Kyzylorda-news.kz Бүгін Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
– Біздің міндетіміз – Президентіміздің бастамалардың нәтижелі іске асырылуын қамтамасыз ету. Жолдауда айтылған тапсырмалар ауданымызда жоғары деңгейде орындалуы тиіс. Бұл мақсатта барлық ресурстарымызбен күш-жігерімізді жұмылдырып, жұмыстарымызды жедел әрі сапалы түрде ұйымдастыруымыз қажет,- деп айтқан аудан басшысы медициналық ұйымдардағы дәрі-дәрмек қорына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
Аудандық аурухананың мәліметіне сәйкес бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ, қазір тұрғындарға толық сапалы қызмет көрсетіліп келеді. Осы бағыттар бойынша жұмысты жандандарып, өңірлік жоспарлар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар да күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Ауылдардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, күнделікті аралайтын Жандос Еркінбек кент, ауыл әкімдеріне елді мекендердің санитарлық жағдайын, қоғамдық орындар мен көшелерді күтіп ұстау бағытындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Тазалық шарасы бір реттік науқан емес, сондықтан жұмысты тұрақты түрде жүргізу қажеттігі ескертілді.
Күн тәртібіндегі қосымша мәселе – мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың әрдайым өзекті екенін атап өтіп, науқанның белгіленген мерзімде жүргізілуін, тиісті түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылуын тапсырды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша әрбір жауапты басшыға тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
