Kyzylorda-news.kz Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев Мергенсай ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары аясында Жалаңаш ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекендегі өзекті мәселелер мен тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, Мергенсай ауылдық округінде де бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, жыл басында ауыл тұрғындарының көптен күткен мәселелерінің бірі шешімін тауып, ауылдық округ орталығында 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар аудан орталығымен байланыстыратын маңызды автомобиль жолының алғашқы бөлігін жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, Тастүбек ауылына ауыз су желісі тартылып, елді мекендегі жарықтандыру мен ұялы байланыс мәселелері бойынша да тиісті жұмыстар атқарылды.

Кездесуде тұрғындар жол жөндеу, ауылға газ тарту және электр желілерін жаңғырту мәселелерін көтеріп, оларды шешуге қолдау көрсетуді сұрады.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы әрбір ұсынысқа назар аударып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсініктеме берді. Сондай-ақ мәселелерді шешу мүмкіндіктері қарастырылып, тиісті жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді.
Кездесуден кейін аудан басшысы жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғынның өтінішін тыңдап, оны шешу жолдарын қарастыру жөнінде жауапты сала басшыларына тапсырма берді.

