Kyzylorda-news.kz. Биыл Жалағаш ауданына қарасты көп ауылда игілікті жұмыс басталғалы тұр. Солардың бірі – Есет батыр ауылы. Аламесек ауылдық округі – аудандағы тарихи тамыры терең ауыл. Тіпті өткен ғасырдың отыз-қырықыншы жылдары Аламесек аудан орталығы болыпты. Онда орталық базар мен бірнеше әлеуметтік қызмет көрсету орындары және МТС жұмыс істегені тарихтан белгілі. Қазіргі Аламесек те көп ауылдардың ішінен халқының санымен, ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқындылығымен ерекшеленеді. 

Егін шаруашылығын өркендетіп отырған бірнеше іргелі шаруа қожалықтары бар. Мал шаруашылығы да кеңінен қанат жайып келеді. Олардың алдағы мақсаты – аудан тұрғындарын ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ету. Бір айта кетерлігі, жерге дән тастап, маңдай терінің өтеміне қарай несібесін теріп отырған шаруашылық төрағалары тек қарамағындағы жұмысшыларға айлық жалақысын және науқанның қорытындысы сайын сыйақы берумен ғана шектеліп отырған жоқ. Олар ауылдағы әлеуметтік мәселелерді де үнемі назардан тыс қалдырмай, қаржылай көмек беріп, қолдау көрсетіп келеді. 

Былтыр Есет батыр ауылында бірнеше жарқын жоба жүзеге асып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөленген болатын. Атап айтсақ, «Нағи» шаруа қожалығының төрғасы Серік Дүйсенғазиев және «Ибраев» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Ибарев демеушілікпен балаларға арналған заманауи ойын алаңын салып берген. Бұл былтырғы «Балалар жылы» аясында бүлдіршіндерге жасалған кәделі тарту болды. Сонымен бірге «Нағи» шаруа қожалығы ауыл орталығындағы Өмірбай шешен көшесін абаттандыруды өз жауапкершілігіне алып, жұмысын бастап кеткен. Ал «Қарабура ата-1» шаруа қожалығының төрағасы Дастан Ержанов ауылға кіреберіс көшенің бойына электр жарығын орнатып берсе, «Жаңарық» шаруашылығының төрағасы Ғалымжан Қайырманов осы көшенің бір қапталын абаттандырып, саябақ ашуға ниетті. «Көктөбе» шаруа қожалығының төрағасы Әбдірасулла Әбдәлиев ауыл орталығынан жеке қаржысына тарихи-өлкетану мұражайын салуды жоспарлап отыр. Бұл – ауылдық округ үшін ауыз толтырып айтатын игі іс. Өйткені тарихымызды, мәдени мұраларымызды, ұлттық құндылықтарымызды танып, түгендеу жас ұрпақтың келешегіне жарық түсіреді, жалпы халықтық тәрбиеде де маңызды рөл атқарады. Бұйыртса, мұражайдың құрылысы биыл басталмақ. Ел ішінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндаған ауыл әкімі Дәулеткерей Тәжібаев көркейту-көгалдандыру жұмыстары жылда үздіксіз жүргізілетінін және оған ауыл жастары да өз үлесін қосатынын айтады.

Мемлекетке халықтың денсаулығы мен өмірі аса маңызды. Сондықтан ауылдық елді мекендердің барлығында медициналық қызмет көрсетудің сапасы артып, жұмысы жүйеленуі тиіс. Бұл тұрғыда аталған ауылда биыл игі жұмыс басталғалы тұр. Айта кетейік, Аламесек ауылдық округіндегі емхана ғимараты әбден ескірген. Басы ауырып, балтыры сыздап, дәрігердің алдына баратын ауыл халқы дәлізі мен егу-емдеу бөлмелері тар емхананың жаңаруын күтіп жүргеніне көп уақыт болды. Расында тозығы жеткен ғимараттың ішінде үйлесімді қызмет көрсетіліп, жүйелі жұмыс жүрмейтіні белгілі. Өйткені біз қазір өркениетке бағыт бұрған ел ретінде цифрлы жүйеге көштік. Соның ішінде медицина саласы түгелдей сандық жүйеге өткен. Сондықтан тұрғындардың да, медицина қызметкерлерінің де жоғарыдағы талабы орынды. 

Өткен жылдың соңында ауылдарды аралап, халықпен кездескен аудан әкімі Асқарбек Есжанов, Есет батыр ауылына жасаған сапарында тұрғындарға жақсы жаңалық жеткізген. Биыл ауылда жаңа емхананың құрылысы басталады. Бұл жаңалық тұрғындарды ғана емес, тар жерде тығылысып отырған ауыл дәрігерлерін де бір серпілтті. Сонымен бірге Жалағаш-Есет батыр-Жаңадария ауданаралық автожол құрылысы биыл жалғасын тапты.

Су – өмірдің өзегі. Елімізде халықты ең бірінші кезекте сапалы таза ауыз сумен қамту жұмыстары арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып келе жатқанын білеміз. Аталған ауылда осы жылы ауыз су жүйесі кеңейтіледі. Тарқатып айтсақ, жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан ауылдың сыртқы аймақтарына жаңадан қоныс теуіп, орналасып жатқан тұрғындар үшін ауыз су құбыры жүргізіледі. Қазірде көп ауылдарда электр желілері ескірген. Жауын-шашын болып, жел тұрса, жарық жалп ете қалады. Ал қазіргі заманда халықтың тұрмыс-тіршілігі тікелей электр қуатына тәуелді. Бірақ өз кезеңімен көп ауылдарда бұл мәселе шешімін тауып келеді. Дегенмен жарықты жаңартуды қажет ететін ауылдар бар. Биыл Аламесек ауылдық округінің электр желілері жаңартылады. Жұмыс өз деңгейінде атқарылса, бір мәселенің түйіні тарқатылғалы тұр.

Тағы да оқыңыз: