maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Бүгінде қоғамның басты мәселесінің бірі – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Дегенмен, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірде бірталай жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде бау-бақша дақылдарын егу көлемін арттыру жұмыстары басты назарға алынған. Ол үшін ауыл шаруашылығының мамандары нақты міндет пен межені айқындауы керек. Жыл сайын күрішпен қатар бақша дақылдарының өнімін көбейту маңызды. Яғни, әртараптандыруға басымдық беруді міндеттейді. Бұл жұмыстар Жаңақорған ауданында былтырдан бастап қолға алынған.

Жалпы, аудан бойынша егін шаруасымен айналысатын 485 қожалықтың ішінде 175 шаруашылық күрішке басымдық берілген. Олардың биылғы үлесі 7000 гектарға да жетпеді. Ал бақша бойынша атқарылған жұмыс былтырғымен салыстырғанда едәуір өскен. Дегенмен, әртараптандыруға басымдық беруде атқарылатын жұмыстар жетерлік. Өйткені, бақша өнімдерін өсірудің машақаты күріш егуден екі есе күшті талап етеді екен.

«Биыл Жайылма мен Ақүйік ауылдық округі керіз жүйесі арқылы картоп, көкөніс және бақша дақылдарын орналастыру жұмыстарын қарқынды жүргізді. Тамшылап технологиясы бойынша Талап ауылдық округінде «Қызылорда Агроплюс» ЖШС-де 10 гектар қызанақ егілді. Сол секілді осы технологиямен Сүттіқұдық тұрғындары 4 гектарға бақша дақылдарының дәнін тастады. Жаңбырлатқыш суару технологиясымен Жаңақорған кентінде «Қарақожа-Ата» шаруа қожалығы 15 гектар аумаққа жоңышқа дақылын суарды. Жалпы шығым жоғары нәтижемен қорытындыланды», – деді бас аграном Даурен Абибуллаев.

Былтыр жауын-шашын мен қардың аз түсуі Сыр беткейдегі диқандарға ғана емес, тау беткейдегі малшы қауыммен бірге егіншілерге де оңай тимеген. Қоймалардағы аз жиналған судың салдарынан көкөніс, бақша дақылдарының көлемі азайып кету қаупі туындаған болатын. Бұл тіршілігін егін шаруасымен түзеп келе жатқан елді мекендерге, әсіресе Жайылма ауылының тұрғындарының уайымын арттырды. Бірақ тығырықтан шығудың жолын білетін ауыл еңбеккерлері дәстүрлі ізді қайта жалғап, керіз жүйесін уақыт оздырмай іске қосып, нәтижесінде жақсы өнімге қол жеткізді.

Шыны керек, ауылшаруашылығы саласында тың идея туындаса, ол Жайылмадан шығады. Рас, бірер жыл бұрын қарбыз егудің тәсілдерін үйреніп, шырын шығаруды жолға қойды. Былтыр керіз жүйесін іске қосып, жақсы жетістікке жетті. «Бір ауыл – бір кәсіп» қағидатына сай келетін Жайылма округінде жаңалық аз емес, тек уақыт керек.

Бақша өнімдеріне басымдық беретін ауыл халқы соңғы жылдары мал азығын дайындауға бет бұра бастады. Өйткені, ауылдың екінші тынысы мал шаруасымен тығыз байланысты. Сондықтан сыр беткейге мойын бұрғаннан ауылда өнім өндірген тиімдірек дейді жайылмалықтар.

Иә, тіршілігін егін шаруасымен түйіндеп, нәпақасын Жер-Анадан теріп жүрген дала еңбеккерлері үшін су мәселесі бірінші орындағы түйткіл. Бұл бойынша ауданға арнайы келген «KMF-Демеу» бизнес-тренері Біржан Серіков «Аграрлық нарық пен технологиядағы өзекті жағдай» тақырыбында бірнеше мәселені көтерген болатын. Яғни, аудандағы ахуалды аңғарып, су мәселесін шешудің жол түсіндірді. Дарияға су әкелуден бұрын, егін шаруасын ширатуды күйіттеді. Әлем нарығы мен Қазақстандағы ахуалды салыстырып, саралады.

Екінші мәселе, тамшылатып суару жүйесі. Бұл да тиімді тәсіл. Мұның жемісін ауданда көбіне қызанақ өсіретіндер көруде. Соның тағы бір айқын дәлелі келер жылы ауданға “Қызылордаagroplus» ЖШС өкілдері ауданға арнайы келіп, осында бой көтеретін болашақ жобаларымен таныстырды.

Тәулігіне қуаттылығы 1800 тонна қызанақ өнімін өңдейтін зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жоба 2024 жылы толық іске қосылып, аудан экономикасына тың серпін бермек. Тек аудан ғана емес, Сыр елі үшін ірі жобаның құны 13,5 млрд теңгені құрайды.

«2016 жылы қазіргі Жаманбай батыр ауылдық округінде «COFCO TUNHE» компаниясының агрономдарымен бірге қызанақтың әр түрлі сұрыптарын тәжірибелік отырғызу жүргізілді. Ал 2021 жылы Украина елдерінің агрономдарымен бірлесіп, қызанақтың америкалық және еуропалық селекциялық сұрыптарынан 2 гектар аумаққа 7 түрлі өнім өсірілді. 1 гектарынан 90 тонна қызанақ алынды. Облыс әкімдігі Талап ауылдық округінің жерінен қызанақ өсіру үшін 3 мың гектар, зауыт салу үшін 30 гектар жер бөлді», – деді «Қызылордаagroplus» ЖШС бас директоры Серғазы Исембаев.

Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаевтың сөзінше, Сырдария өзенінің жағасында сорғы станциясын, ұзындығы 2 шақырым болатын 2 су таратқышты, екі су қоймасын, екінші деңгейдегі сорғы станциясын, сондай-ақ, электр беру желілерін салу үшін жоба-сметалық құжаты әзірленген. Барлық инфрақұрылымның құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан қайтадан өткізуге дайындалуда.

Жоңышқа өніміне тоқталсақ, биыл да өңірде былтырғы секілді жоңышқа жақсы өнім беріпті. Ал келер жылға жоспар бұдан да биік дейді жауапты мамандар. 
 

image_bozQuvawy32FqXzE9pRCWB.jpg

Тағы да оқыңыз: