Kyzylorda-news.kz Соңғы жарты жылда 500-ден астам қазақстандық автокөлік алаяқтарының құрбаны болды. Алаяқтар өздерінің болжамды құрбандарын кепілдендірілген көлік сатып алу арқылы тартады. Бұнымен мәселе тоқтамайды. Тіпті болашақ жәбірленуші кредитті өз атына рәсімдегені үшін «алым» алады. Fingramota.kz соңғы уақытта күннен күнге үдеп бара жатқан ірі автоалаяқтық схемасы жөнінде айтып береді. 

Автопрокат алаяқтығының схемасы

Алаяқтардың ендігі айласы автопрокат түріндегі алаяқтықтың ірі схемасы, онда бір қарыздың сомасы 12 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін жетеді.  

Алаяқтықтың бұл түрі адамдарды тартымды болып көрініп,  төмендегі талаптардан тұрады: 

алаяқтар азаматтарға сенім білдіре отырып, банктік қарыз немесе микрокредит ресімдеу арқылы сатып алынатын автомобильдерді жалға беру түрінде бизнеске қатысуды ұсынады;
бұл ретте алаяқ бастапқы жарнаны төлейді және бірнеше ай бойы автокредит бойынша ай сайынғы төлемдерді жүзеге асырады;
қарызды немесе микрокредитті ресімдеуге келіскені үшін алаяқ азаматтарға ақшалай сыйақы ұсынады;
автокредиттерді өз бетінше ресімдегеннен кейін автокөлік алаяққа тиісті құжаттарды (сенімхат, жалдау шарты) ресімдемей беріледі;
алаяқ біраз уақыттан кейін азаматтар үшін ай сайынғы төлемдерді төлеуді тоқтатады, құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша автомобильдер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылады.
Қарыз/кепіл шарттарына өз қолымен қол қоя отырып, қарыз алушы өзіне Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шарттарда көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайтаруға міндетті міндеттемелерді қабылдайтынын есте ұстаған жөн.

Автокөлік сатып алуға кредит, микрокредит алған кезде кейіннен олардың деректерін ұрлай отырып азаматтарды адастыру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы) және айтарлықтай мерзімге бас бостандығынан айыру жолымен жазаланады.

 Анықтама үшін: Автокөлік құралдарын сатып алуға қаржы берген екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты жүргізілген құжаттамалық тексеру нәтижелері бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) 2022 жылғы наурыздан бастап 2023 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде кредиторлар автокредиттерді басқа қолданыстағы кредиттік міндеттемелер болған кезде, көбінесе қарыз алушылардың кірістерін растаусыз бергенін анықтады. 

Бұл ретте, Агенттіктің алған ақпаратына сәйкес қарыз алушылардың автокредит алу кезінде кредиторлар алдында өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерді орындау үшін табысы жеткіліксіз болған.  

Кредиторлардың бұл бұзушылықтарын алаяқтар бірден өз пайдасына асырады және сенгіш азаматтарды алдайды. 

Алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керек?

Кез келген ұсыныстарға әрдайым сын көзбен қараңыз, мейлі ол сату, автокөлік тасымалдау, қажетті құжаттарды ресімдеу және т.б., әсіресе егер сізге нарықтағы бағадан едәуір төмен бағаға көлік ұсынылған жағдайда абай болған жөн.

Егер сізге автопрокат қызметі үшін гонорар ұсынылса, онда сізге алаяқтар жолықты деп санаңыз.  

 Сізге банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді тиімді шарттармен ресімдеуді ұсынатын делдалдарға сенбеңіз, кредит ресімдеу үшін оларға  ақшалай сыйақы бермеңіз.

Мәміле шарттары өте тиімді болып көрінсе де, кепілақы, аванс немесе автокөлік сатып алу кепілі ретінде ақша аудармаңыз.

Автокөлікті сатып алғанда, сатушыны автоматтандырылған ақпараттық жүйе, сот кабинеті сияқты ашық көздер арқылы тексеріп көріңіз, теріс пікірлердің бар-жоғын тексеру үшін интернет-іздеу жүйелері арқылы сатушының деректерін тексеріңіз.

Қарыздар мен микрокредиттер алу үшін тікелей банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына жүгініңіз. Кез келген кредит – үлкен жауапкершілік екенін әрдайым есте ұстаңыз.

Цифрлық тазалықты сақтаңыз! Бейтаныс адамдарға WhatsApp, Telegram және басқа мессенджерлер арқылы өзіңіз және картаңыз: құпиясөздер, логиндер, кодтар, ЭЦҚ-кілттер және басқа дербес деректер (ЖСН, жеке куәліктің немесе паспорттың нөмірлерін, төлем картасының деректемелерін: картаның артындағы үш таңбалы код (CVV/CVC-код), оның нөмірі, қолданылу мерзімі және т.б.) туралы мәліметтерді бермеңіз. Әлеуметтік желілерде жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңыздың және төлем карталарыңыздың суреттерін жарияламаңыз. Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша вирустық, тыңшы немесе үшінші тұлғаларға сіздің құрылғыңызды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін (мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer) қосымшаларды жүктемеңіз. Фишингтік сілтемелер бойынша өтпеңіз. Күмәнді сайттарда тіркеуден өтпей тұрып, олардың https:/-тан басталуға тиіс мекенжайын тексеріп алыңыз.

Алдау дерегін дәлелдеу, оған қоса қаскүнемдерді іздеп табу кейде құқық қорғау органдарының қолынан келе бермейді. Сондықтан мәміле жасамас бұрын сатушыны мұқият тексеріңіз, төлем жасауға асықпаңыз, егер бір нәрсеге күдіктеніп тұрсаңыз заңгерден консультация алуыңызға болады.


Сақ болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге хабардарлығыңызды арттырыңыз!

 

Тағы да оқыңыз: