Kyzylorda-news.kz. Кеше Жалағаш аудандық «Иманқұл» мешітінде игі шара өтті. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дегендей, жақсы жандардың жанына жылулық сыйлаған азаматтардың бұл ісі көпке үлгі боларлықтай. «Наурыз шапағаты» атты қайырымдылық акциясы аясында бірнеше отбасы қуанышқа кенелді. Игі шараға қатысқан аудан әкімі Асқарбек Есжанов та акцияға атсалысқан үлкенжүректі азаматтарға алғысын айтып, қайырымдылық жасау ең ізгі ықыластан болатынын айтты.

Иә, расымен жүрекпен жасалатын амалдардың ең әуелгісі – ықылас. Бұл – құлшылықтың негізі. Жасаған амалыңыздың қабыл болуы не кері қайтарылуы да осы ықыласқа байланысты. Бір сауапты істі бастарда ниеттің дұрыс болуы маңызды. Мұсылман адам бұл амалдарды атқару алдында Жаратушының разылығынан, сауабынан үміттенуі керек. Ал адам баласының бойында адамгершілік пен ізгілік ұштасқанда жүректен игі істер туады. Сол игі істердің бастамашысы бола білу үлкен жүректі азаматтардың қолынан келмек. 

«Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың иесі – Алла. Ол біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін де ескертеді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде де қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін жақсы болады. Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар деген. Расымен әр адамның істеген ізгі амалы өзіне пайда береді», – деген мешіттің бас имамы  қанша отбасыға қуаныш сыйлап, осындай игі істерде бастамашы болып жүретін азаматтарға алғысын білдірді.  

«Наурыз шапағаты» қайырымдылық шарасы – аудан азаматтарының ауызбіршілігі мен ынтымағын, қамқор көңілі мен мейірбандығын көрсететін рухани шара. Әр күні жылға азық болар берекелі мезгілде жақсылықтың тілекшісі болған жомарт жандар ата-баба рухына құран бағыштап, құрбандық шалды. Ақ түйенің қарны жарылған, тіршілік жаңарып, Жер-Ана бусанған Ұлыстың Ұлы күнімен тұспа-тұс жасалған игі іске куә болған аудан халқы да бірлік пен берекенің мекені болған өңіріміз тек жақсылықтың жаршысы болсын деген ізгі тілектерін жаудырды. 

Біле білсеңіз, игі іс жасау деген міндетті түрде біреуге дүниеңнің жартысын бөліп беру деген түсінік емес. Түсінгенге сауапты іс, бұл – үлкен жүректен шығатын кішкене ғана іс-әрекет. Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақыт та қонады.

Тағы да оқыңыз: