Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданындағы шаруалардың жұмысы ширақ. Мәселен, мұнда суды үнемдеп пайдаланудың жаңа әдістерін жүзеге асырып жатқан орындар бар.
Жалпы Жалағаш ауданында 21 дана су тоспа құрылыстары бар. 2022 жылы №278, №142 бекеттеріне, 2023 жылы №75, №505 бекеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шаруалардың ұсынысына сәйкес 2024 жылы №312 бекетке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Су тоспа бекетінің жағдайы жақсы.
Ал «Ер Әлі» шаруа қожалығының 30 гектар күріш егістігі алқабына орнатылған суды үнемдеудің жаңа технологиясы көз қуантып тұр. Бұл Қызылорда облысындағы бірінші автоматтандырылған тоспа. Жаңа құрылғы әр литр сайын өзі арқылы өтетін судың мөлшерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареяларымен жұмыс істейді екен.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» коллектор арнасындағы суды қайта пайдалану үшін орнатылған насос қондырғылары да бар. Айта кету керек, су тапшылығы жағдайын ескерген аудандағы шаруашылықтар насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Шаруашылықтарда барлығы 14 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде 8 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен үлестірілсе, 6 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаражаты есебінен алған.
Жалағаш ауданындағы егін науқанының қызу тіршілігі бүгінде қайнап тұр. Ал «Агрохимсервис-С» ЖШС-нің түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауытының жұмысы жүйелі екенін де айта кеткен жөн.
«Агрохимсервис-С» ЖШС-нің түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауыты «Бизнестің жол картасы - 2020» бағадарламасы арқылы 2020 жылы іске қосылған. Зауыт жылына 50 мың тонна түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіреді. Қазіргі таңда зауытта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.