Kyzylorda-news.kz. ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры. Бүгінде Қазақстан да сол ғасырға нық қадам басты. Ел өңірінің барлық саласы цифрлық түрге көше бастады. Бұл ел болшағы үшін маңызы зор қадам. Қазіргі кезде жаңа технологияны дамыту білім берудің бір бөлігі болып қалыптасты. Ғылым мен техниканың даму қарқыны оқу-ағарту саласының оқыту үрдісіне жаңа технологиялық әдістермен қондырғыларды кең көлемде қолдануды қажет етуде.

Сондықтан да техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі керек және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында осындай нақты меже мен міндет қойған болатын. Өйткені, елдің ертеңгі тізгіні кәсіби, білікті, заманауи технологияның тілін түсінген жастардың қолында. Сондықтан, техникалық мамандықтарға басымдық беріп, заманауи салада жастарға мүмкіндік беру қазіргі қоғамның басты талабы.

Осы бағытта Жаңақорған ауданыдағы аграрлы-техникалық колледжі бірқатар жүйелі жұмыстар атқаруда. Дәулетхан Тұрсынхожаев басшылық ететін оқу орны заманауи талаптарға толықтай сай, яғни оқу құралдары, заманауи техникалары жаңа үлгіде қамтамасыз етілген. Студенттерге шәкіртақы және ауылдық жерлерден қатынау құны да қаралған.

Колледжде 2005 жылға дейін студенттер 6 мамандық бойынша білім алса, қазіргі таңда олардың саны 19-ға толықты. Оқу кабинеттері мен зертхана, шеберханалар саны артып, практикамен қатар теориялық жүйе де қатар жүруде. 4 зертхана, 6 шеберхана бар. Оның ішінде, «Токарьлық ісі және металл өңдеу» мамандығы бойынша «Станок жұмыстары» шеберханасы, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша , «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету» шеберханасы бар. Сол секілді, «Тігін», «Пісіру жұмыстары», «Тамақ дайындау», «Техникалық қызмет көрсету» шеберханасы да сабақ жүзінде жүзеге асуда.

«Бізде «Ветеринария» мамандығы бойынша арнайы пән кабинеті мен зертханасы, «Электротехника», «Таукен механика», «Электронды ақпараттандыру» зертханасы, экономика негіздері кабинеті, өзін-өзі тану, 2 компьютер, 27 оқу кабинеті болса, 14 оқу кабинеті интерактивті тақтамен жабдықталған, 2014 жылы колледждің әкімшілік ғимараты іске қосылып пайдаланылуға берілді. 2020-2021 оқу жылында колледж толықтай күрделі жөндеуден өтіп жылу қазандығы қатты отыннан (көмір) сұйық отынға (табиғи газ) ауысты. Колледж 200 орындық АКТ залы, 160 орындық асхана, 100 орындық жатақханамен қамтылған», – деді Дәулетхан Тұрсынхожаев.

Жалпы алғанда, колледжде 19 мамандық, 24 біліктілік бар. Яғни, 19 мамандықты игерген студенттер 24 түрлі салаға бейім деген сөз. Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ауыл шаруашылығын механикаландыру, бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша), ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану сынды мамандықтар бар. Сол секілді дәнекерлеу ісі, есеп және аудит, есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша), жеміскөкөніс шаруашылығы мен маркетинг (салалар бойынша), тамақтандыруды ұйымдастыру және тамақтану саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша маман атануға болады. Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, электр жабдықтары, токарлық іс, пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану, ветеринария және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету және мұрағаттану мамандығы бар.

«Жастар жылы» аясында «Жас маман» жобасы жүзеге асқанын білеміз. Бағдарламаның басты мақсаты – заман талабына сай білікті маман даярлау. Жоба аясында Қазақстандағы 795 оқу орнынан 180 кәсіптік білім мекемесі таңдалды. Соның ішінде біздің аграрлытехникалық колледж бар.

Жалпы, жобаның мақсаты «worldskills» стандарттарының халықаралық тәжірибесін енгізе отырып техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы сұранысқа ие 100 мамандықты анықтау және қайта жаңғырту екен. Жобаны іске асыру қорытындылары бойынша оқу ұйымдары республикалық және халықаралық деңгейлерде талап етілетін мамандарды даярлау үшін қажетті қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылатын болады. «Дәнекерлеу ісі» мен «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша колледжге республикалық бюджеттен 320 млн бөлінген. Ал бұл қаржыға кәсіптік білім мекемелері халықаралық стандарттарға сай соңғы үлгідегі құралдар сатып алуы тиіс. Осы орайда жас маман жобасы колледждің оқу өндірістік базасын жаңартып қана қоймай, құзіреттілік орталығын құруға мүмкіндік бермек. Бөлшектеу құрастыру құрылғыларынан бөлек, Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі базасы білім алушыларға жүргізіп үйренуге арналған су жаңа техникалармен толыққан. Сондай-ақ, жас маман мемлекеттік бағдарламасы аясында білім ордасында еуропалық стандарттарға сай соңғы үлгідегі дәнекерлеу құралдары жеткізілген. Қазіргі таңда мемлекет қолдауына ие болған білім ұясы дуалды және модульді оқыту жүйесіне толықтай көшіпті.

Жоғарыда жазғанымыздай, оқу орны толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Нақтырақ тоқталсақ, көлік жөндеу кабинетіде көліктің әрбір техникасын бөлшектеп үйретеді. Екіншіден, планшет арқылы және үлкен экранды арна арқылы түсіндіру сабағы өтеді. Балаларға көлікті басқарудан бастап, әрбір құралсайманына дейін түсіндіріледі. Сол секілді, бүгінгі күннің мамандығы болған токарь кабинеті де бар. Ал қыздар тігін шеберханасы мен асханасында шберліктерін шыңдаса болады.

Оқу орны  басшысының айтуынша, теориялық және практика өтетін оқу шеберханалары толық заманауи техникалық құралдарымен қамтылған. Оның ішінде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша теория кабинеті «Вертуальды дәнекерлеу тренаржер», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және пайда¬лану» мамандығының теория кабинеті, Вертуальды автотренажеры, студенттерге арналған 25 планшет, автокөлікті жүргізіп үйренуге арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Ал шеберханаларға келетін болсақ, «Автокөліктердің ақауын табатын диагностикалық аппараттар инжектор тазалайтын құрылғылар, автокөлік бөлшектерін, көліктің электроақауларын анықтайтын құрылғылар, дөңгелектердің тепе-теңдігін анықтайтын құрылғылар, автокөлік көтергіштері, білім алушыларға толық үйренуге арналған қозғалтқыштары, матор майларын ауыстыратын қозғалтқыштар, беріліс қорабын ауыстыратын құрылғылармен» жаңа заманауи технологиялармен толыққанды қамтылған. Дәнекерлеу шеберханаларындағы барлық дәнекерлеу замануи үлгіде студенттерге қолайлы түрде жабдықталыпты.

Қазіргі таңда колледжде 489 студент дәріс алады. Оның 124-і биыл қабылданған. Оқу орнынан түлеп ұшқан студенттердің 65-70 пайызы шартты түрде жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, жоғары оқу орнына тестілеу арқылы грантқа түсуге де мүмкіндік болады екен. Мәселен, былтыр бітірген 179 түлектің 122-і жұмысқа орналасса, 35 жас әскерге аттанған, 22 түлек жоғары оқу орнына түскен. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлер және аудандағы ірі өндіріс орындарымен меморондум жасалған. Мәселен, Шалқия жер асты қазбаларын жүргізуге 4 жылға мердігерлікке отырған “Қытай-Азаматтық-Инженерлік-Құрылыс Корпорациясының” бас директоры Дзянг Хайвен және “Шалқия Цинк LTD” әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ғабит Ғазизқанұлы кәсіптік колледжде болып, екі жақты өзара келіссөз арқылы колледжде оқып жатқан студенттер Шалқия кен орындарынан өндірістік практикадан өтіп, іскерлік тұрғыда шыңдалған. Одан бөлек, бітірушілер көлік қызметі, қыздар тігін шеберханалары мен аспаз қызметінде жұмыс жасауда. Осы оқу орнын бітірген түлектердің тез екі қолға бір күрек тауып, жұмысқа орналасып кетуі, колледж мұғалімдерінің жоғары біліктілігімен сәйкестендіруге болатын сияқты.

Алдағы уақытта оқу орны «Шалқия Цинк LTD»-ға керек мамандықтарын анықтап, жаңа мамандықтар түрін ашу жоспарлауда. Атап айтқанда, тазарту забойының тау-кен жұмысшысы, үңгуші, жер асты тау-кен монтаждаушысы, техник-технолог, маркшейдерлік ісі, пайдалы қазбалар кен орындарын ашық қазу мамандықтары бар.
 

1.jpg
2.jpg

Тағы да оқыңыз: