Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының Қызылорда қалалық филиалына қарасты «Қызылорда темір жолы» бастауыш партия ұйымында «Бақытты отбасы» жобасы аясында Жаңа жыл мерекесіне орай «Жаңа жыл – Жаңа арман, Жаңа белес!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Басқосуға партияның Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева арнайы қатысып, жиналған қауымды келе жатқан жаңа жылмен құттықтады. Ол өз сөзінде партияның әлеуметтік бағыттағы бастамаларына тоқталып, мұндай игі шаралар ұжымдық бірлікті нығайтып, қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Жиын барысында «Қызылорда темір жолы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Батырхан Базарбаев та сөз алып, жыл бойы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, ұйым мүшелерінің белсенділігі мен ынтымақтастығы партия жұмысының нәтижелі болуына негіз екенін айтты.
Мерекелік шара аясында партия мүшелерінің балаларына Қызылорда қалалық филиалы тарапынан жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Бұл — партияның әлеуметтік жауапкершілік пен отбасылық құндылықтарды қолдауға бағытталған нақты қадамдарының бірі.
