Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаевтың төрағалығымен «Отбасылық цифрлық картасын» өзектендіру мәселесі туралы мәжіліс өтті. Мәжіліске Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Г.Айдарбекова, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы А.Құлмағамбетқызы, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Д.Миліханқызы, сонымен қатар дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.
Келелі жиында сөз алған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Н.Абдрасилов «Отбасылық цифрлық картасын» өзектендіру мәселесі атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Жоғарыда көтерілген мәселе басты назарымызда. Сала мамандары тарапынан көпшілікке «Отбасылық цифрлық картасын» өзектендіру бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта отбасылардың жәрдемақы алуына еш кедергісіз жол ашатын цифрлық бағдарламаның маңызы зор. Біз қай кезде де, отбасылар үшін тиімді бағдарламаларға иек артамыз. «Отбасылық цифрлық картасының» қызметі бірнеше алгоритм бойынша жүргізіледі. Бұл бағдарлама өз нәтижесін берген жағдайда мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар отбасылар мүшесіне тағайындалған жәрдемақы қолжетімді болады», – деді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Н.Абдрасилов.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары сала мамандарымен жүзеге асқан жиында күн тәртібіндегі мәселені талқылады.
«Біз әрбір бағдарламаның халық үшін оңтайлы жұмыс жасауына көңіл аударуымыз керек. Әрбір елді мекен мен Тереңөзек кенті бойынша отбасылардың аталған жүйеге тіркелуін қамтамасыз еткен дұрыс. Себебі, қателіксіз жасалған жұмыста нәтиже болады. Жергілікті халық пайдасын көретін болады. Алдағы уақытта «Отбасылық цифрлық картасын» өзектендіру мәселесі назарымыздан тыс қалмайды», – деді аудан әкімінің орынбасары.
