананың орны қашанда биік. Жұмақ - ананың табанының астында деген сөздің мәні аяулы жанның қадірін ерекше асқақтатып тұрғандай. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналарға жүрекжарды лебізімізді күн сайын білдірсек те артық етпейді. 

Салтанатты шара мың бұралған бимен басталып, әсем әуенмен жалғасты. Мәдениет үйінің азаматтары бірінен соң бірі аяулы қыз-келіншектерге арнап өлең оқып, көрермен залында отырған ақжаулықты аналарға гүл шоқтарын тарту етті. Әдемі өрілген көріністен соң аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы нәзік жандыларды шуақты мерекесімен құттықтап, бір топ ардагер ұстаздарға, батыр аналарға және түрлі салада еселі еңбек етіп келе жатқан аруларға құттықтау хаттар табыс етті.

– Әлемдегі кез-келген ұлт алдымен ананы құрметтейді, ананың алдында басын иеді. Қазақ халқы әйел затының қадір-қасиетін жоғары бағалап, беделін биік қойған. Жер – ана, Отан – ана, тілдің өзін анаға теңеп, оның құдыретін осылай бағалады. Тіпті, Сырдария бойындағы киелі мекенді Сыр – ана деп атауымыз тегін емес.Міне, біз ана ұғымын осындай мәртебелі еттік. Асыл дінімізде де «Анаңды Меккеге үш рет апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың», «Жұмақ ананың табанының астында» деген киелі ұғым бар. Сондықтан қай қоғамда болмасын нәзік жандылардың орны – төр. Кешегі ел егемендігін алған алмағайып, тоқырау тұста азаматтарға тіреу болып, маңдай терін төгіп, елді осынау тығырықтан аналар алып шықты. Қазір де әйел қауымының қоғамдағы қызметі орасан. Мәселен, біздің ауданның білім саласының 73 пайызын, медицина саласының 85 пайызын, мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызын біздің қыз-келіншектер құрайды. Қазақ қыздың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. Қыз өмірге келсе қуанып, шаңыраққа ырыс-береке кірді, қазына келді деп сүйіншілейді. Оларды отанның ұйытқысы, ары, ұяты деп биік қойды. Өйткені, қыз ертеңгі ана, ертеңгі елдің данасы. Сондықтан барша аруларды, аналарды, ақ самайлы әжелерді Аналар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деп аудан басшысы ыстық лебізін білдірді. 

Одан әрі сан салада қызметте жүрген жандарға, ардагер еңбеккерлерге құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген мамандық иелерін марапат мінберіне көтерді. Әуелі, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері Гүлнұр Аблазимова, Жамила Оштанованың кеудесіне медаль тағып, мақтау қағазымен марапаттады. Жаңақорған топырағында алтын алқа иелерінің қатары күн санап артып келеді. Оны жылдағы бала туу көрсеткішімен өлшеуге болады. – Бізді осылай құрмет төріне шығарып, мерейімізді үстем етіп отырған баршаңызға алғыс айтамын. Әрине, анаға деген махаббат ештеңемен өлшенбейді ғой, 7 нәрестені өмірге алып келгенім үшін Жартақанға сансыз шүкіршілік етемін. Бала Алланың берген сыйы ғой, бұйыртып жатса қазақтың санын көбейтіп, ұлағатты ұрпақ, иманды ұл-қыз тәрбиелеуге тырысамын. Өзімнің замандастарымды, ізімізден ерген аруларды мерекемен құттықтаймын, – деп жеткізді ізгі тілегін алтын алқа иегері Гүлнұр Абдулаханқызы. 

Сонымен қатар, айтулы шарада саналы ғұмырын білім жолына арнап, шәкіртінің бойына тәлімді тәрбие, саналы білім сіңіре білген ұстаз аналарға да ерекше ықылас білдірді. 

Шарада сөз алған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы құрмет көрсетті. Жылы лебізін білдіріп, мерекелік тартуын табыс етті.

– Ел тарихының қай кезеңінде болмасын, батыр аналар ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық пен тыныштықтың, өрлеу мен өркендеудің басынан табылды. Бүгінде, осы жолда еңбек етіп жатқан аналарымыз жетерлік. Қоғамда нәзік жандылар сан түрлі саланың қырсырын меңгерген. Әсіресе, ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Олар – мектептің жүрегі. Жастардың білімді де білікті, парасатты азамат болып қалыптасуында мұғалімдер қауымының еңбегі зор, – деді аудан басшысы. 

Иә, елдегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы бола білген аналарды құрмет биігіне шығару ұлағатты іс, тағылымды ғибрат. Аудандық білім бөлімінде ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан бір топ ұстаз аналар марапат мінберінен көрінді. Солардың қатарында Әсел Байболова, Айжан Омарова, Жанна Бижанова, Бибігүл Тулегенова, Ұлбала Бисенова, Гүлзира Айсынова, Лора Тұртанова, Жанбибі Шаметова, Балжан Файзуллаева, Күлайхан Елтаева, Гүлнәр Әлібекова, Мадина Тулегенова, Рая Шыныбекова, Толқын Анарбековалар бар.

–Қазір білім бәсекесіне ілесе білген ел ғана озық болуға ұмтыла алады. Сондықтан ұстаздарға артылар жүк өте ауыр. Осы саланы абыроймен алып жүрген мұғалімдерге дұрыс жол көрсетіп, тәлім бергенімізді мақтан тұтамыз. Осындай еңбекті елеп, құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлына және аудандық білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаевқа рахмет дейміз, жастарға тек қызметтерінде абырой биігінен көрінуді тілеймін, – деді Роза апай. 

Ардақты ардагерлер білім саласының қызметкерлері мен құрмет көрсетіп жатқан әкімдік ұжымына табыс тіледі. Ұстаз жүгі – ауыр жүк екенін тілге тиек еткен ауданның бас ұстазы Бекжан Есенбаев зейнеттегі ұстаздарға ыстық ықыласын білдіріп, мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Мерейлі кештің соңы «Шаншар» әзіл-оспақ театрының қойылымымен жалғасты. Елімізге танымал театрдың «Манипуляция» қойылымында қоғамдағы әйелдердің қырық жандылығыменен қатар қырық айлалы бола алатынын керемет көрініс тапты. Сондай-ақ, шоу-бизнес саласында белгілі әншілер өнер көрсетті. Көптің көңілін көтеріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған білім бөліміне жұртшылық ризашылығын айтып жатты.

Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына тілекші аналардың мерейін қалай тасытсақ та аз болатындай.Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады.Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. 

Сондай-ақ, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Талап ауылдық округі әкімі аппаратының заңгері Қаракөз Мадалиеваға, Нұрсұлу Аширбекова, Гүлназ Бектұрғановаға табыс етілсе, аудан әкімінің «Алғыс хаты» халыққа қызмет көрсету саласының ардагері Шарипа Ибрагимоваға, Жаңақорған ауданаралық аурухананың балалар дәрігері эндокринологы Баян Орынбаеваға, темір жол саласының ардагері Кенжегүл Бахтыбаеваға, байланыс саласының ардагері Ариягүл Молдабаеваға, көп балалы ана, кәсіпкер Баян Убайдуллаеваға, пошта саласының ардагері Үміткүл Раманқұловаға, көп балалы ана Мейрамкүл Төртбаеваға, Қыраш ауылдық округінің кітапхана үйінің меңгерушісі Гүлжахан Бейсеноваға, 1 топ мүгедегі Ақнұр Сматоваға, Жаңақорған аудандық емханасының бас мейіргері Тұрғаш Данееваға, 1 топ мүгедегі Рауза Ашироваға, 1 топ мүгедегі Қалдыгүл Құламетоваға, аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Ажар Жанаеваға, аудандық прокуратурасының іс жүргізуші инспекторы Фарида Байдалиеваға, «Күміс алқа» иегері Камила Пазыловаға, жеке кәсіпкер Гүлзира Талғатқызына, аудандық зейнетақы төлеу орталығының маманы Ақниет Жұмабаеваға, «Заңғар» бастауыш меңтебінің меңгерушісі Гауһар Тұрғанбайқызына, аудандық емхананың «көз көру бөлмесінде фельдшерсубординатор» Гүлмира Сыздықбаеваға, жұмыспен қамту орталығының маманы Нұргүл Сыланбековаға, Қожакент ауылдық округі әлеуметтік қызметкері Сәпия Абдуллаеваға, «Қыран» негізгі орта мектебінің мұғалімі Ханзада Дошанға табыс етілді. 

Ана көңілінің дархандығына, ана жүрегінің ізгілігіне тең келер құдірет жоқ. Ана алақанының жылылығынан асқан жылулық жоқ. Бойға қуат, көңілге шуақ дарытатын күш те ананың жүзінде, бір ауыз сөзінде, жүрегіндегі мейірбандықта жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мына жарық дүниедегі ең күшті құдірет – ана мейірімі. Сондықтан оларға ілгері ізет, көшелі құрмет арта береді. Көктеммен бірге келген мейрамға орай ұйымдастырылған кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты. Әуезді ән, мың бұралған бимен өріліп, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Міне, адамзаттың анаға деген құрметі шексіз екенін осыдан көруге болады. Өйткені, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Сондықтан аналарымыз аман болсын, мереке құтты болсын, арулар!

Тағы да оқыңыз: