Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл жаңалықты жай ғана кезекті құжат ретінде қабылдау дұрыс болмас еді. Өйткені бұл қоғамның көптен бері айтып жүрген ойы мен үмітінің қағазға түскен нұсқасы. “Халық қаласа, хан да көнеді” деген сөз бар. Осы жолы билік халықтың сөзін естіуге ниет танытып отыр.

Соңғы алты ай бойы бұл мәселе тек сарапшылардың немесе саясаткерлердің арасында ғана емес, қарапайым азаматтардың арасында да талқыланды. Біреу ұсыныс айтты, біреу күмәнін білдірді, енді бірі үнсіз қалмай, өз көзқарасын жеткізді. eGov пен e-Otinish арқылы екі мыңнан астам ұсыныстың түсуі – елдің болашағына бейжай қарамайтын, “ертең не болады?” деп ойлайтын азаматтар бар екенін көрсетеді. “Көптің ақылы – көл” демекші, осы пікірлердің барлығы бір арнаға тоғысып отыр.

Жаңа Конституцияның ең басты жаңалығы – адамға бет бұруы. Бұл жолы мемлекет өзін бірінші орынға қойған жоқ, азаматты алға шығарды. Адамның өмірі, қадір-қасиеті, құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде айқын белгіленді. “Адам – мемлекеттің қазығы” десек, сол қазықтың енді мықтап қағылғанын көріп отырмыз. Бұл қағидат жекелеген баптарда ғана емес, бүкіл Конституцияның рухынан сезіледі.

Қоғамда әділет туралы сөз көп айтылады. Бірақ әділет сөзбен емес, заңмен орнығады. Ұсынылып отырған жаңа Ата Заң осыны түсінгендей. Заң мен тәртіп, жауапкершілік пен адалдық енді ұран емес, нақты қағида ретінде бекітіліп отыр. “Тура биде туған жоқ” дегендей, мемлекет те азаматқа бірдей қарауға ұмтылуы тиіс.

Бұл Конституция мінсіз деп айту қиын шығар. Бірақ оның бағыты анық. Ол қоғамның сұранысына жауап беруге талпынып отыр. Ол билікті емес, халықты ойлауға жақындап келеді. “Ел болам десең, бесігіңді түзе” дейді дана халқымыз. Ал, Конституция - сол бесіктің ең берік тұғыры. Бұл құжат бүгін үшін ғана емес, ертең үшін жазылып отыр. Ертеңгі ұрпақ қандай елде өмір сүреді, қандай заңға сүйенеді - осы сұрақтың жауабы дәл осы жерде жатыр. Сондықтан, жаңа Ата Заңды талқылау – міндет емес, ортақ парыз. Себебі “Заңды құрметтеген елдің өзі де құрметті болады”.

Жаңа Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа келісім. Ол сенімге, әділетке және жауапкершілікке негізделуі тиіс. Егер осы қағидаттар іс жүзінде орындалса, бұл құжат ел дамуының жаңа парағын ашатыны сөзсіз.

Имамзада  Шағыртаев,

Қазақстанның Еңбек Ері

Тағы да оқыңыз: