Kyzylorda-news.kz. Бала қуанса, әлем қуанады. Олардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көру үшін қандай еңбектің де артықтығы жоқ. Өйткені бала бауыр етің, жүрегіңнің бөлшегі, көңілдің нұры, көздің қуанышы, өміріңнің жалғасы деп білетін қазақпыз. Жүзі басқа жүрегі бір, мынау дүниені тек жақсылықтан тұратын кішкене жүрек көзімен көретін бүлдіршіндер өмірдің мәні. Осы жаннан артық, балдан тәтті перзентімізді салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеу ата-ананың міндеті.
Жаз айының алғашқы күнімен қатар келетін халықаралық балаларды қорғау күні биылғы жылы да Жалағашта кең көлемде сән-салтанатымен аталып өтілді. Бір ерекшелігі, биылғы мереке барлық білім ошақтарындағы соңғы қоңырау салтанатты шарасымен тұспа-тұс келді. Қысқасы, балалар екі мерекені қатар тойлап, шексіз қуанышқа бөленді. Ал орталық алаңға жиылған балғын балалық шақтың кейіпкерлері түрлі көрмелерге, концерттік бағдарламаға куә болды.
Дәл осы күні орталық алаңда Жалағаш ауданы басшылығының, ел ағаларының, аудан тұрғындары мен балалардың қатысуымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара өтті. Балалардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Асқарбек Есжанов алдымен бүлдіршіндердің қолөнер көрмесімен танысып, ғылым мен білімге бағыт алған жас ғалымдардың жобаларын тыңдады. Әр баламен жеке-жеке тілдескен өңір басшысы оларды мұқият тыңдады, ақ тілегін арнады. Салтанатты шара мұнан әрі аудан өнерпаздарының балаларға арнаған мерекелік концертіне ұласты. Түрлі жануарлардың, ертегі кейіпкерлерінің кейіпіндегі өнерпаздар қойылым қойып, би биледі. Барлығы балалар үшін безендірілген сахна да ертегі әлемі іспеттес күйге еніпті. Ал осынау мөлдір әлемнің шынайы кейпікерлері – балаларды, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаған аудан басшысы баланың бақыты ата-ананың бақыты екенін жасырмады.
Тәрбиенің өзегі – бала бойына адамгершілік пен рухани құндылықты сіңіру. Құнды қасиеттерді бойына сіңіру, рухани дүниесі жетілген адамды қалыптастыру туған кезінен басталуы керек дейді халық даналығы. Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оған көмектесе алмайсың. Баланы тәрбиелеу де осы секілді ерте жастан басталса, жемісін береді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы. Сондықтан бала әрбір ата-ананың бақыты. Осы бүлдіршіндеріміз сапалы білім алып, еркін өмір сүруі үшін біздер еңбектенеміз. Балалар үшін мықты болып, балалар үшін ерлікке барамыз. Себебі ертеңгі елдің егелері, болашағы осы бүлдіршіндеріміз, – деген аудан әкімі аудан Асқарбек Темірбекұлы тұрғындарын мерейлі мерекемен тағы бір құттықтады.
Мұнан соң аудан басшысы Асқарбек Есжанов балалардың жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өтсін деген ниетпен, 1 маусым – Халық-аралық балаларды қорғау күніне орай 656 оқушыға жазғы тынығу легерьлеріне жолдама табыстады. Ал аудандық білім бөлімінің мәліметінше, жазғы демалыс уақытында аудан бойынша 6683 бала қамтылуы тиіс. Бұл жұмыстар бүгінгі күннің өзінде қолға алыныпты. Яғни, облыс көлемінде және облыстан тыс лагерьлерге, Алматы, Шымкент, Жаңақорғанда, сондай-ақ кент сыртындағы «Ақтерек» лагеріне, туристік экскурсияларға 90 пайыз қамту жұмыстары жоспарлануда.
Балалар мерекесі қарсаңында аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы аудан ардагерлерімен бірге тірек-қозғалыс аппараты бұзылған ерекше жағдайдағы балаларға арналған күндізгі стационар орталығының ашылу салтанатына қатысты. «Ауданда жаңадан бой көтерген нысанның ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл орталықтың маңызы зор екенін білеміз. Өйткені мұнда ерекше жағдайдағы, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған ерекше жағдайдағы балаларға ем-дом шаралары жасалатын болады. Дегенмен, көп тілегі көл деген, ауданымызда мұндай орталықтар болашақта болмасын дейміз. Мұндай орталықтарды қажет етпейтіндей деңгейге жетейік, балалардың дені сау болсын. Бүгінгі балалардың мерекесі қарсаңында өз жұмысын бастап отырған орталық мамандары сапалы медициналық қызмет көрсетеді деп сенеміз» деген аудан әкімі ата-аналарға орталықта балалар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын жеткізіп, бүлдіршіндердің сауығып кетуіне тілектес екенін айтты.
Айта кету керек, пайдалануға берілген орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетеді. Мұнда оннан аса ақ халатты абзал жан тұрақты жұмыспен қамтылған. Енді алдағы уақытта орталықтағы балалар сапалы медициналық қызметпен қам¬тылып, қажетті ем-дом шараларын қа-былдап, сауығып отбасына оралады деген үміттеміз.