Kyzylorda-news.kz.  Ең ауқымды өндірістерден бөлек облыс тұрғындары шағын кәсіп бастап, өндіріс нарығына өз өнімдерін шығара бастады. Біз бірнеше ерекше өнім өндіріп отырған жерлестерімізге тоқтала кеткенді құп көрдік.

Жалағаш ауданының тұрғыны өңірдегі тың кәсіпті мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алды. Асхат Ермекбаев еуропалық стандарттарға сәйкес өнім өндіреді. Нарықта сапасы жоғары бола тұра бағасы қолайлы антифриздер болмағандықтан, кәсіпкер осы өндірісті ашуға білек сыбана кіріскен.

Кәсіпкердің шағын кәсіпорнында SinPro сауда белгісімен тосол, антифриз тәрізді суыққа төзімді сұйықтықтар шығарылады. Кәсіпорында автокөліктерге арналған этиленгликоль негізіндегі антифриз, тосол, салқындатқыш шығарылады және алғашқы отандық өндіруші болып саналады. Кәсіпорында күніне 1000 литр антифриз өндіріледі.

Антифриздер – төмен температураға шыдас беретін салқындатқыш сұйықтықтар. Мұндай өнімдер бензин және дизель қозғалтқыштарының салқындату жүйесіне қолдану үшін жасалған, яғни, салқындату жүйесінде қату, коррозия, қызу және қақтың пайда болуының алдын алады. Ең бастысы – бұл өнімдерді көлік құралы мен жылу алмастырғыш агрегаттардың эксплуатация нұсқаулығына сәйкес пайдалану керек.

Өндірісте 5 адам жұмыс істейді. Шетелдік брендтер тарапынан бәсекелестікке қарамастан аталған компания өнімдері жоғары сапалы сипаттамаларының арқасында автохимиялық өнімдердің бөлшек сауда нарығында өз орнын табуда. Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін және өнім түрлерін ұлғайтуды жоспарлауда. Десе де несие алып айналым капиталын толықтыру қажет.

 Мамандығым химик-технолог болғаннан кейін, өзіме осы өндірістің түрі жақын болды. Бұл іске өз қаражатымды салып әрі мемлекеттен қосымша қолдау таптым. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде. 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Одан бөлек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 6 пайыз мөлшеріндегі кепілдік арқасында 6 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткіздік. Осылайша, мемлекеттің қолдауы біздің дамуымызға және өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыруға қомақты септігін тигізіп келеді, – дейді кәсіпорын басшысы Асхат Ермекбаев.

Бұл өнім қозғалтқыштарды тиімді салқындатуды, металдар мен қорытпалардың барлық түрлерін коррозиядан және кавитациядан жоғары тиімділікпен қорғауды қамтамасыз етеді. Қоршаған орта температурасының -40-тан +50-ге дейінгі диапазонында пайдалану үшін ұсынылады.

 

 

Тағы да оқыңыз: