Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласында өңірлік коалиция өкілдері «Абзал и К» компаниясының қызметкерлерімен кездесті. Онда компания ұжымына жаңа Конституция жобасының мән-маңызын түсіндіріп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Кездесу барысында аумақтық коалиция жетекшісінің орынбасары Гүлшат Мұсаева жаңа Конституция жобасында отбасы құндылықтарына ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Отбасы – қоғамның іргетасы. Ата заң жобасында мемлекет неке мен отбасы институтын қорғауға, ата-ана мен баланың құқықтарын сақтауға ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар, бала тәрбиесі мен отбасы жауапкершілігіне қатысты нормалар нақтыланып, қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталып отыр. Бұл – ел болашағы үшін маңызды қадам, – деді Гүлшат Мұсаева.

Ал коалиция мүшесі Дәурен Сейтжанов жаңа Конституция жобасында кәсіпкерлік пен әлеуметтік саланы дамытуға қатысты бірқатар маңызды өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша жаңа Конституцияда мемлекет кәсіпкерлік бастамаларды қолдап, экономикалық еркіндікті дамытуға жағдай жасауға міндетті екені айқын көрсетілген. Бұл – шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Сонымен қатар, әлеуметтік мемлекет қағидаты күшейтіліп, азаматтардың еңбек ету, әлеуметтік қорғау, білім алу және медициналық қызмет алу құқықтары нақты бекітілген. Мұның барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді ол.

Кездесу барысында компания ұжымына жаңа Конституция жобасындағы әлеуметтік-экономикалық жүйені жаңғырту,мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының теңгерімін нығайту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту бағытында көзделіп отырған нормалар кеңінен таныстырылды.

Өз пікірлерімен ашық бөлісіп, нақты ақпаратқа қанық болған ұжым мүшелері Ата заңдағы еңбек құқығы, әлеуметтік кепілдіктердің нақтылануы бұл – ауыл еңбеккерлері үшін аса маңызды екендігін тілге тиек етіп, жаңа Конституция жобасын еңбек адамын қолдауға бағытталған қадам деп қабылдады. 

Тағы да оқыңыз: