Kyzylorda-news.kz. Алдағы екі-үш жылда ауданға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалмақ. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округтерде көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең кезеңімен атқарылады. Бұл жұмыстар бүгінде басталып та кетті. Әсіресе бір емес, бірнеше жоба қолға алынғалы жатқан елді мекендердің қатарында Жаңадария ауылы да бар. Шалғай ауылдың шаруасы ширақ, тірлігі тындырымды. Бұған ауылға сапарлап, жаңа жобалармен танысқанда тағы да көз жеткіздік.

Көптің қуанышын еселейтін ауқымды істер мен жарқын жобалар қолға алынып жатыр екен. Әңгімені осыдан бастайық деген сөзімізді ауыл әкімі де қоштай кетіп, «Әуелі сүйіншілейтін жақсы хабардан бастайын» деді.

– Жаңадария аудан орталығынан шалғай демесеңіз, ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы елді мекен. Өзім осы ауылдың перзенті болғандықтан ауылдың абаттануына, елді мекен халқының әлеуетінің артуына, экономикасының нығаюына жұмыс жасауды күн тәртібіне қойып отырмын. Мұндағы мәселелерді, тұрғындардың талап-тілегін, шешімін табуы керек жұмыстарды да жақсы білемін. Мен назарға алған мәселелердің бірі – аяқсу мәселесі. Аяқсу тапшылығының алдын алу ауыл үшін өте маңызды. Өйткені ауылдағы ағайынның бәрі егін шаруашылығымен айналысады. Егін егіп, алажаздай еңбектеніп, қоңыр күзде өнімінің берекесін көруді әдетке айналдырған. Сондықтан ауыл азаматтарына қолбайлау болатын мәселені ең әуелі қолға алуды жөн көрдік. Әрине, қол жайып отыра берсек, істің нәтижесі болмайтыны белгілі ғой. Сол себептен ауыл тұрғындарының қол көмегімен, асар әдісімен Мүлкілән, Іңкәр каналдарын қазу жұмыстары жүргізілді. 8 шақырым іңкәр каналы қазылып, аяқсу тапшылығына алып келетін барлық кедергілер жойылды. Бұл игі бастамаға мұрындық болған кәсіпкер Кенжебек Ілиясовтың да есімін ерекше атап өтуіміз керек. 

Жол жайына келер болсақ, елу жылдан бері Жаңадарияның ішкі көшелеріне асфальт төселмепті. Былтырдан бастап ауылда жол құрылысы қарқын алып, тұрғындардың талап-тілегі ескеріле бастады. Жол сапасына қатысты басқа мәселелер де назарда тұр. Мәселен, былтыр ауылға алып келетін 17 шақырым жолдың 4,1 шақырымына асфальт төселген. Өткен жылдың соңында тоқтаған жол құрылысы биыл қайта қарқын алып, толықтай жөндеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесін ауыл тұрғындары көріп отыр. енді ауданмен екіортадағы жолда емін-еркін, еш кедергісіз жүре алады. 

Сонымен бірге биыл ауылда балалар ойын алаңы салынады. Мердігер компания осы мамыр айында жұмысын бастайын деп отыр. Бұл ойын алаңы да ауыл балалары үшін жақсы нысан болғалы тұр. Балалардың уақытын тиімді пайдалану үшін осындай орындардың берері көп. Айта кетейін, ойын алаңының бір бөлігі ересек жандар үшін демалатын орын болмақ. Бұл да ауыл халқына жақсы жаңалық деп есептеймін, – деген ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов тағы да бірқатар жаңалықтың шетін тарқатты. 
Рас қой, ауылдың дамуы, оның көгеріп-көктеуі сондағы ағайынның тіршілігіне де серпін береді. Ауыл дамыса ауданның экономикасының көтерілуіне де әсер етеді. Өйткені ауданның даму көрсеткіші ауылдардың әлеуметтік-экономикалық деңгейімен өлшенеді. Ал ауыл дамуына импульс беретін жобалар әрқашан ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Жаңадариялықтарды биыл ауыл орталығынан бой көтеретін 60 орындық балабақша мен мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған сахнаның салынуы қуантпақ. Айта кету керек, балабақша 1-6 жас аралығындағы балаларға мектепке дейінгі тәрбие береді. Яғни ясли балабақша игілікке берілсе тұрғындар тіпті бір жастағы балаларын да осында орналастыра алады. Ал өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеретін мәдени-көпшілік сахнаның да құрылысы көп ұзамай басталмақ. 

Тағы бір жаңалық, ауылда «Ардагерлер саябағы» ашылған. №203 орта мектеп жанынан орын алған саябақ бүгінде толығымен қоршалып, қарықталып, аяқсу келіп тұр. Мұнда енді ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Саябақта қаратал, терек, тіпті жеміс ағаштары отырғызылатын болады. Ауылға кіреберістегі жалғыз соғыс ардагері Ысқақ атамыздың, мектеп жанындағы аяулы ұстаз Ұзақкүл апамыздың және жаңадан ашылған ардагерлер саябағының күтіп-бапталуы қатаң бақылауда екен. Әрқайсысын бір-бір адамның жауапкершілігіне беріп қойыпты ауыл әкімі. 

Айта кету керек, ауылдағы №203 орта мектептің де алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтетініне ауылдағы ағайын дән риза. Ауыл халқының басым көпшілігі осында жұмыс істейді. Мектептің жөндеуді қажет ететіні көрініп-ақ тұр. Көптің тілеуі қабыл болып, білім ошағының қайтадан жаңа қалыпқа енетін күн де күн де алыс емес. Мектеп тарихына шолу жасасақ, кезінде Қазақстанда шөлді-шөлейтті аймақтарды игеру мақсатында мал шаруашылығымен айналысатын көптеген совхоздар құрылғаны белгілі. Олардың қатарында 1964 жылы қазығы қағылған Жаңадария совхозы. Совхоз директоры Ж.Бисариев ел көшіп келе бастағаннан-ақ мектеп жасындағы балаларды оқыту үшін бір бөлмелі бастауыш сынып үйін салдырды. 1964-1965 жылдары бастауыш сыныптық мектеп ашылып, алғашқы ұстаз және директоры Нағым Еспенбетов болып сайланады. Одан кейін келе-келе мектеп сегіз жылдық он бөлмелі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Алғашында бастауыш сыныптық, одан кейін сегіз жылдық, негізгі білім беретін, ал 1970 жылдан бастап орта білім беретін мектеп болды. Бүгінгі таңда аталған білім ошағында талай білім бәйгелерінде топ жарып жүрген білімді оқушылар да, білігімен өзгеден озық тұратын мықты педагогтар да жетерлік. Бастысы, ауданның білім саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған алтын ұяда келешек елдің тұтқасын ұстаз азаматтар тәрбиеленуде.

Сонымен бірге биыл ауылдағы учаскелік полиция инспекторына қызметтік үй беріледі. Оған қазынадан тиісті қаржы қаралған. Қылмыстың алдын алуда, орын алған қылмысты ізін суытпай ашуда тәртіп сақшысының сол ауылда тәулік бойы болуы маңызды. Сондықтан бұл құптарлық бастама деп білеміз. Ал Рауан Ақпанбетовтен сұрағанымызда, ауылдағы ахуалдың тұрақты екенін және ешқандай мал ұрлығы орын алмағанын атап өтті. Дегенмен бұл босаңсуға болады деп сөз емес, тәптіп сақшысына үй берілетін болса, ауылдың қауіпсіздігіне мұнан да жоғары жауапкершілікпен қарап, ұсақ қылмыстың да алдын алуға мүмкіндігі туады. 

Ауылдағы жаңадан бой көтеретін нысандардың орындарын көрсетемін дегесін ауыл әкімімен бірге ауыл көшелерін аралап шықтық. Орталық көшемен жүріп келеміз, ұлы ақынның атындағы ішкі көшеге асфальт төселіп қойған. Бір айта кетерлігі, бұл көше ауылдағы 58 жылдан бері асфальт тө¬селген бірінші көше. Яғни 1964 жылдан бері Жаңадарияның жолдары асфальт көрмеген. 

Жалпы бізге ауылдың екінші тынысы ашылғандай көрінді. Бұған дейін барғанымызда астына ештеңе төселмеген ойын алаңында балалар бұрқыратып доп теуіп жүретін. Қазір ол жерге де жасыл төсеніш жайылған. Барлық көшеге 100 пайыз жарық бағаналары орнатылған, ауыз су жүйесіне 2019 жылы күрделі жөндеу жүріпті. Қазір мұнда жергілікті халықты тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Электр бағаналары да 100 пайыз жаңарып, тоқ тарататын арнайы аппараттары толықтай ауысқан. Ал биылғы жылдың еншісінде Жаңадария, Қ.Сәтбаев көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары тұрса, келер жылы Достық, Мектеп көшелері қолға алынады. Бұған дейін аудан әкімі Асқарбек Есжанов та ауыл ақсақалдарымен кездескенде осы көшелердің сапасына қатысты жұмыстар жасалатынын айтқан еді. Бұйыртса, халықтың талап-тілегін орындайтын күннің де ауылы алыс емес.

Нағыз тіршілікке ыңғайлы жаз мезгілін ұтымды пайдалануды көздеп отырған елді мекендердің бірі – Жаңадария. Ерте көктеммен бірге таласып тынымсыз тірлігіне кіріскен аядай ғана ауылдың тұрғындары да күздігүні мол өнім алып, бейнетінің зейнетін көруді мақсат етіп отыр.

Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі негізінен мал және егін шаруашылығына тәуелді. Ауыл шаруашылығының қос саласында қалыптасқан серпін елді мекеннің еңсесін тіктеуге айтарлықтай қолғабыс болған. Жаңадарияда қазіргі таңда елуге жуық кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Олардың ішінде мал шаруашылығынан бөлек пластик терезе шығаратын шағын цех, тігін шеберханасы секілді өндіріс орындары да бар. Жалпы жергілікті халық бұрынғыдай емес, кәсіпке бетбұруды жөн көреді. Өткен жылы ауыл тұрғындарының бірі 10 млн теңгеден астам мемлекеттік бағдарламамен несие алып, мал шаруашылығы бағытында өз ісін бастап кетіпті. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендер де баршылық. Ал биылғы жылы бір адам қайтарымсыз грант иегері атанса, басқа да түрлі жобалар әзірлеп жатқан тұрғындар көп. 

Сөз басында айтқанымыздай, жаңадариялықтардың басым көпшілігі бақша егумен айналысады. Ауданда да күз мезгілі туғанда «Жаңадарияның қауыны» дегенді жиі естиміз. Өйткені елді мекендердің ішіндегі сапалы әрі уақытылы өнім ұсынатын осы Жаңадария ауылы. Қауыны, қарбызы, басқа да бақша өнімдері ешқандай артық қоспасыз және дәмі тіл үйіргендіктен, көпшіліктің сұранысынан тсүпей келеді. Ал ауыл халқы алажаздай бақша өнімдерін күтіп-баптап, қоңыз күзде мол өнімін жинап, өзінен артылғанын ауданға әкеліп сатады. Осылайша еңбегінің жемісін көріп, нәпақасын айырып та алады. 

Жалпы жүзден аса түтіні бар ауылда көркейту-көгалдандыру, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, саяси ахуалды сақтау, әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірін орындау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ауылда елуден аса шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 25-ке жуығы шаруа қожалығы, 20-ға жуығы мал шаруашылығы және 2 шағын азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетуде. Ал ауыл әкімі қазір жергілікті халық санында өсім барын айтады. Бұрын әр жыл сайын ауылдан 4-5 отбасы қоныс аударса, қазір керісінше халық саны өсу үстінде екен. Өйткені ауылдың инфра¬құрылымы дамыған, кәсіп ашамын дегендерге барлық жағдай қарастырылған, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жоғарылап келеді.

Жаңадариядағы тағы бір игілікті істің бастауы – Алла үйінің бой көтеруі. Бірнеше жыл бұрын халықтың қуанышын еселеп, дәл орталықтан бой көтерген мешіт көп тілегінің бірі еді. Осы уақытқа дейін «Сауап іздегендер, сауап біздің ауылда» дейтін ауыл тұрғындарының арман-тілегі Аллаға жетті. Өйткені мешіті жоқ ауылға мешіт салдыру сауапты істердің ең жақсысы, қайырлысы десек те болатын шығар. 

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген сөз бар. Мешіт құрылысы басталғаннан ауылдың жастары білек сыбана кірісіп, жұмысты лезде аяқтады. Халықтық асар әдісімен бой көтерген Алла үйінің әр тасын қалауда ауыл жастары белсенділік танытты. Жаспын демеді, уақыттарын бос әурешілікпен өткізбеді. Жас та болса, жұдырықтай жұмылып, алдындағы жолбастар ағаларының қасынан табылып, сауапты істе үлгі бола білді. Жаңадария ауылдық округі бойынша қоғамдық және діни ахуал тұрақты. Өзге дін өкілдері, дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалында жүрген азаматтар жоқ. Діни ахуалдың тұрақты болуы да осы ауыл жастарының, жалпы тұрғындардың алауыздықтан ада болуында шығар. Жаңадария ауылында мешіт құрылысын жүргізу үшін арнайы қор құрылып, ауыл тұрғындары және ауыл жастары мен округтен шыққан кәсіпкерлердің демеушілігімен мешіт құрылысы қарқынды жүрді. Мешіттің сыртқы қабырғасының да, күмбезінің түсі – сары, алтын түстес. Күн шапағымен түстес Алла үйінің күмбезі таң азанымен арайлы күннің шуағына шомып, шағылысып, ауыл ажарына көрік береді. Ауыл тұрғындарының санына қарай шағын етіп салынған ғибадат үйі заманауи үлгіде қаланды. Жаңадариялық жамағаттың ғибадат қылуына арналған мешіт «Сары ишан» атымен аталды. Ауыл мешітіне тарихтан белгілі, діни тұлғаның аты берілуі де тегін емес.
Бүгінде Алла үйі ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Мешіт ашылысымен, ауыл молдасы күндіз-түні діни уағыздармен сусындаймын деушілерге уағыз айтуға дайын. Әсіресе бұған дейін қасиетті азанның даусы естілмейтін елді мекенде енді бес уақыт азан шақырылып, жұртшылықты ғибадатқа шақырып тұр. 

Барлық саланы дамытуды үнемі назарда ұстап отырмыз, бастысы елдің тілегіне құлақ түру, игілікке жұмыс істеу деген ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов «Алла қаласа, шама-шарқымызша ауыл тұрғындарын алдағы уақытта да жағымды жаңалықтармен қуанта береміз» дейді. Әсіресе қариялардың батасын алып, жастарға үлгі болуды азаматтық ұстаным деп есептейтін әкімнің ауылды дамыту, өрістетуде алдына жан салмайтынын байқадық. Ауылды толық аралап шығып, барлық атқарылған жұмыспен де таныстырды, алдағы жобалардан да құлағдар етті. Бастысы халық риза.

Тағы да оқыңыз: