Kyzylorda-news.kz Республикалық, өңірлік және қалалық коалиция мүшелері Руслан Рүстемов, Гүлшат Мұсаева, Жасұлан Жарасбаев, Жасұлан Алдабергенов және Әліби Басаров «Жастар ресурстық орталығы» ұжымы және белсенді жастармен кездесті. Шараның негізгі мақсаты – жаңа Ата заң жобасының жаңғыру мәнін түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастарды мемлекеттік саясатқа белсенді тарту болды.

Республикалық коалиция мүшесі Руслан Рүстемов жаңа Конституция жобасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол мәлімдегендей, жобаны әзірлеуге білікті заңгерлер мен сарапшылар тартылды. Конституциялық комиссия құрамында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев және барлық өңірлердің мәслихат төрағалары белсенді қатысып, халық мүддесін ескере отырып жұмыс істеген. Жаңа заң жобасында азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қауіпсіздігіне баса назар аударылған. Сонымен қатар, шет мемлекеттерде тиімді деп танылған «Миранда» ережесі де енді Қазақстан азаматтарына қолданылады, бұл құқықтық қорғауды күшейтетін маңызды қадам саналады.

Жаңа Заң жобасын жасау барысында халықтың пікірі ескерілгені айқын көрінді. Мысалы, Шиелілік тұрғынның гимн сөзін әнұран деп ауыстыру туралы ұсынысы қабылданып, жобада өз көрінісін тапты. Бұл халық пікірінің маңызды әрі заң жобасына әсерлі болғанын көрсетеді.

Қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары Гүлшат Мұсаева жастарға заң жобасының мазмұнын түсіндіріп қана қоймай, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік құжаттарға қызығушылықтарын оятуға бағытталған кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті. 

Кездесу барысында жастар заң жобасындағы жаңалықтарға, азаматтардың құқықтарын кеңейтуге және мемлекеттің басқару жүйесін жетілдіруге қатысты сұрақтар қойып, өз пікірлерін ашық айтты. Шара соңында коалиция мүшелері жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістердің басым бөлігі елдің болашағы жастар үшін жасалып отырғандығын атап өтіп, елдің басты құжатын қолдауда жастар өкілдері алдыңғы орында болуы қажеттігін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: