Kyzylorda-news.kz Елімізде коронавирус дертін болдырмауға қажетті ресурстар жеткілікті. Бүгін мемлекеттің бас санитар-дәрігері осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл күндері Қытайдың Ухань қаласында мүлгіген тыныштық орнаған. Айнала жым-жылас. Қоғамдық орындар мен көшелерде қозғалыс шектелген. Тұрғындардың әрбір қадамы бақылауда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай билігіне зор сенім артып отыр. Әзірге індеттің таралу ошағынан адамдарды эвакуациялауға кеңес бермейді.

Елімізге Қытай Халық Республикасынан 6 қаңтардан бері мемлекеттік шекара арқылы 12 мың 610 адам келді. Басым бөлігі – отандастар. Денсаулық сақтау органдары солардың тең жартысына хабарласып, хал-ахуалын сұрап үлгерген. Қытайдан келгендердің 35-і әр түрлі вирусты індеттермен ауруханаға жатқызылды. Коровирус ешбірінен анықталмады. Дегенмен, 8 адамның сынамасы Алматыдағы ұлттық инфекциялық ғылыми орталықта тексеріліп жатыр.

«Қазақстанда коронавирусты болдырмау үшін барлық ресурстар бар. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Ресеймен өзара көмек туралы келістік. Құрметті журналистер сіздерді және блогерлерді кездейсоқ адамдардан сұхбат алмауды сұраймын. Күн сайын фейк хабарламалармен алмасуды доғаруды сұраймыз», – дейді ҚР ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин.

Қытайда ғана емес, әлемнің кез келген мемлекетінде медициналық маска тапшылығы байқалып жатыр. Осыған орай, Ж.Бекшин отандық өндірушілерден қажеттілікті толық өтеуді сұрайды.

Тағы да оқыңыз: