Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқаны Мемлекеттік әнұранмен басталды. Аудан орталығындағы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі ғимаратында орналасқан №128 сайлау учаскесіне азанымен өз таңдауын жасауға асыққан жалағаштық сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Мемлекеттік әнұран шырқалған бойда сайлаушылар дауыс беруді бастап кетті.

Аталған сайлау учаскесінің төрағасы Еркебұлан Жамалатовтың сөзіне сүйенсек, мұнда барлығы 1637 сайлаушы бар. Саяси науқанда таңғы 7.00-ден бастап сайлаушылар белсенді. Түске таман келушілердің қатары артпаса, бәсеңдеген жоқ.

Айта кетейік, №128 сайлау учаскесінде бірінші болып кент тұрғыны Нұрлан Мұқашов өз таңдауын жасады. Төраға Еркебұлан Сырмағамбетұлы алғашқы сайлаушыға бағалы сыйлығын табыстады. Сондай-ақ өз таңдауын жасауға келген халыққа үлестіретін сыйлығы мұнымен шектелмейтінін де жасырмады.

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов та осында келіп, халықпен бірге өз таңдауын жасады. Мұнан кейін өңір басшысы Асқарбек Темірбекұлы аудан орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеге барып, тауарлар бағасымен танысты.

Айта кетейік, Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген саяси науқан Жалағаш ауданында жоғары деңгейде өтті. Орталық алаңда бірнеше қара үй тігіліп, жергілікті өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама да сайлаушыларға, жалпыхалыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мұнан бөлек аудан орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылған. Онда күріш, картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз, асқабақ сынды 30-ға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрі нарықтан 15-20 пайызға арзан сатылуда. Бас-аяғы жәрмеңкеге 15 млн теңгені құрайтын 50 тонна өнім қойылған.  
Түске таман сапарымыз Ақсу ауылдық округінде жалғасты. Ақсуда барлығы 991 сайлаушы бар. Сағат 11.00-ге дейін олардың 433-і дауыс беріп үлгерді.

Көпшілікпен бірге өз таңдауын жасағандар қатарында Ұлмекен Қапанова да бар. Ауыл тұрғыны саяси науқанда дауыс беру арқылы ауылының, ауданның, аймақтың, қалаберді еліміздің жарқын болашағын құруға өз үлесін қосқанына сенеді.

«Бүгін елмен бірге мен де өз таңдауымды жасадым. Жергілікті ба¬сы-лымдардан кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып шықтым. Енді алдағы уақытта соның барлығы жүзеге асып, өңіріміз өркендеп, еліміз дами берсін деймін. Сайлау жоғары деңгейде өтуде. Бұған дейінгі саяси науқанның ешқайсысынан шет қалған емеспін. Елдің болашағына алаңдайтын кез келген адам сайлауда белсенді болуы керек», – дейді Ұлмекен Бақытжанқызы.

Ауылдан шыққан бойда Жалағаш кентіне қайта оралдық. Әрине барлық сайлау учаскесін аралап, ол жерден жедел ақпарат тарату оңай емес, бірақ редакцияның тілшілер тобы мейлінше сайлау учаскелерінің барлығын қамтуға тырысты.

Әл-фараби атындағы №201 мектеп-лицейі ғимаратына келген жалағаштықтардың көптігінен әлі де аудан жұртының бұл сайлауда белсенділігі басылмағанын аңғару қиын емес. Білім ошағында №131 сайлау учаскесі орналасқан. Төраға Ғабит Ерболұлы таңғы сағат 7.00-ден халықтың мұнда көптеп келіп жатқанын айтады. Ал байқаушы Жансая Теңел сайлау учаскесі жұмысын аяқтағанша ешқандай заң бұзушылықтар орын алмағанын айтады.

«Өзім аталған сайлау учаскесінде байқаушымын. Расында халықтың саяси науқанда белсенділігі анық байқалады. Әрине мемлекет болашағына бейжай қарамайтын кез келген адам сайлаудан шет қалмауы тиіс. Ешқандай заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Сайлаудың әділ, таза өтуіне күш салып жүрген комиссия мүшелерінің де жұмысы көкейге қонымды», – дейді байқаушы Ж.Теңел.

Сейсенбаевтар отбасы да бұл сайлаудың маңыздылығын жақсы біледі. Дәл сол күні отау құрған жастар болашақ үшін және өздерінің келешегі үшін бірге шешім қабылдап, өз таңдауын жасады.

«Бүгін мемлекетім үшін де, отбасым үшін де маңызды күн болып тұр. Саяси науқан қарсаңында аяулы жарыммен шаңырақ көтердім. Қазір тойға қызу дайындық үстіндеміз. Алайда елдің болашағы бәрінен маңызды. Сондықтан ірілі-ұсақты шаруамызды ысырып қойып, аяулы жарыммен бірге өз таңдауымды жасадым. Бұл сайлаудан үлкен үміт күтемін. Ел ішінде тұралаған мәселелер шешімін тауып, жарқын болашаққа нық қадам басатынымызға сенемін. Мемлекет басшысы айтқан жаңа Қазақстанды бірге құрайық», – дейді Бекзат Сейсенбаев.

Кенттегі барлық сайлау учаскесіндегі жағдай осындай, таңнан кешке дейін жалағаштықтардың белсенділігі басылған жоқ десек, артық айтқанымыз болмас. Бұл байқаушы Жансая Теңел айтқандай, жалағаштықтардың мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын аңғартса керек.    

Жалағаш: «Таң ЛТД» ЖШС ұжымы өз таңдауын жасады

Таң ауылындағы №136 сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-де Мемлекеттік Әнұранмен және байқаушылардың қатысуымен ашылды. Таң атысымен Таңда сайлау емес, тура бір Наурыз мерекесі өтетіндей көрінді. Мерекемен тұспа-тұс келгесін бе, халықтың қарасы көп болды. Ауыл ақсақалдары балалары, немерелерімен бірге келіп, өз таңдауын жасауға асыққан.

Ауыл тұрғыны Сегізбаев Көшкенбай ауладағы тіршілігін кейінге қойып, ең бірінші өз таңдауын жасады. Ауылдағы ағайынның да саяси науқанда белсенділігі жоғары. Таңдағы ағайынның бұлай белсенділік танытуы тегін емес. Өйткені елдің, ауданның, ауылдың дамуы үшін өтіп жатқан саяси науқанның маңызы зор екенін әрбір тұрғын жақсы біледі. Сағат 9.30 шамасында сайлау учаскесіне «Таң ЛТД» ЖШС ұжымы өз таңдауын жасауға келді. Бүтін бір ұжымның ауызбіршілікпен науқанға атсалысуы, саяси науқанның маңыздылығын одан бетер аша түсті.

«Барлығымыз еліміз үшін маңызы зор саяси науқанда дауыс бердік. Еліміз әрі қарай дамуы үшін сайлаудың маңызы зор. Бұл тұрғыда Қазақстан азаматы ретінде бәріміздің қатысуымыз маңызды деп ойлаймын. Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің еңгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Мен де Таң ауылының тұрғыны ретінде сайлауда белсенділік таныттым. Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, ел арасындағы мәселелердің шешілетініне сенемін», – дейді «Таң ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Қылышбек Сүлейменов.

Ауылдағы Жарылқасын әже аяғында сырқаты болса да, таң атысымен сайлау учаскесіне бет алған. Ол ауыл азаматтырының маңызды саяси науқанды абыроймен өткізуіне ақ тілегін білдіріп, батасын берді. Қарт кісінің сайлауда белсенділік танытқанына ауыл халқы риза болып, сайлаушыға бағалы сыйлық табысталды.  

Иә, расымен барлық аймақта сайлаушылар белсенділік танытуда. Бұл сайлаудың демократиялық, әділ, таза өтуіне күш салып жүрген комиссия мүшелерінің де жұмысы көкейге қонымды. Ал шығармашылық топтың келесі аялдамасы Мақпалкөл ауылы еді.

Жалағаш ауданында «Ағаш отырғызу» акциясы өтті

Жалағаш ауданына қарасты Мақпалкөл ауылындағы №142 сайлау учаскесі ауыл ақсақалы Қаршыбек Жұмановтың ақ батасымен сайлаушылшыларға есігін айқара ашты. Бірінші болып ауыл тұрғыны Мөлдір Әбжалиева өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесінің төрағасы Еркін Ембергеновтың мәліметінше, ауылда 986 сайлаушы тіркелген. Оның 240-ы сағат 9.00-ге дейін дауыс беріп үлгерген.

Сайлау учаскесінің маңына жақындай бергелі халық санынан ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі, мақпалкөлдік ағайындар бірлік пен бейбітшіліктің қаншалықты қымбат екенін жақсы түсінетіні байқалады. Ауылдық мәдениет үйінің алдына қара үй тігіліп, сайлауға келген азаматтар наурыз көжеден дәм татты. Сондай-ақ әртүрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, ән мен күйден шашу да болды. Тағы бір ерекше айта кететіні, Әліби Бекжанов бастаған «Ер-Әлі» шаруа қожалығының ұжымы бір уақытта өз таңдауларын жасады. Ақегіс маусымының басталып, тірліктің қызған шағында сайлауға уақыт бөліп, белсенділік танытқан ұжым елді сүйсіндірді.

«Байқаймын, халық белсенді. Жастар да өз таңдауын жасап, дауыс беруде. Көзбен көріп, таңдау жасап, көңілім бір серпілді. Ел болашағын айқындайтын саяси науқанға атсалысу – азаматтық парызымыз. Бір шаңырақ астында өмір сүрген соң, алабөтен ойдан аулақ болып, тілекші болуымыз керек. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламасымен де жақсы таныспын. Жалпы, барлығымыздың тілегіміз елдің амандығы мен болашағының жарқын болуы ғой. Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтап, сәттілік тілеймін», – дейді шаруашылық төрағасы Әліби Бекжанов.

Мақпалкөлдіктер саяси науқанда тек дауыс беріп қана қоймай, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтың 125 жылдығына орай ауыл көлемінде 125 көшет отырғызу акциясын өткізіп, сайлаудың көркін қыздырды. Оның ішінде терек те, жеміс-жидек те бар. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін шарада ауыл ақсақалдарынан бастап ойын баласына дейін бой көрсетті. Елді мекен тұрғындарының көктемнің шуақты күнінде ауызбіршілік танытқан берекелі тірлігі қоғамға үлгі болары сөзсіз.

«Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, ұрпаққа мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін қашан да жойған емес. Еліміздің болашағы үшін өтіп жатқан саяси науқанда бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, ауылымыздың көркеюіне үлес қосып жүрген жерлестеріме ризамын. Мен де таңғы шайымды іше сала, қорадағы тірліктерімді ыңғайлап, сайлау учаскесіне бетбұрдым. Иә, расымен кемел келешекке бастайтын әр істің берекелі әрі нәтижелі болары анық. Өйткені жақсылықтың қадамы ұзақ, барар жері алыс деген сөз бар. Еліміз үшін бүгін маңызды күн. Бұл – үлкен мүмкіндік. Сондықтан мұның үлкен өзгерістердің бастамасы екеніне сенеміз. Ал осындай жауапты кезеңде халық өз таңдауын жасаудан құр қалмауы керек. Осындай игі істе үлкендердің батасы мен жастардың қолдауы болса, оң нәтижелерге жетеріміз анық», – дейді ардақты әжеміз Тұрсынай Жәлелова.

Дана халқымыз «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген тәмсілді бекер айтпаса керек. Әрине қоғамда жасыл-желекті күтіп ұстап, көзінің қара шығындай сақтаған жөн. Сол ізбен жалғасқан сара жол қазіргі таңда мақпалкөлдіктердің де басты ұстанымына айналғандай. Ауылдан керемет әсер алған шығармашылық топ мерекелік көңіл-күймен Мәдениетке жол тартты.

Жалағаш ауданы: Ең қарт сайлаушы ақ батасын берді

Елді мекенге кіреберістен ауыл тұрғындарының үйлерінен шығып, ауылдық мәдениет үйіне асыға жол тартқанын байқап, мұндағы белсенділікті бірден түсіндік. Өйткені бәрінің мақсаты саяси науқаннан тыс қалмай, еліміз үшін маңызды сайлауда дауыс беріп, азаматтық позициясын көрсету еді. 

№144 сайлау учаскесі де ауыл ақсақалы Әбзи Елемесовтың ақ батасымен сайлаушыларға есігін айқара ашты. Ауыл тұрғыны Гүлсім Төлегенова өзі қалаған үміткерге дауыс беріп, саяси науқанды бастап берген. Сайлау учаскесі тарапынан алғашқы дауыс беруші, ең жас, егде жастағы сайлаушы, ұйымшыл отбасы, ұйымшыл ұжым деген секілді ынталандыру сыйлықтары да ұйымдастырылған. Сайлау учаскесінің төрағасы Болат Нысанбаевтың айтуынша, ауылдық округ бойынша тіркелген 1083 сайлаушының 363-і сағат 10:00-ге дейін өз таңдауын жасаған. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жылжымалы сайлау жәшігі де қызмет көрсетті.

Бұл жолғы сайлаудың мәні бөлек екенін мәдениеттіктер жақсы түсінген-ді. Оған дәлел, 101 жастағы ең қарт әже Өтеш Маханова да саяси науқаннан тыс қалмай, өз таңдауын жасады.

«Халық оң өзгерістер мен жаңаша бастамалар күтеді. Ел ертеңі үшін мен де өз таңдауымды жасадым. Мемлекетімізде тек татулық пен бейбітшілік болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай», – деді қарт сайлаушы.

Жалағашта көкпаршылар өз таңдауын жасады

Елді мекендердегі қоғамның әрбір мүшесі саяси науқаннан тыс қалғысы жоқ, жарқын болашақ үшін өз таңдауын жасауға ниетті екені белсенділігінен анық байқалды. Соның бірі сайлау сайын сарбаздай сап түзеп, бір келкі киім үлгісімен үлгілі іс жасауға асығатын М.Шәменов ауылының көкпаршылары. Олар дәстүрден жаңылмай, өз таңдауларын жасады. Ауыл халқы ұлттық ойынымызды ұлықтап, атқа қонған азамтарға шексіз алғысын білдірді.

Таңғы сағат 7.00-де басталған ҚР Парламенті Мәжілісі және әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауда халықтың дауыс беру қарқыны кешке дейін бәсеңдемеді. Кенттегі сайлау учаскесіне кешкі сағат 18:30-да барған сәтімізде сайлау учаскелерінде таңдау жасауға мүмкіндігі бар азаматтар әлі де дауыс беріп жатты. Мал баққан шаруадан қоғам тыныштығын күзеткен азаматтарға дейін күндізгі ауысымнан босай сала өздерінің сайлау учаскелеріне барып, ел болашағы үшін белсенділік танытқанына куә болдық. Әрине бұл қоғамдағы әр тұлғаның саяси науқанның мән-маңызын терең түсінетінін көрсетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сындарлы саясатын жүзеге асыруға атсалысып, халық алдында ел ішіндегі мәселесін көтеріп, сөз сабақтауға тәуекел еткен үміткерлерге тек сәттілік тілейміз. Халық сеніміне ие болып, мәслихат мінберіне өткен депутаттар әсіресе ауыл әлеуетіне сергек қарап, еліміздің, оның ішінде өңіріміздің өркендеуіне тамшыдай болса да үлес қосатынына күмәніміз жоқ. Сол себепті барша аудан халқын сайлаға түгел барып, бюллетень салуға шақырамыз», – деген Е.Жүргенбаев  сайлауға келмеген ағайындарға үндеу де жасады.

Нұрмағанбетовтер әулеті сайлауда төбе көрсетті

Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылындағы сайлау учаскесінде сайлаушылар белсенді түрде өз таңдауын жасады. Олардың қатарында сол елдің абыз ақсақалы Қабыланбек Нұрмағанбетов те бар. Бір қызығы, ауыл ақсақалы саяси науқанға барлық отбасы мүшелерімен бірге келіпті. Осындай өнегелі отбасының сайлауда төбе көрсетуі де кейінгі жастарға үлгі. Нұрмағанбетовтер әулеті Ұлыстың Ұлы күнімен тұспа-тұс келген саяси науқанға ұлттық киіммен келіп, мерекенің мән-маңызын арттыра түсті. Біз аялдаған Бұқарбай батыр ауылында ақ түйенің қарны жарылып, тіршілік жаңарып, Жер-Ана бусанып, қазақ халқы үшін жыл басы саналатын Наурыз мерекесінің де лебі сезіліп тұрды.

«Ел ішінде өте маңызды науқан болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау бұл азаматтық парызды орындамау деп ойлаймын. Мен осы жасыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалып не болмаса саяси науқандарда бейжай қарап отырмадым. Өйткені мен үшін елдің ертеңі маңызды. Жалпы бірлік бар жерде тірлік боларын ауылдағы ағайын жақсы біледі. Ел ішіндегі мәселелерді ашық айтып, енді оны алдағы уақытта мәслихат мінберінде көтергісі келетін азаматтарға сенім артуда әр адамның таңдауы шешуші рөл атқаратыны даусыз. Ал осы сайлауда дауыс жинап, ел сенімін арқалайтын азаматқа тек сәттілік тілеймін», – деген Қабыланбек атамыз халық таңдаған азаматтарға артылатын жауапкершілік жүгінің де ауыр екенін жасырмады.

Халықтың жайын ойлайтын, жастардың болашағы үшін қам жейтін қазынакеуде қарияның бірауыз пікірі, өркениетке тағы бір қадам жасалмақ деген салмақты сөзі біздің көңілімізге дем беріп, күш-жігерімізді шыңдады.

Есетбатырлықтар саяси науқанға белсене қатысты

Аламесектік ағайынның да саяси науқанда белсенділігі анық байқалды. Ауылдық клуб ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне жиналған жұрттың қарасы қалың. Бұған дейінгі сайлауларда да шалғай ауылдағы жергілікті тұрғындардың мемлекет болашағына бейжай қарамайтынына бірнеше рет куә болғанбыз. Бұл жолы да ауылдағы ағайынның белсенділігі жоғары болды. Әрине елдің ертеңі үшін дауыс беруге асыққан ауылдағы ағайынның бұл қадамын өнегелі іс деп түйдік. Десе де кейінгі буынға үлгі болған ерекше жағдай аядай ауылдың бірлігін сақтап, елді ынтымаққа шақырған аламесектік абыз ақсақалдардың балалары және немерелерімен саяси науқанда төбе көрсеткені еді.

Ардагер ұстаз Мұрсал Мамытов бүгінгі сайлауға балаларымен қоса немерелерін де ерте келіпті. Түсінген адамға бұл өнегелі іс екені айтпаса да анық. Ауыл мектебінде тарих пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз бұл саяси науқан да болашақ үшін бір тарих екенін айтады.

«Өзім ертеректе тарих пәнінен сабақ бергесін бе, барлығын сонымен байланыстырамын. Расында бұл күндер де ертең тарих болып қалады. Ал тарихты жасайтын тағы да өзіміз. Келешек ұрпаққа өнегелі іс қалдыруымыз керек. Бүгінгі саяси науқанға немерелерімді де ертіп келгенім сондықтан. Олар осы бастан мемлекет болашағына селқос қараудан ада болғаны дұрыс. Кез келген дүниеге терең үңілуіміз керек. Мұның ел болашағы үшін маңызы не? Міне, алдымен осы сауалдың салмағын сезінген адам ғана сайлауда өз таңдауын жасайды. Өзім бұл саяси науқанның мемлекет болашағы үшін аса маңызға ие екенін жақсы білемін. Сондықтан отбасыммен келіп таңдау жасадық», – дейді қазыналы қария.

Айта кетейік, бүгінгі саяси науқанға отбасымен келген ауылдағы ақсақалдар мұнымен шектелмеді. Аламесектегі Абдрасулла Абдалиев, Сүлеймен Тұрсынбаев, Сайлан Дүйсенов пен Әлтай Пірманов сынды қариялар да сайлауда балалары және немерелерімен келіп, өз таңдауын жасады.

Жалағаш: Батыр аналар да ортақ істе белсенді болды

Бұл сайлаудың қазақстандықтар үшін маңызын жоғарыда айттық. Өйткені бұл күн халық қалаулыларына жауапкершілік жүгін артатын күн еді. Бұл тұста жалағаштықтар да бірліктің үлгісін көрсетіп, ертелетіп өздеріне қарасты участіктерге келіп, елге ортақ істен шет қалмады. Біз табан тіреген Еңбектегі сайлау округінің жұмысы да қарқын алған болатын.

Еңсе тіктеген елді мекендегі жұрт Ұлыстың Ұлы күнімен тұспа-тұс келген саяси науқанды ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Әсіресе таңдау жасап, ел ісіне атсалысуға асыққан бір топ алтынқұрсақты ана көрген көзді сүйсіндірді. Отыз жылдық тарихы бар «Батыр аналар» ансамблінің әрбір мүшесі таңдауының маңызды екенін жақсы біледі. «Ел ертеңі үшін жасалған әр істе тек бірлік керек» деген ақжаулық иелері ізгі тілектерін жаудырды.

«Біз жас емеспіз, бірақ қазақ халқының ертеңі үшін, тәуелсіз еліміздің мәңгілік болуына әрбіріміздің қосар үлесіміз бар екенін білеміз. Саяси науқанның маңыздылығын ескергендіктен, барлығымыз бірге дауыс беруге келдік. Алдағы уақытта депутат болып сайланатын азаматтардың барлығы да ел мүддесіне жұмыс істейді деп сенеміз. Мақсат, абырой ортақ болса, кез келген белесті бағындыруға болады. Бұл жолда тек қана сәттілік тілейміз» дейді алтынқұрсақты аналар. 

Иә, төлөнерді дәріптеп, қазақы салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген аналар ансамблінің аудандағы алар орны ерекше. Әсіресе мәдениет саласының көшілгері болуына үлкен үлес қосты. Қазіргі таңда 14 ана “батыр аналардың” осы жолдағы жұмысын жандандырып, өнерді өрге сүйреді. 

Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын батыр ана, ақжаулықты әжелер эстафетасын аталған ауылдың жас 16 батыр анасына  табыс етті. Батыр аналардың жолын жалғастыруды мақсат еткен жас аналардан құралған ансамбль бүгінде өскелең ұрпақты ұлттық үрдісте тәрбиелеу, халыққа қызмет көрсету, ұрпаққа үлгі-өнеге қалдыру жолында аянбай тер төгіп келеді. Аналар ізін жалғаған алтынқұрсақты жас аналар да саяси науқаннан шет қалмады. Анасын ардақтаған ауылдағы тындырымды тірлікке, бірлігі жарасқан берекелі өміріне біз де сүйсініп қайттық.

Айта кету керек, Еңбектегі сайлау учаскесіне батыр аналармен қатар жастар да, орта буын өкілдері де белсенділік танытып, халық қалаулыларын таңдауға асықты. «Саяси науқан жоғары деңгейде өтуде. Көріп отырсыздар, халықтың қарасы көп. Елдің болашағына бейжай қарамағандықтан осы науқанда әр тұрғын өз таңдауын жасады деп ойлаймын. Мен де дауыс бердім. Ел ісін жүзеге асыруда атқа қонатын қай азамат болса да лайықты түрде жұмыс істейді деп есептеймін. Алдағы уақытта ауқымды істер мен жарқын жобалар қолға алынатынына сенімдімін» дейді ауыл тұрғыны. 

Иә, расымен біз аялдаған елді мекендерде бейқам жүрген ешкімді көрмедік. Елдің барлығы учаскелерге асығып, таңдау жасаса, енді бірі Ұлыстың Ұлы күнін атап өтуде. Қазақтың ұлық мерекесімен қатар өткен саяси науқанда да сайлаушылар ұлттық киімде, сән-салтанатымен бой көрсетіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасып жатты. 

Жалпы, ел алдындағы азаматтық борыш таңдау жасаумен шектелмейді. Енді таңдаулылардың өз міндетін тиісті деңгейде атқаруы тұр. Өйткені жауапкершілік жүгі ауыр деген сөз бар. Халықтың сенімін арқалау бәрінен қымбат. Ел болашағы жарқын, келешегі кемел болатынына кәміл сенеміз.

Осылайша сайлау кешкі сағат 20.00-де өз мәресіне жетті. Саяси науқанның абыроймен, ауызбіршілікпен өтуіне өңіріміздің әрбір азаматы жұмыла атсалысты деп айта аламыз. Редакция ұжымы да саяси науқан аяқталғанша сайлау учаскелерінде жүріп, өңір халқына сайлау барысын ақпараттандырды. Ендігі жерде сенім артқан кандидаттар елдің ертеңіне еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын болсын дейміз.

Айта кетейік, кешегі саяси науқанға Қызылорда облысы халқының қатысу деңгейі 67,21 пайызды құрап, республика бойынша көш бастады. Бұл тұтас аймақ жұртының мемлекет болашағына расында бейжай қарамайтынын аңғартса керек.

дддд.jpg
 

Тағы да оқыңыз: