Kyzylorda-news.kz Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, енді Үкімет тарапынан бағаға бақылау күшейеді. Ол сауда және интеграция министрлігіне азық-түлік қоржынына терең талдау жүргізіп, оның құрамына енетін тауарлардың бағасын тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Қараша айының алғашқы екі аптасында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы өскенімен, кейбір көкөністердің бағасы төмен екені ашық айтылды.
Сауда және интеграция бірінші вице- министрі Айжан Бижанованың мәліметін- ше, картоп бағасының соңғы 4-5 аптада 4,5%-ға қымбаттауына экспорттың қайта жандануы әсер еткен. «Екі айда картоп экспорты 300 мың тоннаны құрады. Ал жақын уақытқа жоспарланған экспорттық келісімшарттар көлемі шамамен 200 мың тонна. Осылайша, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін қауіпсіз болып саналатын 500 мың тонналық жоспарлы шекке жақындап келеміз», – деді А.Бижанова.
Қазір аяқсу мәселесі әлемдік проблемаға айналды. Қазақстанда да бұл түйіткілдің түйіні тарқатылмайтыны ақиқат. Яғни, аяқсудың тапшылығы жылдан-жылға орын ала бермек. Мемлекет басшысы да бұл ақпарды растап, ерте қамдану керектігін айтты. Суды көп қажет ететін Сырдың күрішшілеріне ауыр тигелі тұр. Жыл сайын егілетін күріш көлемін азайту оңай шаруа емес. Дегенмен талап сондай, тәртіп ортақ. Алдағы уақыттың еншісінде әртараптандыруға бет бұрып, бақша дақылдарын көбейту, отандық өнімнің өрісін кеңейту жоспары бар. Ал судың мәселесін шешудің түрлі жолдарын қарастыруда. Газеттің өткен санында қожакенттік Тұрғанбек ақсақалдың жобасы барын айтқан едік. Бүгін сол тақырыпты тарқатып көрейік.
Жалпы Жаңақорғанның оңтүстігіндегі ауылдардың барлығы егінмен тіршілігін түзеп отыр. Басым көбі күріштен нәпақасын тауып, күнін көруде. Көктөбеден Байкенжеге дейін, Төменарық аймағындағы кейбір ауылдар аяқсуға тәуелді. Қазір дариядан еншісін алған бірнеше көлдер мен тоғандар бар. Олардың ішінде кәдеге жарамай, жай көлшік болып қалғандары да жетерлік. Тұрғанбек Асенов сол суларды егістікке маторсыз, яғни ешқандай техникасыз апару жүйесін ойлап тауыпты. Құрылғы қарапайым, барлығы қолдан жасалады. Арнайы трубалар мен олардың арасын жалғайтын пластмассалар және өзіне қажетті тағы да майда-шүйде материалдар керек.
– Қазір зейнет жасындамын, осыдан бірер жыл бұрын түсімде аян бергендей болып, осы бір құрылғы орала берді. Шыны керек, түске еш мән бермедім. Бірақ бұл жағдай бірнеше рет қайталанған соң ойымды жинақтап, осы құрылғыны ойлап таптым. Жасалуы қарапайым, бірақ атқаратын қызметі ауқымды. Әзірге екі данасын егіс басына орнатып, су алу процесіне тәжірибеден өткізіп көрдім. Су тартып тұр, басты артықшылығы – тоқ көзі мен жанар-жағармайды үнемдейміз және бағасы кәдімгі маторлардан он есе арзанға түседі, – дейді жоба авторы.
Шыны керек, мұндай бастамалар бұған дейін де болып жүргені рас. Бірақ ауданда дәл бұлай тереңірек талдап, тиімділігін көрсеткен шаруалар жоқ. Мұны аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев те растап отыр.
– Бәріне мәлім аяқсудың мәселесі күрделі болып тұр. Қазірдің өзінде «Шардарада» су көзі мәз емес. Бізде күріш инженерлік жүйеден өткен алқаптарға ғана орналастырылады. Ротация тәртібімен орналастырылғаннан кейін су көзінен қашық немесе су деңгейінен биік атыздар пайда болады. Ол міндетті түрде орын алады, сол алқаптар ерте көктем кезінде мол суға қанығады. Алайда шілде айының соңы мен тамыз айының басында «Шардарадан» келетін су азайып, су қайту процесі жүреді. Күріштің кемеліне келген кезде су жетіспей қалады, міне осы уақытта Тұрғанбек қарияның ұсынып отырғаны жобасы қажет болады.
– Оның себебі неде?
– Себебі мынада, сол кезде К-1, К-2 немесе өздерінің егіс аралығындағы қашыртқыларға немесе жақын маңда орналасқан көлдерге осы құрылғыны қойып, егістікке су тартуға болады. Бір құрылғы кем дегенде 3-4 атызды су тапшылығынан алып шыға алады. Бұл шаруаларға өте тиімді. Әйтпесе, су тапшылығынан көптеген атызға орақ түспей, рәсуа болатыны бар. Шынында бұл құрылғы керек, егер ағамыз жобаны кеңейтіп, кәсіп көзіне айналдыруға ниеттенсе, біз қолдау білдіруге дайынбыз.
Кейіпкеріміздің құлағы ауырлау естігенімен, ойлау жүйесі ғылыми жобаны жүзеге асырып тұрған қарияның айтары көп емес. Тек аздап қолдау болса болғаны дейді. Біз осы бағытта аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне бас сұғып, мән- жайды түсіндірдік. Жауапты мамандар жоба нақтыланып, бізге құжатын өткізсе, жеңілдетілген несие немесе өзге де жолдарын қарастыруға болатынын алға тартты. Мақала соңында ағамыз тағы бір ұсынысын ортаға салды.
– Қазір тау беткейдегі ауылдар маңынан бес дренаж барын барлығы біледі. Соларды іске қосса деген ұсынысым бар. Егер солардан су ала алсақ, дария деңгейіне сәл болса да әсерін тигізер еді, – дейді.
Жобаның мақсаты мен атқарылатын қызметін түсіндік, енді оны дамыту керектігі расталды. Бастысы, нәпақасын жерден теріп жүрген диқандарға септігін тигізіп, өнімді молайтуға жәрдемші болса болғаны. Қалғанын уақыт көрсете жатады.
Әли ТЕМІРБЕК
Фото: freepik.com
