Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жастармен кездесті. «Жаңа Қазақстан – жаңа буын» тақырыбында өткен кездесуде конституциялық реформалар аясындағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуді университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов ашып, құқық қорғау саласының тәжірибелі маманының оқу ордасына арнайы келіп, жастармен пікір алмасуына алғыс білдірді.
Жиын барысында Артур Ластаев Қазақстан Республикасының Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар, омбудсмен институтының қызметі, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ, сот арқылы қорғалу құқығы, жеке басына қол сұғылмаушылық кепілдіктері және азаптауға тыйым салу нормаларының күшейтілгені айтылды.
Жиында «Еркіндік рухы» жастар комиссиясының мүшесі ӘлиИслам Байқадам адам құқықтарын қорғау мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғаммен тиімді байланыс орнату мақсатында эксперттік кеңес, координациялық кеңес, жастар комиссиясы және ғылыми комиссия тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық ұйымдармен және шетелдік серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатып, адам құқықтарын қорғау бастамаларын халықаралық деңгейде қолдайтыны айтылды.
Шара соңында ашық пікірталас ұйымдастырылып, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
