Kyzylorda-news.kz. Полиция қызметкерлерінің міндеті – мызғымас тәртіпті орнықтырып, ел арасындағы тыныштықты ретке келтіру, бір сөзбен айтқанда қоғам игілігіне қызмет ету. Осы жауапкершілік жүгін арқалап, күн-түн демей еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының қызметіне шынайы баға беріліп келеді. Сондай абырой биігінен көрінген қызметкердің бірі  Жандос Жұмабаев.

Жандос Сандыбайұлы өзінің кәсіби біліктілігімен, іскерлігімен жергiлiктi тұрғындардың құрметiне бөленген қарапайым тәртіп сақшысы. Білімі мен тәжірибесі толысқан маман. Қызмет бабында көптеген қылмыстарды ашып, күдіктілерді құрықтаған. Міне, осы еңбекқорлығын ел жоғары бағалайды.

«Негізгі жұмысымыз қылмыспен күрес және қылмтың алдын алу. Осы мақсатта көптеген жұмыстарды атқарып келеміз. Атап айтар болсам, біраз уақыт бұрын Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылындағы мал ұрлығын аштық. Ұрықойшы ауылынан 98 бас қойды қолды қылған. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталды. Одан бөлек, 2020 жылы бірнеше үйден 17 бас сиыр ұрлаған қылмыскерлерді де құрықтадық», – дейді ол.  

Полиция қызметкеріне шикі шешім қабылдап, асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, шынайы қылмыскердің шым-шытырық шырғалаң іздері өте ұқыптылық пен тапқырлықты талап етеді. Сондай-ақ, полиция қызметкері болу қашанда жинақылықты, жедел қимылдауды және тәуліктің кез келген уақытында оқиға орнынан табылуды талап етеді. Олардың қырағы қимылдарының арқасында ғана қылмыс саны азайып, қылмыстардың ашылу көрсеткіші жоғарылайды. 

Жандос та бұл қызметті бала күнінен армандаған. Полиция болып достарымен қылмыскерлерді ұстау ойындарын ойнап өскен. Уақыт өте келе арманы шындыққа айналды. 2002 жылы Шымкент қаласында жоғары білім алып, біліктілігін арттырды. Мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерді. Ал еңбек жолын 2012 жылыҚызылорда облысы Шиелі ауданында учаскелік полиция инспекторыболып бастайды. Қазір Жаңақорған  ауданында  аға жедел уәкіл, полиция майоры.  

«Жаңақорған – халық көп қоныстанған ауданның бірі. Шекаралық аймақ. Тоғыз жолдың торабы. Сондықтан мұнда қылмыс саны да, түрі де көп. Біз уақыт талғамай қызмет етеміз және бұл мен үшін үлкен абырой»  – дейді майор.

Қызмет бабындағы қырағылығымен танылып, абырой биігінен көрініп жүрген полиция майоры басшылық тарапынан көптеген “Алғыс хаттар” мен марапаттарға ие болған. Халықтың алғысына бөленген кездері де аз емес.

Жалпы Жандос бос уақытан спортқа арнайды. Спорт залға барып жастарды түрлі спорттық тәсілдерге бейімдейді. Адал қызметімен танылған абзал азамат отбасында да үлгілі әке.

Тағы да оқыңыз: