Жуырда республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне Жомарт Оспанның «Ескерусіз қалған ерлер» атты мақаласы шықты. Автор келер жылы екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толатынын және осы мерейтойды өз деңгейінде атап өту үшін дайындық жұмыстары қазірден басталып, жоспарлы, жүйелі түрде жүргізілгені жөн екенін тілге тиек еткен. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзін де тиімді қолданған. Қазақстан Президенті: «Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді», деп атап өткен еді. Ел газеті «Егемен Қазақстанға» жарияланған мақалада Жомарт Оспан екінші дүниежүзілік соғыста айрықша қаһармандығымен, ерекше батырлығымен дараланып, Кеңес одағының батыры атағына ұсынылған, бірақ белгісіз себептермен әлгі атақты алмаған ерлер жайлы сөз қозғап, лайықты құрмет көрсетсек деген ниет білдіріпті.  Ақындардың елі, батырлардың жері саналатын Қызылорда облысынан да осы сұрапыл соғысқа қатысқандар аз емес. Тіпті батыр атағына ұсынылған, барлық құжатына қол қойылған, бірақ сол атақты алып үлгермей бақилық болып кеткен Жалағаштың Ернияз Сәтовтей азаматы бар еді. Сол қаһарманымыз, Жалағаштан шыққан Кеңес одағының батыры елеусіз, ескерусіз қалып бара жатқан сияқты. 


Мәселенің мәнісі түсінікті болуы үшін бар жайды ашық баяндайық. Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2019 жылдың қазан айында майдангер Ернияз Сәтов хақында мақала жазған едім. Ол кезде аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы кезіміз.  Сол тұста, күздің керемет күнінде мақалаға арқау болған майдангер жайлы ақпарат берген екі кісімен  жолықтым. Есігімді қағып: “Рұқсат па” деп, жас шамасы 70-тен асқан ана мен 50-дің үстіндегі жігіт ағасы жұмыс бөлмеме кірді. Сырттан адам келсе орнымнан тұрып күтіп алатын әдедім. “Кіріңіздер” деп отырғызып, келген мәселелерін сұрадым. Әңгімені жігіт ағасы бастады.
– Айналайын, редактор інім! Мен осы аудандағы әскери комиссариатта жұмыс істейтін Амангелді деген азаматпын. Мына кісі Жалағаштың тумасы, қазір Қызылорда қаласында тұратын Айжан деген апай болады. Біз мұнда “Кеңес одағының батыры” атағына ұсынылып, бірақ ала алмай майданда шейіт болған Ернияз Сәтов жайлы айтайын деп келдік, – деді.
Сол сәт әлі көз алдымда тұр. Күні кеше келіп баяндап жатқандай есімде. Батыр атағына ұсынылған майдангер туралы сөзді естісімен бәрін егжей-тегжейлі сұрай бастадым. Бұл мәліметті қайдан, қалай алғандарын білгім келді. Оның үстіне Қазақстанның құрметті журналисі Ахат Жанаевтың араласуымен Ернияз ағамызға берілген “Қызыл жұлдыз” орденін туыстарының алуына сеп болғанын естіген едім. Енді мына жағдай арқылы Ернияз Сәтовтей жауынгердің Кеңес одағының батыры атағына ұсынылғанын біліп отырмын. 

– Мыналарыңыз ғажап жаңалық қой. Бұл мәліметті қайдан алдыңыздар? – дегенімде сол кездегі облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Байболовтың хатын қолыма ұстатты. Онда Ернияз Сәтовтің (құжатта Сятов Ернияз) 1944 жылы “Кеңес одағының батыры” атағына ұсынылғаны жазылыпты. Ал Амангелді аға ерте келген Айжан апамыз Ернияздай батырдың қарындасы екен. Одан арғы әңгімем сол кісімен өрбіді. Айжан апайды сөзге тартып, өзі білетін жайттың барлығын айтуын сұрадым. 

– Бұл кісі менің әкемнің туған інісі, деп бастаған еді сөзін. – Негізі әкеміз атадан үш ағайынды болған. Үш ұлдың үлкені Тәжібай дағыны, ортаншысы Шернияз, кішісі Ернияз. Осы Шернияз бен Ернияз ағаларым майданға кетіп, хат-хабарсыз оралмаған. Әкем Тәжібай оқу-ағарту саласында, ұзақ жыл партия қызметінде жемісті еңбек етті. Елге сыйлы азамат болды, – деп отбасы, майданнан оралмаған ағалары жайлы әңгіме қозғады. Тамағын бір кернеп алды да Ернияз ағасы жайлы көсіле айтқан еді.– Кеңес одағының батыры атағына ұсынылған Ернияз ағамыз 1918 жылы өмірге келген. Ауыл мектебін бітірген соң Қызылорда қаласында 2 жылдық курс оқыған. 1939 жылы әскерге алынып, содан 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, майданда қалады. Неміс басқыншыларына қарсы соғыста ерлік көрсеткен, батылдығы мен батырлығы арқылы танылған. Өзінің өр мінезі арқылы қазақ баласының бойындағы қаһармандықты көрсете білген, – деп ол кісі туралы материалдарды “Подвиг народа” және “Память народа” деп аталатын  ресейлік сайттардан таба алатынымызды жеткізді. Мен дереу сол кісінің көзінше осы сайттарлы ашып, кейіпкеріміз хақындағы дүниелерді іздей бастадым. Бұл сайттардан бізге қажетті құнды деректер табылды.
Ресейлік ақпарат құралдарында бұл кісінің тегі Сятов деп көрсетілген. Құжатта осылай толтырылған екен. Құжат тілі бойынша сөйлесек, Ернияз ағамыз 1368 атқыштар ротасындағы 3-ші взводтың командирі болған. Майдан даласындағы ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен наградталған. Бұдан бөлек шайқастарда көрсеткен ерліктерінің бірі де берілген. Онда Сәтов жолдас 1945 жылдың 9 наурызындағы Кюстрин қаласы үшін болған кескілескен шайқаста ерлік көрсетті делінген. Ол неміс басқыншыларына қарсы ұрыста алдыңғы шепте болған. Жау жақтағы пулемет орналасқан үйді анықтап, білдірмей барып, екі граната арқылы жарып жіберген. Одан соң ғимаратқа кіріп, автоматпен 14 неміс сарбазы мен бір офицерінің көзін жойғаны жазылған. Осы шайқаста Ернияз ағамыз взвод командирінің міндеттерін өзіне қабылдап,  жауынгер достарын майдан даласына алып кірген. Жау тылында соғыса отырып, 90 неміс сарбазын қоршауға алады. Қан майданда олардың 50-ін тұтқындаған екен. Осы күні Ернияз Сәтов жарақат алған. Сонысына қарамай взвод командирінің міндетін атқарып, басқаларға қайсарлықтың үлгісін көрсеткен. Бірнеше рет “Сталин үшін! Отан үшін!” деп ұрандатып, жауынгерлерді ұрысқа бастаған. 
Бұл мәліметтердің барлығын Ресейдегі ақпарат көздері сол елдің Қорғаныс министрлігі арқылы тауып, сайтқа ендіріп отыр. Мына айтылғанның ешқайсысы ертегі емес. Жау тылына өтіп, пулемет нүктесін жою дегеннің өзі нағыз ержүректің ғана қолынан келетін іс. Әйтпесе бұл сұрапыл қару арқылы қаншама кеңестік жауынгердің шейіт болары белгісіз. Ал жалғыз өзі жау әскері орналасқан үйге кіріп, 15-ін түгел сұлатып салғанын батырлық демей, не дейсің?! 
Осы мәліметтерді аудандық әскери комиссариаттан келген Амангелді Наурызбаев және батырдың туысы Айжан апамызбен бірге көрдік. Жүрегім тулап, алқынып, нағыз батыр арамызға енді оралғандай күй кешіп едім. Бір өкініштісі, Ернияздай қаһарман ұлдың бір де бір суреті сақталмапты. Айжан апай суреті жоқтығын айтқанда, аузыма “қаптан” басқа сөз түспеді. “Жалағаштан Кеңес одағының батыры” шыққан деп жарияға жар салғалы отырғанымда, бет-бейнесін бедерлейтін суреттің жоқтығы өзегімді өртеді. Жас ұрпаққа ерлігін үлгі ететін, жыл сайын жеңіс күні мерекесі келгенде біздің батыр деп шеруге ұстап шығатын суретінің жоқтығына қынжылдым. Қалай болған күнде де Айжан апайды сөйлетіп, мол мәлімет алып қалайын деп шештім. Ол кісі көзін ұзаққа салып, өткен күндерді есіне түсіре бастады. 

– Әкем бауырының өте зиялы, сөздің киесі қонған жан болағанын үнемі айтып отыратын, – деді ол. Қазір менің өзім 73 жасқа аяқ бастым. Сонда да мына бір шумақ есімде сақталыпты. Бала күнінде Ернияз ағамыз жездесімен бірге қауын егіпті. Егін басынан өтіп бара жатқан бір кісі ағамыздан қауын сұраса керек. Сол кісіге:
“Еккеніміз түйнек,
Бере алмаймын билеп.
Ал егесін сұрасаң,
Анау тұрған Имек”, деп жездесін нұсқапты. Бұл кезде Ернияз аға 8-10 жасар болса керек. Әжеміз Үмітай да өлең-сөзге шебер еді. Шернияз бен Ернияздай қос құлынын өмір бойы жоқтап өтті. Мүмкіндігің болса жазып ал, соны айтып берейін, деді. Бағаналы бері айтқанының барлығын қағазға түсіріп отырғанымды айтып, ары қарай жалғастыруын сұрадым. Әжеміз 1977 жылы 90 жасқа келіп қайтыс болды. Ол кісінің айтқан өлеңін біз жазып алдық.
– Дарияның солқылдайды баспалдағы,
Аузыма сөз түспейді сассамдағы.
Қос қалқам, көрмегелі көп жыл өтті,
Сендерден бұлт жақын-ау аспандағы, деп басталатын зарлы өлеңді оқи жөнелді. Өлең ары қарай ананың зары мен сағынышына ұласады.
– Аспаннан күн шығады шырайланып,
Қойшылар қойын бағар құрайланып.
Қос қалқам, сендер еске түскен кезде,
Кетеді менің басым шыр айналып.
Мен өзім жағалаймын дария бойын,
Қарайғанға бұзылар менің ойым.
Қос қалқам, көрмегелі көп жыл өтті,
Қайақтан болсын менің ақыл-ойым.
Дүниенің енді білдім жалғанын-ай,
Қос ботамды көп айтып зарладым-ай.
Бүлінді бұл дүние астаң-кестең,
Қай жерде ұшып кетті жандарың-ай.
Бір түп тал терегіме асыламын,
Шүкір деп таң намазға бас ұрамын.
Күн шығып, торғай даусы шыққан кезде,
Көз жасым кермек татып ашынамын.
Сұм соғыс көп жыл болды біткеніңе,
Қос қалқам қайтпай солай кеткені ме?
Күтуге жетер емес қысқа өмірім,
Тосармын Машхар күннің өткелінде.
Бұл өлеңді біз жай тыңдай алмадық. Жүрегіміз тулап, алқынып қоя берді. Тіпті көзімізге келген жасты ұстай алмадық. Өлеңді оқып отырған Айжан апаға қарасам, оның да жанарынан моншақтап жас төгілген екен. “Әжеміз соғыста хат-хабарсыз кеткен қос құлынын жоқтап жылап, екі көзден қалды. Өмірінің соңғы алты жылын соқыр болып өткізді” деді.  
Сөз басында ардагер-журналист Ахат Жанаевтың да басқа емес, дәл осы Ернияз Сәтовке берілуі тиіс “Қызыл жұлдыз”  орденін туыстарының иеленуіне себепші болғанын жазған едік. Бұл оқиға жайында көзі тірісінде Ахат ағамыздың өзінен бірнеше рет естіген едім. 1991 жылы Ахат Жанаев Ресейден шығатын “Ветеран” дейтін газетті парақтап отырып, “Награда ждет героя” деген мақалаға көзі түседі. Қараса ішінде кейіпкеріміздің аты-жөні жазылыпты. Содан радиодан хабарлама жібереді. Сол күні жұмыстан келе жатып, бір подъезде тұратын Айжан апайдың шаңырағына соғып, танысқан мақаласы жайлы айтады. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе, сөйтсе радио арқылы туыстарын іздеп жатқан Ернияз Сәтов Айжан апамыздың әкесінің туған інісі болып шығады. Ахат ағамыз бұл жайында материал дайындайды. Батырдың кеудесіне тағылуы тиіс “Қызыл жұлдыз” ордені осылайша туыстарына, соның ішінде інісі Сәтов Кеңеске беріледі. Бұл награда қазір Қызылорда қаласында тұратын Айжан апайдың үйінде. 

Ернияз Сәтовтей ер жайлы журналист Мұрат Жетпісбаев та “Егемен Қазақстан” газетіне мақала жазды.
Негізі Ернияз ағамыздан 1945 жылға дейін хат келіп тұрыпты. Соңғы хатында Одер өзенінің жанында тұрғандары, көрсеткен ерлігі үшін наградаға ұсынылғаны жазылған көрінеді. 
Жалпы Ернияз Сәтов жайлы біз не білеміз? Ол – Жалағаштан шыққан Кеңес одағының батыры. Сонау 1944 жылы осы наградаға ұсынылыпты. Бізге белгісіз себептермен ала алмаған. Әлгі “Қызыл жұлдыз” ордені сияқты “Кеңес одағының батыры” атағы да туыстарына берілер деген үмітіміз әлі де бар. Үзілген жоқ. Қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының өзіне бұл атақ кешігіп келген жоқ па. Тым болмаса жеңістің 80 жылдығына орай Ернияз Сәтовке тиесілі батыр атағы әділдік орнап берілер.  Бүгінде батырдың өзіндей болмаса да көзіндей болып, ізіндей ғұмыр кешіп жүрген Төлепберген Сәтов пен Құралай Сәтова да Жалағаштың тұрғыны екенін айта кеткен жөн. Демек, Қазақ еліне берілуі, Сыр топырағына келуі, оның үстіне Жалағашта тұруы тиіс награданы алатын адам бар деген сөз. 
Ернияз Сәтов жайлы деректерді берген Айжан апай 2019 жылы 73 жаста болса, қазір 78-ге аяқ басқан болуы керек. Біз ол кісінің өзімен хабарласа алмадық. Бірақ сіңлісі, бүгінде Жалағаш ауданында өмір сүріп жатқан Құралай Сәтовамен байланысудың сәті түсті. Ол кісі әлі ешқандай батырға лайық іс-шара өтпегенін жеткізгенде ішім удай ашыды.
Мақаланың басында «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған Жомарт  Оспанның материалын сөз еттік. Қаламгер батыр атағына ұсынылып, ала алмаған жауынгерлер жайлы айта келе: «Өкінішке қарай, осы қаһармандардың есімі, ерлік істері негізінен жақын туыстарынан басқа адамдарға жақсы таныс емес. Басқа, Батыр атағына ие болған отандастарымыз сияқты, мектептер, көшелер мен ауылдарға есімдері берілмеген. Отқа оранған өмір жолдары туралы жеткілікті дәрежеде айтылмаған, жазылмаған, дәріптелмеген. Бүгінгі бейбіт күн үшін жанын қиған сол арыстарымыздың есімдерін қайта жаңғыртып, ерліктерін ұлықтау – баршамыздың абыройлы борышымыз. Олардың барлығы – ел жадында мәңгі сақталуға лайық нағыз қаһармандар. Жеңіс мерекесі қарсаңында өз тарапымыздан бірнеше ұсыныс білдірсек дейміз: аталған батырлардың есімдерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары жасалса, олар туралы деректі кітаптар шығарылса, фильмдер түсірілсе, арыстардың туған жерлерінде, ауылдарында мемориалдық ескерткіштер, тақталар орнатылса...», – деген ұсыныс білдірген. Бұл ұсынысқа біздің алып-қосарымыз жоқ. Тек Ернияз Сәтовтей ерге лайықты құрмет көрсетілсе дейміз. Әйтпесе Жалағаштан шыққан Кеңес одағының батыры елеусіз, ескерусіз қалып бара жатқан сияқты. Жалағаш ауданының әкімдігі осы істі қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.


Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Сурет «Егемен Қазақстан» газетінен алынды
 

 

Тағы да оқыңыз: