Kyzylorda-news.kz. Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі орталық азия халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында ежелгі замандардан орын алған. Әбу райхан бируни, омар һайям еңбектерінде шығыс халықтарының наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. мысалы парсы тілдес халықтар наурыз мерекесін бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады, бір-біріне гүл сыйлап, түрлі ұлттық жарыстар ұйымдастырады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Әз-Наурыз жыл басы саналған. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Адамдар бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Жарым-жетімдерге қолдау білдірсе, жалғызды үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Сонымен қатар алтыбақан басында ән айтылып, күй де тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар, яғни көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру ойналады.

Өкінішке орай осындай қасиетті мейрам Кеңес өкіметінің тұсында «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылған еді. Бірақ Қазақстанның кейбір аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. Ал 1988 жылдан бастап Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Дәстүр демекші, әдет-ғұрып – әр ұлттың айнасы, сәні мен салтанаты, байлығы, барлығы. Дәстүрі мен ұлттық әдет-ғұрыптары болмай, ұлт еш уақытта ұлт болып танылған емес. Бүгінгі жаһанданудың аждаһадай ашылған аранында жұтылып кетіп жатқан жүздеген ұлттық құндылықтар пен мәдени мұралар өзіміздің ұлттық болмысымызды одан әрі аялай түсуге шақырып тұрғандай. Себебі, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұлттан, ұлттық мәдениеттен бөліп қарап, мәдениеттің әлемдік тұтастығынан ажыратып алу үокен қателік және адасу.

Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта  тәрбиеленген  ұрпақтан, халқымыздың қажеті  мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды» деген сөзі бар. Иә, ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ойындары, фольклоры. Қазақ халқы бұдан кенде емес. Елін, ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде оның ата-тегін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қоса үйреткен жөн. Халық аузында жүрген әрбір мақал-мәтелдің немесе тыйымның, әдет-ғұрыптың өз тәрбиелік мән-мағынасы бар. Бірақ қазіргі жаһандану заманында бұл құндылықтар өз бағасын жоғалтып, өткеннің еншісінде қалып бара жатқандай.

Осы орайда Жалағаш ауданында Қаракеткен, Далдабай ауылдық клубтары және М.Шәменов ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары бірлесіп, Наурыз мейрамы қарсаңында  «Шарғы салу» салтын өткізді. Сонымен қатар қазақтың ұлттық-тағамдары пісіріліп, арнайы наурыз көже де дайындалды.

«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, бір Қазақстанның өзінде әр салт әртүрлі орындалады. Мысалы соңғы кезде ұзатуда қызды шығарып саларда анасы қызына сәукелесін кигізіп жатқанын көріп жүрміз. Тәуелсіздік алған жылдары халықтың жағдайы төмен кезде бұл дәстүр туралы біле бермейтінбіз. Десе де ұлтымыздың санасы жаңғырған сайын бұрынғы игі салттар да қайта жаңғырып, қолданысқа келіп жатыр. Анасы қызына киелі сәукелені кигізген сәттен бастап, оның енді өз еліне қонақ екенін білдірген.

Сол секілді қайтадан өзінің жаңаша сипатын тапқан дәстүрдің бірі – шарғы салу. Талай қазақтың тойы өзге ұлттың қалыңдық гүлін лақтыруымен өткенін білеміз. Қазір бұл дәстүрді өзіміздің ежелден келе жатқан «шарғы салу» дәстүрі алмастырып келеді. Бұл, әрине, көңіл қуантады. Аталған дәстүр бойынша, ұзатылып бара жатқан қыз артынан ерген сіңілісіне немесе жақын құрбысына өзі таққан орамалын сыйлайды. Бұл «ендігі жол сенікі» дегенді білдіреді. Ал қазір қыздар сіңілдері мен жақын құрбыларына ырымдап қолдарына үкі тағып жатады. Бойжеткен қыздардың бір-бірімен қырылып, шаш жұлысып бір гүлге таласқанша, осылай үкі тағынғандары қандай керемет.

«Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр ұлттық болмысымыздың көрінісі деп білемін. Сондықтан келер ұрпақ атадан қалған малды емес, сөзді, дәстүрді қадірлеп, оны ары қарай жаңаша үлгіде түлетсе екен деген тілек бар. Әрине, салтын сақтаған ел ешқашан жойылмайды. Осындай көктемнің шуақты күнінде жас ұрпаққа өнегелі шараларды бүкіл мұсылман халқының жаңа жылдық мейрамы Наурызда ұйымдастырып жатқан аудан басшылығына алғысымыз шексіз. Мейрам құтты болсын», – дейді ауыл ақсақалы.

«Атадан көргенді қайталау ұят емес, оны біліп тұрып істемеу ұят болар» демекші, үлкеннің жолын үлгі, өмірін өнеге етіп өрген өрендер руханиятымызды дамытып, қоржында сақталған байлықтарымызды кеңінен насихаттады. Ұлыстың ұлы күнін тойлау қарсаңында өткізілген «Көне дәстүр күмбезі» атты салт-дәстүрлер фестивалі мерейлі мерекелердің шымылдығы болды десек артық айтқанымыз емес.

Салт-дәстүр жаңғырған күн

Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен таралып, ал бірқатары ұмыт қалып барады. Әсіресе, ұлыстың ұлы күнінде орындалуы тиіс бірер жоралғыларымызды жастар жағы біле бермейді. Жалағаш ауданындағы кешегі өткен «амал» мерекесі аясында осындай салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, бірқатары өнерпаздардың қойылымына арқау болды.

14 наурыз күні Жалағаш ауданының орталық алаңында Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйі, Мәдениет, Аққыр, Жаңаталап ауылдық клубтарының ұйымдастыруымен «Қазық майлау» салты көрсетілді. Қазақ тұрмысында көктемде мал төлдеп, бұзау, құлын байланып, қозы-лақ көгенделіп, мал сауу басталады. Осы уақытта мал иелері желі басына келіп, «Ел тоқ болсын», «Ақ мол болсын», «Мал басы көбейе берсін» деген тілекпен ырымдап төл ноқтасы мен бұршағына, қазығына май жағып, ақ құяды. Мұндай ырымдар жылқыда «Бие бау», басқа малда «Қазық майлау» деп аталады. Көненің ізін жалғаған көнермес салт-дәстүрді көрісу күні аталған ауылдық клубтардың қызметкерлері қайта жаңғыртты. Елдегі молшылықты, татулықты, тұтастық пен бірлікті сақтаған аудан  жұртшылығы қазыналы қарияның ақ батасы мен ақ жаулықты ананың ақ тілегіне бөленді. 

Ерекше сән-салтанатымен, ұлттық нақышта безендірілген орталық алаңдағы киелі сахнаны ауылдық мәдениет үйлерінің өнерпаздары мерекелік көңіл-күймен әсемдей түсті. Ұлттық киімде жасанған өнерпаздардың қойылымдары аясында қазақ халқының салт-дәстүрінің әрбірінің мәні зор екеніне көз жеткізе түстік.  Ал бұрынғы ата-бабаларымыз ақ түйенің қарны жарылған ұлыстың ұлы күні жаңғыратын «Ұйқыашар», «Селтеткізер», «Белкөтерер» сияқты дәстүрлерді біреу білер, біреу білмес. Білгеннің өзінде наурыз тойында шынайылап жаңғыртып жататындар аз. Сонымен бұлар нендей дәстүрлер? Оларды кімдер орындайды? 

Жалпы Наурыз тойын тойлайтын шығыс халықтары үшін 21-нен 22-не қараған түн ерекше. Дәл осы түні таным бойынша күн мен түн теңеліп, осы түні арайлап атқан шуақты күнді алғашқы болып көруді жақсылыққа жорыған халық ұйқысыз өткізетін болған. Әсіресе, жастар жағы ұйқыны ысырып қойып, алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, бір-бірімен ойнап-күліп бастаңғы жасап, ән-жыр айтысады. Ең әуелгісі, жігіттер жағы ұнатқан қызына сөз салып, серігін табуға тырысады екен. Ал, қыздар болса ұнатқан серісіне көңілін сездіру үшін тәтті дәм дайындайды. Оны «Ұйқыашар» деп атайды. Серілер ұйқыашар әзірлеген қыздарға «Селтеткізер» салтын орындап, айна-тарақ, алқа-сырға, шашбау-шолпы секілді бұйымдарды сыйға тартады. Бұдан бөлек, наурызда ұзақ жасаған, көпті көрген, жасы келген қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жеуге ыңғайлап  «Белкөтерер» тағамы дайындалады. 
Тоқсан көремін деген жасым ба еді?
Быламық ішейін деген асым ба еді? – деп баяғы қариялар айтпақшы, бұл тағам әрі жұмсақ, әрі дәмді, нәрі мол қазы, сарымай, жент, қымыз, ақ ірімшік, бал тағы сол сияқты тағамдардан әзірленеді. Жастар жағы үлкендерден батасын алып, ризашылығына бөленіп жатады.  

Міне, осылайша күн мен түннің теңелген шағында, ұлыстың ұлы күнінде әдемі салттарымыз бен әсем дәстүрлеріміз жаңғырып, әз-Наурыз жарасымды жақсылықпен, ерекше ықыласпен тойланады. 

Сонымен бірге бүгінгі күні халық арасында әлі күнге дейін желісін үзбей келе жатқан шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, қыз ұзату секілді салт-дәстүрлеріміз де бар. Мәселен, нәрестенің дүниеге келу құрметіне орай шілдехана тойы жасалады. Бұл салтты елдің кей жерлерінде «шілделік» деп те атайды. «Шілде» сөзі парсының «чел немесе чиль, яғни қырық» сөзінен шыққан. Шілдехананың көне атауы «Шілде күзет» болған. Бұл туылғаннан кейінгі қырық күндік күзет, яғни анасы мен баласын жын-шайтандардан қырық күн бойы күзету деген мағына береді. Алайда, уақыт өте нәрестенің жарық дүние есігін ашуын той жасап атап өту дәстүрге айналған. Бұл тойда баланың бауы берік болсын деп үлкендер жағы ақ тілектерін арнап, бата береді. Мұнан соң, қырық күні толып, қырқынан шығарылып, шашы, тырнағы алынған сәбиді бесікке салады. Оған туған-туыстары жиналып, жасы үлкен, инабатты, жөн білетін, балалы-шағалы болған бәйбішелер «Бесікке салу» рәсімін жасайды. Бесікті келін боп түскен қыздың жұрты әкеледі және екі жақ бір-біріне алғыс, құрмет ретінде білезіктерін тағып, киіттерін кигізеді. Бала бесіктен шығып, еңбектеп, енді қаз баса бастаған кезде «Тұсаукесер» рәсімі өтеді. Бұл өз аяғымен туған жер топырағын басып, айналасына көз тігіп, таң-тамаша болған балдырғанның алғашқы қадамына жасалатын маңызды рәсім. Мұны орындау көбінесе жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті, жақсы қасиеттерімен көпшілік көңілінен шығатын адамға бұйырады. Ол баланың аяғына ала жіп, қылдан ескен шыжым немесе ішек байлап, «Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп тұсауын кеседі. 

Міне, осылайша шынашақтай ғана бүлдіршіннің жер бетіне алғашқы іздері түсіп, тәтті де қызыққа толы жаңа өмірін бастайды. «Тұсаукесер» осы баланың өмір сапарының сәтті болуы үшін жасалатын қазақ халқының ақ адал тілегі, ақжарма көңілі.
Наурыз тойы тойланды.

Дүйім жұртқа естілген ұланасыр той, ұлттық спорт түрлерінен күш сынасқан марғасқа жігіттер, қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер, қазақы салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды айқындайтын көріністер және ән мен күй әуелеген ұлттық нақышта безендірілген сахна. Иә, біз айтып отырған керемет көрініс ұлыстың ұлы күнін атап өткен жалағаштықтардың дүбірлі тойынан еді. 

Мерейлі күні ертемен жалағаштықтар орталық алаңға жиналып, Наурыз тойын бастап кетті. Ұлыстың ұлы күнінде ерекше мейірім мен жақсылық күткен аудан халқы ұлттық киімдерін киіп, қыстан аман-есен шыққанын, аузының аққа тигенін айтысып, бір-бірімен төс қағыстырып, үлкендер кішіге ақ батасын беріп, жастар жағы тиісінше сый-құрметін көрсетті. Ақ түйенің қарны жарылып, күн мен түннің теңелген күнінде елдің абзал азаматтары мен ардагер ақсақалдар, тұрғындар жағалай тігілген киіз үйлерге кіріп, ақ дастарқанға жайғасып, наурыз көжеден дәм татты. Жыл басы әз-Наурыз – табиғаттың оянып, күннің ұзарып, пейілдің түзеліп, салт-дәстүр жаңғыратын ерекше мереке. 21 наурыз күні аудандық мәдениет үйінің өнер-паздары театрландырылған көрініс қойып, жастар алтыбақан теуіп, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, жиылған жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

Құрметті жалағаштықтар, баршаңызды күн мен түннің теңелетін, табиғат түлеп, Жер ана бусанып, адамзатты қуанышқа бөлейтін жылдың ғажап мезгілі – Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ықылым заманнан халықпен бірге жасап келе жатқан, ұлттық құндылықтарымыз бен келбетіміздің жарқырап көрінетін, қазақы болмысымызды айқындайтын тамаша мереке. Атадан балаға тек жақсылығымен ғана жалғасып келе жатқан Наурыз мерекесі адамдардың жүрегіне мейірімділік пен ізгілік нұрын егіп, адамдар бірін-бірі ескінің жаңарып, жаңаның жарқырар күнімен құттықтап, ақ тілектердің ақтарылар күні. Наурыз табиғаттың жаңаруы мен жасаруы десек, бұл күні тал-терек, қызғалдақ пен бәйшешек бүр жарады. 22 наурызда күн мен түн теңеліп, қыс пен жаз мәмілеге келгендей болады. Жердің тоңы жіпсіп, тіршілік оянып, топырақтағы дәнге жан енеді.

Халқымыздағы салт бойынша бар жақсыны қонаққа, мейрамға сақтайтын әдетіміз. Ұлыстың ұлы күні бар дәмдімізді дастарқанға қоямыз, қыстан қалған сүр осы күні қазанға түседі. Бар жаңамызды иығымызға ілеміз, өнерімізді ортаға саламыз. Осы тұрғыдан алғанда Наурыз жай ғана мереке емес, бұл – молшылық мерекесі, бүкіл түркі халқының басын қосатын бірлік мерекесі, береке бастауы. Наурызда ренжіген ағайын төс түйістіріп, көрісіп, бір-бірімен татуласады. Осы орайда Наурызды татулық пен достық мерекесі десек жарасады.

Әдетте жұрт бар жақсысын мейрам күні көрсетеді, жаңасын иығына іледі, дәмдісін дастарқанға қойып, өнерін ортаға салады. Дәл бүгін салт-дәстүрлеріміздің жаңғыратын күні. Мың өліп, мың тірілген тарпаң тағдырлы халқымызды өшіп кетуден, жойылып кетуден сақтап, сан ғасырлар бойы жүрегінде болашаққа деген үміт отын жағып, парасат биігіне жетелеген осы бір ұлық мереке баршаңызға құтты болсын!  

Ендеше, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, отбастарыңызға аманшылық, береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін. Наурыз әрбір шаңыраққа құт-береке, ырысты несібесін алып келсін, – деді өңір басшысы Асқарбек Темірбекұлы.    

Дүбірлі тойға келген жалағаштықтарға өнерпаз, жыраулар жыр-бастауын арнаса, кимешек киген асыл әжелер жамандық пен кесірден аластап, ел ақсақалдары ақ батасын берді. Мұнан соң өңір басшысы Асқарбек Есжанов бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, туған жердің топырағына алғаш аяқ басып, ізін салған, жаңа өмірге қадам басқан сәбилерге ақжарма тілегін айтты. Ұлыс күні жиналған қауым ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, ұмыт қалып бара жатқан әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді бейнелейтін көріністер қойды. 

Татулықты ту еткен ауданның мекемелері мен әр сала бөлімдері «Қаржыгерлер» үйі, «Құрылысшылар» үйі, «Егіншілер» үйі, «Кәсіпкерлер» үйі, «Ұстаздар» үйі, «Жыраулар» үйі, «Денсаулық» үйі секілді ондаған киіз үйде берекелі дастарқанын халық игілігіне жайды. Осы сән-салтанаты келісіп, қаз-қатар тігілген үйлердің бірінде жарапазан айтылса, енді бірінде «Сүйінші сұрау», «Бастаңғы» салттары орындалды. Ал келесі үйде «Ерулік берудің» мән-маңызы айтылса, тағы бірінде тұсаукесер рәсімі көрініс тапты. Сән-салтанаты келіскен киіз үйлердің бірінде «Құда түсу» турасында насихатталса, қыз бен жігіт айтысы да аудан тұрғындарының назарына ұсынылып, өнерпаздар жыр арнады. Ал келесі бірінде жас өнерпаздар өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық билерін билеп, күйшілер қос ішекті домбыра шанағынан төгілте күй орындады. 

Айта кету керек, өңір басшысының қатысуымен орындалған «Тұсаукесер» рәсімі – ғасырлар өткен сайын жанданып келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің бірі. Мәселен, бала бесіктен шығып, еңбектеп, енді қаз баса бастаған кезде «Тұсаукесер» рәсімі өтеді. Бұл – өз аяғымен туған жер топырағын басып, айналасына көз тігіп, таң-тамаша болған балдырғанның алғашқы қадамына жасалатын маңызды рәсім. Мұны орындау көбінесе жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті, жақсы қасиеттерімен көпшілік көңілінен шығатын адамға бұйырады. Ол баланың аяғына ала жіп, қылдан ескен шыжым немесе ішек байлап, «Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп тұсауын кеседі. Міне, осылайша шынашақтай ғана бүлдіршіннің жер бетіне алғашқы іздері түсіп, тәтті де қызыққа толы жаңа өмірін бастайды. «Тұсаукесер» осы баланың өмір сапарының сәтті болуы үшін жасалатын қазақ халқының ақ адал тілегі, ақжарма көңілі. 

Ал бұрынғы ата-бабаларымыз ақ түйенің қарны жарылған ұлыстың ұлы күні жаңғыратын «Ұйқыашар», «Селтеткізер», «Белкөтерер» сияқты дәстүрлерді біреу білер, біреу білмес. Білгеннің өзінде наурыз тойында шынайылап жаңғыртып жататындар аз. 

Наурыз тойын тойлайтын шығыс халықтары үшін 21-інен 22-сіне қараған түн ерекше. Дәл осы түні таным бойынша күн мен түн теңеліп, осы түні арайлап атқан шуақты күнді алғашқы болып көруді жақсылыққа жорыған халық ұйқысыз өткізетін болған. Әсіресе жастар жағы ұйқыны ысырып қойып, алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, бір-бірімен ойнап-күліп бастаңғы жасап, ән-жыр айтысады. Ең әуелгісі, жігіттер жағы ұнатқан қызына сөз салып, серігін табуға тырысады екен. Ал қыздар ұнатқан серісіне көңілін сездіру үшін тәтті дәм дайындайды. Оны «Ұйқыашар» деп атайды. Серілер ұйқыашар әзірлеген қыздарға «Селтеткізер» салтын орындап, айна-тарақ, алқа-сырға, шашбау-шолпы секілді бұйымдарды сыйға тартады. Бұдан бөлек наурызда ұзақ жасаған, көпті көрген, жасы келген қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жеуге ыңғайлап  «Белкөтерер» тағамы дайындалады. 

«Тоқсан көремін деген жасым ба еді?
Быламық ішейін деген асым ба еді?» деп баяғы қариялар айтпақшы, бұл тағам әрі жұмсақ әрі дәмді, нәрі мол қазы, сарымай, жент, қымыз, ақ ірімшік, бал тағы сол сияқты тағамдардан әзірленеді. Жастар жағы үлкендерден батасын алып, ризашылығына бөленіп жатады. Жыл басы жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыстың арқауы, құт-берекенің бастауы ретінде ақ дастарқан бетіне міндетті түрде наурыз көже қойылады. Иә, ұлыстың ұлы күнін дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әр шаңырақта қазан оттан түспей, ұлттық тағамдар әзірленіп, бауырсақ пісіріліп, дастарқан аққа толып, наурыз көже дайындалады. 

Жалпы түркі халықтарының  ұғымында жеті саны қасиетті болғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Қазақ халқы да әу бастан қасиетті сандарға, ырымға ерекше мән бергендіктен, дәстүрлі тағамды әзірлеуде міндетті түрде жеті дәм қосып, дайындалуына аса мән береді. Жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, тоқшылық әкелсін, береке-бірлік пен бақ таймасын деп ниет етеді. Үлкендердің айтуынша, осы күнге жеткен ұлыстың ұлы күнінің дәстүрлі тағамы – наурыз көжені тойып жеген адам жыл бойы тоқшылықта жүреді дейді. Сонымен қатар қазандар наурыз көжеге толып, тұрғындар бір-біріне қонақ болып, жыл басын бірлік пен татулықта қарсы алайық деп ниеттенген. Әйел адамдар өздерімен бірге ыдыс ала жүріп, өзгенің көжесінен өз қазанындағы көжеге құйып, дәм-тұзымыз жарасып, ынтымақ-бірлігіміз артып, көже секілді мидай араласып, дәмді қатынаста болып, ырысымыз жұғысты болсын деген үлкен ұғымды сақтаған. Қарап отырсақ, наурыз көженің де дайындалуында, оның ішілуі мен таратылуында да үлкен халықтық мән жатыр. Дәл осы мереке күні жалағаштықтар да салт-дәстүрлер көрінісіне куә болып, осылайша наурыздың басты тағамы наурыз көжеден де дәм татты.  

Бұдан бөлек ұлттық дәстүрмен қатар қазақтың қанына сіңген ұлттық ойындары да орталық алаң төрінен табылып, кеңінен ұлықталды. Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру, ауыр тас көтеру сияқты спорттық сайыстар өтті.  Жарыс нәтижесінде топтан оза шауып, білектілігін дәлелдеген, мықтылығын көрсеткендер жүлделі орындарды иеленіп, марапат төрінен көрінді.  

Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы болған. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғатпен байланыстырған халқымыз наурызды жақсылықтың бастауы деп білген. Ежелгі тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі  айқындалатын бұл мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. Бір-бірімізге ақ тілек тілеп, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын деп алдағы келер күндерден ырыс пен молшылық, береке-бірлік, татулық пен шынайы мейірімділіктің ыстық ықыласын ақтаратын да осы – Наурыз мейрамы. Қашаннан халқымыз күн мен түннің теңелгенін жақсылыққа жорып, жыл басы деп санаған. 

Наурыз – салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың, ұлттық келбетіміздің жарқырап көрінетін, қазақы болмысымызды айқындайтын мейрам. Бұл күні қолға алынған істе береке болады. Бұл күні сапарға шыққан жолаушының жолы ақ болады. Орталық алаңда тойланған атаулы мейрам барлық болмысымызды ашып, салт-дәстүрлеріміз жаңғырды. Мәре-сәре, азан-қазан, шат-шадыман күйде «Жаңа күнді» қарсы алып, ерекше әсерге бөлендік.  Нағыз қазақтың киіз үйдегі мамыражай өмірі, берекелі тұрмысы, ұлттық ерекшеліктері жанымызды жадыратты.

Ақ түйенің қарны жарылған күн

Наурыз – ежелден келе жатқан Шығыс халықтарының мейрамы. Наурызда күн мен түн теңеледі. Жаңа жылдың басы ретінде ерекше аталып өтеді. Бұл күні қазақ халқы ұлттық нышанның, қазақи болмыстың барлық сән-салтанатын көрсетеді. Биыл Жалағаш ауданындағы Дәуімбай елді мекенінде Наурыз мерекесі «Рәміздер аллеясы» алдында атап өтілді. Елді мекен халқы таң атысымен мерекелік көңіл күймен салтанатты шараны бастап кетті. Еңкейген қарттан ойын баласына дейін сол жерден табылып, Наурыздың көркін келтірді. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов та арнайы тойға қатысып, Дәуімбай елді мекені халқын Наурыз мейрамымен құттықтады. 

«Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Сондықтан ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық. Отанымызға береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін. Бүгінде біздің рухани байлығымыз, материалдық байлықтан да бағалы жәдігер екені белгілі. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық рухымызды көтеріп, елдігіміздің еншісін келтіріп жатқан жомарт азаматтарға алғысымды айтамын», – деді аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы.

Аудан өнерпаздары сахналық көріністер мен ұлттық нақыштағы әндер орындап, күй тартып, би билеп, концерттік бағдарлама қойып, халықтың ықыласына бөленді. Мереке аясында қазақтың ұлттық ойындарынан, атап айтқанда, қазақ күресінен, арқан тартудан, гір тасын көтеру, арқасына қошқар артып, күш сынасу спортынан жарыстар өтіп, Наурыздың сәнін келтірді. Соңғы жылдары Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызды қазақ халқы барынша салт-дәстүрлерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыратындай берік ұстанып, кеңінен пайдаланып келеді. Иә, ата-бабамыздан мұра ретінде қалған салт-дәстүрімізді игі мақсаттарда қолдану, ұмытылып бара жатқандарын қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу – әрбір исі қазақтың міндеті. Көп ескерілмейтін дәстүрлерді біле жүру, жастар арасында насихаттау – артық етпейтін іс. Осы орайда дәуімбайлықтар мерекелік шарада ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерден қойылым қойды. Сонымен қатар елдің азаматы болсын деген ниетпен аудан басшысы бүлдіршіннің тұсауын кесіп, жүрекжарды тілегін білдіріп, ақ батасын берді.

«Қазақ халқының ұлттық дәстүрі – ұлттық рухтың тайқазаны. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жеке адам емес, бүкіл қоғам бірлесіп жасайды. Халық ұлт болып өмір сүруі үшін оның әдет-ғұрып, салт-сана түріндегі ұлттық дәстүрлері болуы қажет. Жер бетінде қазақ деген ұлт болып кеңінен танылуымыз үшін, ұлттық сана сезімімізді оятып, ұмыт болуға таяған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуды міндетім деп біліп, қолға алуымыз керек. Жастарға рахмет, олардың осындай қасиетті мейрамда қазақилықты ұмытпай, ата-бабамыздан жеткен әдет-ғұрыптарымызды дәріптеп, ұлттық ойындарымызды насихаттауы көңілге жылу ұялатты. Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құтты болсын», – деді елді мекен ақсақалы.

Сонымен қатар қазақтың киіз үйі тігіліп, ұлттық тағамдардан келушілерге дәм ұсынылды. Осылайша Дәуімбай тұрғындары биыл Әз-Наурыз мейрамын ерекше атап өтті. Сондай-ақ аудан орталығы мен Дәуімбай елді мекенінде  ғана емес, жер-жердегі ауылдар мен ұжымдарда да Наурыз мейрамы кеңінен тойланды. 

Әз-Наурыз салтанат құрған күн

Қар көбесі сөгіліп, қыс қыр асты. Шығыстан шығып, бір мезетте батысқа құлдилай құлайтын күн кідіріп, тіршілік түлей бастады. Күннің шуағы молайғаны сол, жер де түктеніп, бусанып жатыр. Жер-Ана оянатын бұл мезгілде адамзаттың да ой-санасында жаңару басталады. Күн мен түннің теңелген күнін мұқым мұсылман қауымы ерекше атап өтеді. Бұл күн мыңдаған жылдардан бері біздің санамызда сақталып, дәстүрімізге айналып кеткен. Сондықтан халқымыз жылда Наурыз мерекесін Ұлыстың ұлы күні келеді деп асыға күтеді. Бабалар сенімінде бұл күні баябан даланы Қыдыр кезіп, жаңарудан, жаңғырудан үмітті жандардың барлығына шуақ-шарапатын шашады-мыс. Қыдырдың батасы дарып, киесі қонған адамның бағы артып, байлығы еселенеді. Сол себепті, халқымыз көктем туып, Әз Наурыз келгенде ертемен оянып Алладан амандық сұрап, Қыдырдың шарапатынан құр қалмауға тырысады. 

Биылғы Наурыз мерекесі де Жалағаш ауданында өте жоғары деңгейде аталып өтілді. Наурыз айының ортасынан бастап әрбір ауыл арнайы мерекелік бағдарламалар дайындап, кент орталығындағы алаңға жиылған халыққа көтеріңкі көңіл-күй тарту етті. Ал, 21, 22 наурыз күндері аудан халқы Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Бұл күні ауылдарда да мерекелік шаралар өтіп, ауыл тұрғындары айтулы күнді ерекше атап өтті. Соның бірі – Жалағаш кенті іргесіндегі Ақсу ауылы. 

Бұл күні ақсулықтар ауыл орталығына ақшаңқан екі киіз үй тігіп, көпшілікке арнап қазан көтерді. Таң азанмен тай қазандарда наурыз көже қайнап, ұлттық киім киген ауылдастармен қыс бойы мүлгіп тұрған көшелердің көркі кірді. Ауыл тұрғындары кездескенде жылы амандасып, бір-бірін айқара құшағына қысты. «Ұлыс оң болсын», «ақ мол болсын», «Өкпе-наланың барлығы ескі жылда қалсын», «татулығымыз жарасым тап¬сын» деген ізгі тілектерін жаудырды. Бұл күні бір-бірін алаламайтын балалар мен қарияларымыздың жүзінен тек тәтті татулықты, ымыралы ынтымақты, берекелі бірлікті ғана көксеген мейірім шуағын көрдік. 

Ақсуда өткен Наурыз мерекесіне басқа қалаларға қоныс аударған ауылдың байырғы тұрғындары да қонақ ретінде келіп қатысып, ауылдастарының кемерінен тасыған қуанышын бөлісті. Мерекелік шараны ауыл әкімі Марат Шілдебаев ашып, ауыл халқына жылы лебізін білдірді.

–  Бүгін түркі халықтары үшін ерекше күн. Өйткені, Наурыз мерекесін мыңдаған жылдардан бері қазақ халқынан басқа түбі бір туысқан түркі халықтары да тойлап келе жатыр. Күн мен түннің теңесіп, табиғаттың жаңаратын, тіршіліктің жанданатын бүгінгі күні адамдардың да жүзі нұрға, жүрегі мейірімге толып тұрады. Пәкизат болмыспен Алладан тек жақсылықтар тілейді, бір-біріне оң ниетпен жақсы тілектер айтады. Үлкендеріміз ақ батасын береді және осындай ізгі ниеттердің барлығы Ұлыстың ұлы күні қабыл болады. Ендеше, бүгінгі күн тек қатардағы мереке күні ғана емес, бүгін дүниенің түрленіп, жаңа өмір басталатын күні және жақсылықтан үміт еткен адам баласының шын ықыласымен аңсаған арман-ниетінің орындалатын күні. Бүгін татулығымыз нығайып, бірлігіміз бекитін, ырыс-несібеміз молаятын күн. 

Қадірлі ауылдастар! Сіздерді бүгінгі Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні әрбір шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Отбасымыз аман бол¬сын! Халық болып атқарып жатқан игілікті істеріміз жалғасын тапсын, – деді Марат Тыныштықбайұлы. 

Ертемен мерекеге жиылған Ақсу ауылының тұрғындары алдымен киіз үйлерге кіріп, жеті түрлі ас қосылған наурыз көжеден дәм татты. Ерекше ою-өрнекпен тоқылған басқұр-бауы жарасты киіз үйдің ішіндегі берекелі дастархан және ақсақалдардың тағылымды әңгімелері мен жастардың жарасымды қазақы қалжыңдары ұлттық мерекенің сәнін кіргізді. Одан бөлек, ауыл орталығындағы асханада тұрғындардың барлығына наурыз көже берілді. Наурыздың дәмін дайындауға ауылдағы шаруашылықтардан бөлек, №116 мектеп ұжымы пен Ақсу ауылдық округі әкімшілігі де өз үлестерін қосты. 

Ауыл тұрғындары одан соң ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Ересектер арасында және балалар арасында ұйымдастырылған қазақша күрес мерекенің көрігін қыздыра түсті. Атқа мінсе немесе білегін сыбанып, белін буып топқа кірсе әруақ шақырып арқаланып кететін халықпыз ғой, боз кілемде бақ сынаған палуандарға да көпшілік қиқулап дем беріп тұрды. «Күш атасын танымас», ортаға шыққасын кімде болса намысын қолдан бергісі келмейді. Бұл жерде белдескен палауандардың күшінен бөлек, айла-тәсілі де ерекше маңызға ие. Қара күшке салып тұқыртқандар да болды, машықтанған тәсілімен шалып жығып кеткендер де болды. Күшінен бұрын на¬мысы сынға түсетін палуанға жығылып қалу ауыр. Сондықтан белдескендер жауы¬рыны жер иіскемеу үшін барын салып бақты. Алайда, жарыста жеңіс те, жеңіліс те бар. Көпшілік жеңген палуанға «бәрекелді» айтса, жығылған палуанды да жылы сөзбен жұбатып жатты. Айта кетейік, осы күні «...жығылған палуанға да бәйге берем, адалдығы сезіліп тұрар болса» деп төгіліп түсетін Төлеген ақынның өлеңіндегі шумақты еске түсірдік. «АВ AGRO ORDA» ЖШС құрылтайшысы Абай Боранқұлов жығылған палуандарға да құрмет көрсетіп, ынталандыру мақсатында қаржылай сыйлық берді. 

Қазақша күрестен бөлек, гір тасын көтеруден, қол күрес және арқан тартыс жарыстары да қызықты өтті. Айта кетейік, бұл аталған ауылда бұқаралық спорт бұрыннан дамыған. Ауыл тұрғындары бы¬лайғы күндері де бұқаралық спорт жарыс-тарына белсенді түрде қатысады. Жастар 24 келі тартатын гір тасын ұршықша иірсе, қол күресі мен арқан тартудан әйелдер де қалыс қалмай, өздерінің қарымдарын байқатты. 

Одан соң ауыл халқы мерекелік концертті тамашалады. Ауылдық клуб қызметкерлері дайындаған сахналық қойы¬лымда Наурыз мерекесінің мән-маңызы мен қадір-қасиеті ашып көрсетілді. Осы атаулы күні аймаққа танымал «Асыл әжелер» ансамблі өнер көрсетіп, мерекенің ажарын айшықтады. Ауыл жастары мен мектеп оқушылары ауыл аспанын ән-жырмен тербетті. Ұлыс күні ауылдың қадір-менді қариясы, абыройлы ақсақалы Серік Балымбетов көпшілікке наурыз батасын берді. Наурыз мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне «АВ AGRO ORDA» ЖШС, «Сәрке батыр» ЖШС және «Талап», «Мақсат», «Ақсу» секілді шаруашылықтар қаржылай демеушілік жасады. Сонымен бірге аталған шаруашылықтар спорттық сайыстардың жеңімпаздарына қаржылай сыйлық тапсырды. 

Арқан тарту сайысынан «Он там» командасы І орынды иеленсе, ауылдық әкімшілік ұжымынан құралған команда ІІ орынды жеңіп алды. Ал, ІІІ орын ауылдық клуб ұжымынан құралған командаға бұйырды. Жоғары салмақ бойынша қазақ күресінен І орынды Дәулет Бейсенбаев, ІІ орынды Ұласхан Алпысбай, ІІІ орынды Нұржан Мусахан иеленді. Оқушылар арасындағы қазақ күресінен І орынды Нұрдәулет Әлтай, ІІ орынды Тәукехан Кіребай, ІІІ орынды Нұржан Әбілда иеленді. Сондай-ақ гір тасын көтеруден І орынды Данияр Байсақалов жеңіп алса, ІІ орынды Нұржан Байсақалов, ІІІ орын¬ды Айдос Елеусінов иеленді. Қол күре¬сінен ерлер арасында Назбек Сұлтан І орынды, Ұласхан Алпысбай ІІ орынды, Ғалымжан Дайрабаев ІІІ орынды иленді. Әйелдер арасында өткен қол күресінен І орынды Айнұр Оразбаева, ІІ орынды Роза Жакипова, ІІІ орынды Жәмила Шүйішбаева иеленді. Ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, жастарды спортқа баулып жүрген спорт нұсқаушы Нұржан Мусахан спорттық шараларды ұйым¬дастырып, сайыстарға төрелік етті.

Наурыз – жақсылықтың жаршысы

Көктем мезгілінің көркем, ұлағаты мол мерекесі – Наурыз мейрамы. Халқымыздың ерте замандардан бастап дәстүріне енген бұл мереке еліміз тәуелсіздік туын көтергеннен кейін қайта жаңғырып, Қазақстан халқының ортақ мерейлі мерекесіне түрленіп, кең көлемде тойланып келеді.

Наурыз мерекесі қазақ халқы үшін – өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, ағайын-жұртты бір-бірімен табыстыратын қасиетті мейрам. Қазақстан деген қасиеті шаңырақтың астында жарқын болашаққа нық қадам басып келе жатқан әрбір қазақстандықтың бір-біріне достық пейілмен ыстық лебізін жеткізіп, ақсақалдар бата беріп, ақ тілегін ақтарады. Сондай-ақ  ізгі ниеттегі әрбір жанашыр жан мүжәлсіз жандарға қайырымдылық жасап, көмек беріп, мейірім шуағын төгіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. 

Бүгінгі таңда шығыс халықтарының жаңа жылы әз-Наурыз шын мәніндегі халықтық мерекеге айналып, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар молынан көрініс тауып келеді. Осы орайда Жалағаш ауданында да наурыз мерекесі сән-салтанатымен кең көлемде атап өтілді. Өңірдің түкпір-түкпірінде, аудан орталығында және де елді мекендерде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, халқымыздың тарихынан сыр шертетін көрмелер ұйымдастырылды. Ауызбіршілігі жарасқан жаңадариялықтар да Әз-наурыз мерекесін биыл өте жоғары деңгейде атап өтті.

Таң атысымен Жаңадариядағы жастар киіз үй тігіп, алтыбақан теуіп, мейрамды тойлауды ерте бастап кетсе, ауылдың қыз-келіншектері қазақтың дәстүрлі киімдерін киіп, мерекенің басты тағамы наурыз көже пісіруге кіріскен. Татулық пен меймандостықты ту еткен мейрам Жаңадария ауылының әкімі Р.Ақпанбетов елді мекен тұрғындарын Ұлыс күнімен құттықтауымен және ауыл ақсақалы мен имамның батасымен басталды.

– Күн менен түн теңеліп, тіршілік атаулы оянып, айнала қуанышқа бөленетін Ұлыстың ұлы күні – жыл бастауы әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын! Көктің тынысына құлақ түріп, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз үшін Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың бастауы. Біз де осы дәстүрден жаңылмай жыл сайын төл мерекемізді сән-салтанатымен қарсы алып келеміз. Жалпы, биыл ауданымыз бен ауылымыз үшін табысты, берекелі жыл болады деген үлкен сенім бар. Күні кеше ғана еліміз үшін саяси маңызға ие Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында абыроймен өткізіп, өңіріміз халықтың белсенділігі жөнінен алдыңғы қатарда болды. Бұл дегеніміз ауыл халқының ауызбіршілігі жарасқан, берекелі мекен екенін анық көрсетті. Қастерлі мереке құтты болсын, отбастарыңызға шат көңіл, қуаныш тілеймін, – деді ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов.

Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта  тәрбиеленген  ұрпақтан, халқымыздың қажеті  мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды» деген сөзі бар. Иә, ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ойындары, фольклоры. Қазақ халқы бұдан кенде емес екенін жаңадариялықтардың Наурыз мейрамын тойлауынан байқауға болады. 

Мерекені тамашалауға келген ауылдықтарға қыз-келіншектер пісірген наурыз көжелер таратылып, дастарқан жайылды. Сахнада наурыз мейрамының мәнін ашатын қойылымдар сахналанып, әуезді ән шырқалып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұдан бөлек балаларға арналған ойын алаңшалары қойылып, балалар шаттыққа бөленді. Сондай-ақ мазмұнды мейрамның мәртебесін арттыратын тарихи-мәдени мұралар көпшілік назарына ұсынылды. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, мейрамның көркін қыздырды. Әртүрлі салмақта белдескен балуандар қазақ күресі бойынша өзара мықтыны анықтады. 

Көше сайысы ұйымдастырылып, ауыл халқы сол ойынға белсене қатысты. Көше сайысына өздерін таныстыру, қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар көнеден келе жатқан үй бұйымдарынан көрме және қазақи нақыштағы киімді насихаттау секілді талаптар қойылды.

Сонымен қатар арқан тартыс, ер және әйелдер арасындағы қол күреспен қатар гір тасын көтеру сайыстары да болды. Жеңімпаздар мен сайысқа қатысушылар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Бұл мереке адамдардың ұлтына, дініне қарамай біріктіретін мейрам. Жаңадария ауылы тарихы тереңде жатқан, бірлігі жарасқан берекелі мекен. Бүгінде мереке осындай деңгейде тойланып жатқанына қуаныштымын. Ұйымдастырып жатқан ауыл азаматтарына алғысымыз шексіз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол, ырыс-берекеміз тұрақты болсын!» – дейді ауыл тұрғыны. Осылайша үлкенін құрметтеп, кішісіне ізеттік танытқан, қыз балаларын сыйлап, ата-бабамыздан қалған дара жолды жалғастыра білген жаңадариялықтар береке мен бірліктің мекенінде өмір сүріп жатқанын тағы бір дәлелдегендей болды.

Мерекелік шара соңында ауыл жастары қалып, өзара топтарға бөлініп кіші футболдан сайысты бастап кетті.
 

Тағы да оқыңыз: