Kyzylorda-news.kz. Былтыр өңірімізде құрғақшылық орын алып облыс бойынша жем-шөп дайындау барысы бірқатар қиындық туғызғаны белгілі. Шаруалар тарапынан және өзге өңірлерден мал азығына сұраныстың артуына байланысты бір бума (пресс) жоңышқа бағасы 1200 теңгеге дейін көтерілгендігі шаруаларды есеңгіретті.
Осы орайда, осы келеңсіз жаңдайларды қайтадан болдырмау мақсатында Жаңақорған ауданы әкімі Мұрат Жолкелдіұлы нақты міндет қойды. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес Сыр өңіріндегі Сырдария өзені арқылы суландырылатын жоңышқалық алқаптардың бірінші орымы басталған сәттен аудан орталығы Жаңақорған кентінде арнайы жем-шөп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі мен ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен Жаңақорған кенті, Құрманғазы Сағырбаев көшесінің бойында бірнеше рет жәрмеңке өткізілді.
Осы жәрмеңкенің нәтижесінде жоңышқа шөбінің әр бумасы 450 теңгеге, ал табиғи шөптің әр бумасы 300 теңгеге дейін арзандаған. Аудан бойынша 2022-2023 жылғы қысқа түсетін шартты мал басы нақтыланып, 182,7 мың теңге шөп, 36,5 мың тонна сабан және 37,1 мың тонна жем дайындау жоспары бекітілсе, қазіргі уақытта 182,5 мың тонна шөп толығымен дайындалған. Сонымен қатар, 36 мың тонна сабан, 34,5 мың тонна жем жиналды.
«Бүгінде, «Сенім» шаруа қожалығында тәулігіне 6 тонна құрама жем дайындау цехы жұмыс жасап тұр. Биылғы жылы жоңышқаның үш орымы мен атыз басындағы және су қашыртқы каналдарының жағасындағы табиғи шөптер түгел орылып, тұтынуға қажеттісінен артығының бәрі жоғарыда келтірілген қолжетімді бағалар негізінде сатылымға шықты. Жем-шөп қажеттілігі бойынша ешқандай мәселе ауданымызда туындап тұрған жоқ», – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
