Kyzylorda-news.kz. Жаңадария ауылы ауданнан шалғай орналасқанымен, шаруасы ширақ елді мекендердің бірі. Бұл ауылда тұратын тұрғындар бақша дақылдарын егуде көпке үлгі қыларлықтай. Аталған ауылдағы «агрико» шаруа қожалығы да 2016 жылдан бері ауылда табысты еңбек етуде. Шаруасы шираған шаруашылықтың тындырымды тірлігімен танысу үшін аудан әкімі еңбек адамдарымен кездесті.

Биыл серіктестік 15 гектар алқапқа жүгерінің «Пионер» сұрпын сепккен. Америкалық дақылдың пісіп-жетілу уақыты – 3 ай. Мұнан бөлек 12 гектар алқапқа қарбыздың франциялық «Кримсон Свит» сұрпын егіп жатыр. Бұл өнімнің пісіп-жетілу уақыты жергілікті қарбыздармен шамалас, яғни 80-85 күннен кейін нарыққа шығаруға болады.

Арман Қайратұлы бұл дақылдардың суды әлдеқайда аз қажет ететінін айтады. Мәселен, күріштің әр гектарына шамамен 36 мың текше метр су кетсе, аталған бақша дақылдарының гектарына 3-3,5 мың текше метр су жеткілікті екен. Оның үстіне өнімділік жағынан да жүгері мен қарбыз еккен тиімді екенін жасырмайды. 

«Күріш жерге себілгеннен жинап алғанға дейін суда тұрады, сон-дықтан ол суды көп қажет етеді. Ал бақша дақылдарының барлығы да суды аз қажет етеді. Оның ішінде біз биыл қолға алған жүгері, қарбыз, жоңышқа өнімдері мүлде суды аз қажет етеді. Бір жағынан өнімділік жағынан да ұтарымыз көп. Сондықтан егінді әртараптандырып, бақша дақылдарына басымдық берген дұрыс. Себебі жылдан-жылға аяқ судың тапшылығын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бақша дақылдарын еккен адамда шығын аз, керісінше кірісі көп болады. Жүгеріні осыған дейін де егіп көргенбіз. Екі жыл бұрын жинап алған өніміміз егіс басынан сатылып кетті. Бұдан жүгеріге сұраныстың көп екенін аңғару қиын емес. Биыл да өнімнің бұл түріне басымдық бергеніміз сондықтан», – дейді серіктестік құрылтайшысы.

Еңбек ұжымы әлі егу жұмыстарын жүргізіп жатыр, осы кездің өзінде мұндағы өнімдерге сұраныс көптеп түсіп жатыр екен. Сондықтан шаруашылық басшысы ала жаздай күтіп-баптаған өнімді нарыққа шығару жағына бас қатырмайтыны анық. Бастысы, дақыл өнімді болса жеткілікті.

«Қазірдің өзінде шаруашылықта ондаған адам жұмыс жасайды, мұнан бөлек уақытында бізге еңбек өнімділігін арттыру үшін тағы көмек қажет болады. Сол тұста тағы да ауылдың бірнеше азаматын маусымдық жұмысқа аламыз. Осыған дейін қауын егіп, оны Ресейге экспортқа шығардық. Мұндағы өнім сапасы жоғары болса керек, әлі күнге дейін ресейлік тұтынушыларымыздан тапсырыс түсіп тұрады. Биыл жүгері мен қарбыз егіп жатырмыз. Алдағы уақытта қауын егуді және оны шет елдерге экспорттауды қайта қолға аламыз», – дейді серіктестік құрылтайшысы Арман Иса. 

Шаруашылықта техникадан мәселе жоқ, себебі серіктестік басшысы техника базасын жаңарту жұмыстарын жыл сайын жүргізеді екен. Биылдың өзінде олар бірнеше озық техника сатып алған. Оның ішінде жерді сүдігерлейтін, алқап тегістігін қамтамасыз ететін бірнеше озық техника бар. Тіпті шаруашылық ұжымы дақылдарды егу жұмыстарын да техникамен жүргізеді. 

Айта кетейік, 2016 жылдан бері аталған серіктестік өнімдері Ресей нарығында сатылымға шыққан. Дәмі тіл үйірер қауындар Мәскеудегі ірі сауда дүкендерінің сөрелерінен орын алған болатын. «Мырзашөл» тұқымдасына жататын «Жиенбай» қауыны ешқандай химиялық қоспасыз күтіп бапталған. Ауылдың теріскейіндегі «Атжайған» алқабын осыған дейін тек мал жайылым ретінде пайдаланғандықтан шөбі шүйгін, жері құнарлы. Сондықтан табиғи таза өнімге Ресей нарығында сұраныс жоғары болды.

2016 жылы шаруа қожалық Ресейге 453 тонна 260 келі қауын, Қыр-ғызстанға 20 тонна қауын, 2017 жылы Ресейге 554 тонна 550 келі қауын, 191 тонна 600 келі тәтті бұрыш экспорттаған. Ал 2018 жылы жеке тұрғындармен бірлесіп, Жаңадария ауылдық округінен 30 гектарға қауын, 4 гектар қарбыз, 1 гектар қызанақ, 1 гектар қияр орналастырған болатын. Дәл осы жылы Ресейге 159 тонна 100 келі қауын, 16 тонна 400 келі тәтті бұрыш экспорттады. Шалғайдағы ауылда осындай тындырымды тірліктің болуы аймағымыз үшін үлкен мақтаныш, әрине. 

«Қауыннан пайда көп, сондықтан алдағы жылдары бұл кәсіпті қайта қолға аламыз. Келер жылы да қауын егіп қалуымыз ғажап емес. Ол кезде тағы да шетелге өнім экспорттауға тура келеді. Ресей, Қырғызстан және басқа да мемлекеттерден тапсырыс мол түседі. Сондықтан алдағы уақытта бұл мүмкіндікті құр жібермеуіміз керек. Бастысы, бақша дақылдарын күтіп-баптауда, оны нарыққа шығаруда тәжірибе бар. Алдағы жылдары қауыннан бөлек басқа да бақша дақылдарына басымдық береміз. Қазірдің өзінде жүгеріге тапсырыс көптеп түсуде. Алдыңғы жылы тұтынушыларымыздың көбісін жүгерімен қамтамасыз ете алмадық. Барлығын бір азамат сатып алып кетті. Алдағы уақытта егіс алқабы ұлғайса, сұраныстың барлығын қамтамасыз етуге жол ашылады деп ойлаймын», – дейді Арман Иса.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Агрико» шаруа қожалығының Жаңа-дарияда 300 гектардай жері бар. Бастысы, еңбек ұжымы оның барлығын тиімді пайдаланып отыр. Негізінен ауылда осындай шаруашылықтардың көптеп құрылғаны дұрыс, себебі бір жағынан шалғай ауылдың тұрғындарына да жұмыс табылады. Екіншіден, елді мекеннің кірісі артып, шаруасы ширайды. Мұнан бөлек аудан әкімінің сапары басқа да бақша дақылдары орналасқан егіс алқаптарында жалғасты. Қазіргі таңда Жаңадария ауылдық округіндегі «Игенбай», «Атжайған» жер учаскелерінде 30 отбасы 45 гектар жерге картоп және басқа да бақша дақылдарын орналастырған. Бұндай ілкімді істер Таң ауылдық округінде де жалғасын тапқан, бүгінде Таңда 25 гектар жерге 55 отбасы бақша дақылдарын орналастырған. 

«Жалқаулықты жеңіп, адал еңбек жолына түскен ауыл тұрғындарының жаз бойы жасаған еңбегінің жемісі тек бір отбасын ғана емес, баға тұрақтылығын сақтай отырып, аудан халқының жергілікті табиғи өнімді тұтынуына мүміндік береді. Мен келгенде айтқанмын, еңбек етемін деген адамды қашанда қолдауға дайынмын. Бүгінгі сапарымда дала жұмыстарымен танысып, еңбек адамдарының шаруасының ширағанын көріп, көңіл сүйсінді. Қазір заман жалқаулықты көтермейді. Міне, осы ретте бақша салып жатқан ауыл азаматтарының жұмысы бәрімізге үлгі болуы тиіс, – деді Асқарбек Темірбекұлы. Расында соңғы жылдары ауданда бақша дақылдарына басымдық берілуде. Мұны біз еңбек етемін деген азаматтарды қолдау шараларымен және жергілікті халықтың еңбексүйгіштігімен байланыстырдық. Бұл сөзімізге дәлел де жоқ емес. Мәселен, жыл басында шалғайдағы Жаңадарияның халқы бақша салуда бірнеше мәселе барын Асқарбек Темірбекұлының назарына салған. Қазіргі таңда оның барлығы шешімін тапты. Болмаса бүгінгідей ауыл халқының шаруасы ширамас еді. 

Биыл ауданда картоп және басқа да бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындалды. Бұл жерлер бақша салуға ниетті отбасыларға үлестіріледі. Бүгінге дейін ауданнан 610 отбасы картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарын орналастыруға ниет білдірген. Жаңадан жер ашу жұмыстары шаруашылықтардың демеушілігімен жүргізілуде. Бұл ретте жер толық дайындалады, оған аяқ су жеткізіледі, сондай-ақ қоршауын да жергілікті әкімдіктің бастамасымен жүргізілуде. Тек тұрғындар еккен өнімінің күтіміне ғана жауапты. Олардан жерді дайындауға, қоршауға, аяқ су жеткізуге ешқандай қаражат болмаса көмек сұралмайды. Бұл бір жағынан өңірде бақша өнімдері бағасының тұрақталуына, тұрғындардың өз-өзін өніммен қамтамасыз етуге үлкен қолғабыс болып отыр. Былтыр да осындай жұмыстар қолға алынған, биыл да игі бастама жалғасын табуда. 

Қазіргі таңда 295 гектар жер дайындалып, 346 отбасыға берілген. Бүгінгі күнге дейін 71 гектар жерге 85 отбасы картоп, бақша дақылдарын орналастырған. Картоп, бақша дақылдарын орналастыруда Жаңадария, Аққұм ауылдық округтері тұрғындарының белсенділігі жоғары.Айта кетейік, бұған дейін аталған серіктестік шалғай ауылда шаруасын ширатып, өз өнімдерін шетелге экспорттаған болатын. Қазіргі таңда «Агрико» ШҚ 30 гектар алқапқа жоңышқа, 12 гектарға қарбыз және 15 гектар алқапқа жүгері егуді бастап кетті. Бүгінде 30 гектар жоңышқа толықтай күтімге алынған. Қазіргі таңда шаруашылық еңбеккерлері жүгері мен қарбыз егу жұмыстарына қарқынмен кіріскен. Серіктестік бүгінде ауылдың ондаған азаматын жұмыспен қамтып отыр.

Тағы да оқыңыз: