Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы «Руханият» орталығында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексінің негізгі талаптарын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған жиынды аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жүргізді.
– Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіру, салық салу жүйесіндегі жаңашылдықтарға тоқталу және салық түсімдерінің орындалу барысын талқылау. Жаңа Кодексте салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайтуға және салық салу жүйесін оңтайландыруға бағытталған бірқатар өзгерістер қарастырылған. Сондықтан бұл өзгерістерді аудан аумағында дұрыс түсіндіру және кәсіпкерлердің жаңа талаптарды дұрыс орындауы маңызды, – деді.
Жалпы ауданымызда кейінгі жылдары бюджет және өз кірістерінің орындалуы бойынша оң динамика қалыптасып келеді. 2026 жылға бекітілген ауданның өз кірістері 2025 жылдың жоспарымен салыстырғанда 34,3 пайызға жоғары.
Жиынға Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов арнайы келіп, кәсіпкерлер үшін қарастырылған жеңілдіктер және салықтық әкімшілендіру саласындағы жаңашылдықтар жөнінде түсіндірді.
Сонымен қатар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова жаңа Салық кодексінің нормалары бойынша толық ақпарат берді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан сұрақтар қойылып, туындайтын мәселелер бойынша пікірлер мен ұсыныстар тыңдалды.
– Жаңа Салық кодексінің талаптары мен енгізілген өзгерістерді дұрыс түсініп, оларды тәжірибеде тиімді қолдану баршамыз үшін маңызды екенін атап өткім келеді. Сондықтан бұл мәселелерді назарға алып, салықтық міндеттемелерді уақытылы әрі сапалы орындауға жауапкершілікпен қарау қажет,- деп Диас Асылбекұлы жиынды қорытындылады.

