Kyzylorda-news.kz. Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған, Жамбыл, Қызылорда облыстарында құқық қорғау басқармасының басшылары мен жоғары лауазым иелері өздерінің қызметтік орнын тастап, қызметтегі жауапкершілігінен заңсыз бас тартқан еді. Осыған қатысты Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров Бас прокуратураның өкіліне, қызметтік орындарын тастап кеткен құқық қорғау органдарына қандай шара қолданылғанын, сондай-ақ ол туралы біздің қоғам қашан нақты білетіні жөнінде сұрақ қойды.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев құқық қорғау органдарының әскери қызметшілерінің қызметтік орындарын тастап кету бойынша биылғы шілдеде заңға тиісті өзгерістер енгізілгенін айтты.
«Сіздер білесіздер Қаңтар айындағы оқиғаларға қатысты, біз ай сайын тиісті ақпарат беріп отырмыз. Сол ақпаратта, қанша қылмыстық іс қозғалғанын, қанша адам жауапқа тартылғаны толық көрсетілген. Егер тиісті ақпарат қажет болса, біз тағыда ұсынамыз. Ал, жалпы сіздің сұрағыңызға жауап беретін болсам, құқық қорғау органдарының, әскери қызметшілердің өз орындарын тастап кету мәселесі бойынша, осы жылдың шілде айында заңға тиісті өзгертулер енгізілді. Яғни адам өміріне қауіп төніп тұрған кезде өз орнын тастап кетуі бойынша қылмыстық кодексте жаңа бап енгізілді. Ондай жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр»,- деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев.

Фото: ашық дереккөзден
