Kyzylorda-news.kz. Билік пен халықтың арасы жақындауы керек. Бұл – Президенттің тапсырмасы ғана емес, халықтың да талабы. Сондықтан қазір барлық деңгейдегі әкімдер елді аралап, халық алдында тоқсан сайын есеп беріп келеді. Ел ішіндегі мәселенің барлығы түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Әлі де халықтың мұң-мұқтажы көп. Десе де бұрынғыдай емес, күрмеуі тарқатыла бастады. Әрине бұл – билік пен халық арасының жақындауының нәтижесі. Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов және аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім және мекеме басшылары Аққыр, Жаңаталап, Темірбек Жүргенов, Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдары тұрғындарымен кездесіп, аудан бойынша үш айда атқарылған жұмыстар туралы тік тұрып есеп берді және алда жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды. Кездесу соңынан халықтың ұсыныс-пікірі тыңдалып, сұрақтарына жауап алды.
ХХІ ғасырда жол қатынасы жөнінде мәселе болмауы тиіс. Соған сәйкес биыл Жаңаталаппен Аққыр ауылдарының арасын жалғап жатқан 20 шақырым жол жаңадан асфальтталады. Жол құрылысына 664,8 млн теңге қаржы бөлінді. Жол құрылысын жүргізетін мердігер мекеме – «Қызылорда жолдары» ЖШС. Сонымен қатар ауылдың ішкі көшелерін орташа жөндеу жұмыстарының жобалау сметалық құжаттары әзірленуде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1,6 млн теңге қаржы бөлініп, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигон аумағы қоршалады. Сонымен бірге қазірде ауыл тұрғындары учаскелік полиция инспекторларының аудан орталығынан қатынап жұмыс істейтіндеріне наразы. Әрине халықтың талабы орынды. Қылмыс кез келген сәтте орын алуы мүмкін. Ал ондай жағдайда учаскелік полиция қызметкері заматында оқиға орнынан табылып, әбжіл әрекет етуі тиіс. Ауыл халқы бұл жағдайды олардың арнайы қызметтік үймен қамтамасыз етілмейтінімен байланыстырады. Бірақ бұл мәселе де биыл шешімін табатын болды. Аққыр және тағы да басқа 9 ауылдық округтен учаскелік полиция қызметкерлеріне арнап тұрғын үйлер салынады. Тиісті қаржысы да шешілген. Сонымен бірге шалғайдағы Аққыр ауылында күрмеулі бір мәселе бар. Ауылда ауылдық клуб жоқ. Халықтың мәдени-рухани даму үдерісінде мәдениет үйлерінің маңызы зор. Сондықтан елімізге белгілі талай өнер өкілдері шыққан бұл ауылға мәдениет үйі әбден керек. Аудан басшысы аққырлықтарға бұйыртса, биыл жаңа клубтың құрылысы басталатынын жеткізіп, қуантып қойды. Жобалау сметалық құжаты әзірленіп, тиісті министрлікке өткізілген.
Жаңаталапта аяқ су мәселесі шешімін табады
Жаңаталап ауылының халқы да аудан басшысының есебін тыңдап, жақсы баға берді және алдағы күндері атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі. Сөз ретінде тұрғындар тарапынан ауылға медициналық жедел жәрдем көлігі қажеттілігін жеткізді және учаскелік полиция инспекторын тұрақтандыруын сұрады. Сондай-ақ ұялы байланысты реттеу, интернет желісінің жылдамдығын арттыру қажеттілігі де назардан тыс қалмады. Бұл мәселелер жөнінде Асқарбек Темірбекұлы тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына тапсырма беріп, жедел арада шешуді тапсырды. Одан бөлек ауыз су тарату жүйесіндегі су жинайтын мұнараны жөндеу жұмыстары да жақын арада басталмақ. Биыл Жаңаталапта №1-ТВ, №2-ТВ, №3-ТВ техникалық су ұңғымасы бұрғыланады. Бұрғылау жұмыстарына 49,6 млн теңге қаржы бөлінді. Яғни алдағы уақытта ауыл халқы аяқ судан тапшылық көрмейді және қуарып кеткен шабындықтар мен мал жайылымы да бұрынғы қалпына келмек. Бұл ауылдың да мәдениет ошағы әбден ескірген. Бірақ жаңадан бой көтеретін 100 орындық ауылдық клубтың жобалау сметалық құжаттары әзірленіп жатқанынан ауыл халқы хабардар. Құрылысы келер жылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ орталық 3 көше жөнделеді.
Қоғам қайраткері атындағы саябақ ашылады
Ауданымыздағы іргелі шаруашылықтардың бірі – Темірбек Жүргенов ауылы. Бір қуанарлығы, ауыл жылдан-жылға көркейіп келеді. Тұрғын үйлердің жартысына жуығы жаңарған. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы. Белгілі кәсіпкер Әліби Бекжанов туған жерін түлетіп отыр. Мүмкіндігінше көптеген мәселесін ауыл азаматтарының өздері шешеді. Мәселен, Ә.Бекжанов жеке қаражаты есебінен ауыл орталығынан балаларға заманауи ойын алаңын салып берді. Одан бөлек ауыл ішіндегі басты көшені асфальттау және жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстарын да жоспарлап отыр. Таяу арада жүзеге асады деп күтілуде. Десе де биыл бюджеттің қаржысы жұмсалатын ауыл осы – Т.Жүргенов. Өйткені биыл мелмекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойы. Алашқа ортақ қайраткердің туған ауылынан Т.Жүргенов атындағы саябақ ашылады. Аталған көрікті орынды абаттандыруға 67 млн теңге бөлінді. Атаулы жылдың аясында қайраткер атындағы көше жөнделеді. Одан бөлек тозығы жеткен электр желілерін жаңарту, ауылдағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу және 8 көшені күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалау сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Мәдениетте де мәнді жобалар бар
Мәдениет ауылында да көптеген игілікті іс атқарылады. Бұл – ең халық көп шоғырланған ауыл. Бірнеше іргелі шаруашылық бар. Яғни ауылда егін, мал шаруашылығы дамыған. Көшелерінің көбі күрделі жөндеуден өткен, жаңа ауылдық клуб, жаңа балабақша және жаңа спорт кешені салынған, жұмыс істеп тұр. Бірақ мәселе де жоқ емес. Тұрғындар тарапынан халыққа ауыз су беру уақытын ұзарту және көшелерді жарықтандыру, асфальттау, жерді тиімді пайдалану жөнінде бірқатар шаруа бар екені айтылды. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауыл әкіміне және тиісті бөлім, мекеме басшыларына ауыз су тарату уақытын тұрғындар қолданысына сәйкес өзгертіп, реттеуді және жыл соңына дейін көшелерді жарықтандыру үшін ұсыныс беруді тапсырды. Аталған елді мекенде су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісінің құрылысы жобасын қоса қаржыландыруға 7,8 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауылдағы аяқ су тапшылығын болдырмау мақсатында 2 млн теңгеге 2 насос және 2,7 млн теңгеге қажетті аяқ су құбырлары алынады. Ал ауылдың 3 көшесін жөндеу үшін жобалау сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Мырзабай ахунда ауылдық емхана бой көтереді
Мәдениет ауылының іргесіндегі Мырзабай ахун ауылы да аудан әкімінің есеп беру кездесуінде ауданда, ауылдарда атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға беріп, ризашылығын білдірді. Бұл ауылдың да басты мәселелерінің бірі – ауылдық клуб пен дәрігерлік емхана. Екеуі де халыққа аса қажет мекеме екені айтпаса да түсінікті. Биыл дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Оған қажетті 431 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ ауылдағы тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысының жобалау сметалық құжаты дайындалды. Яғни ескірген электр желілері жаңарады. Учаскелік полиция инспекторына қызметтік үй салынатынын да айта кетуіміз керек. Сонымен бірге ауыл орталығындағы 3 көшені асфальттау үшін жобалау сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. 1,6 млн теңге қаржыға тұрмыстық қалдықтарды төгіп, залалсыздандыратын полигон аумағы қоршалады. Бұл – өз кезегінде ауылдағы санитарлық тазалықтың сақталуының және қоршаған ортадағы экологиялық тепе-теңдіктің бұзылмауының кепілі. Ауылдарды түгел аралаған Асқарбек Темірбекұлы өз сөзін: «Ауылдардағы әрбір жас өздерінің алдындағы ағаларынан үлгі алып, бір-бірін қолдай жүріп, туған жерін түлетуге атсалысуы керек. Ал ақсақалдарымыз жастар бастаған сол игілікті істерге тілекші болып, батасын беріп, елдің бірлігін сақтап отырса, қалған жұмысты халық үшін тікемізден тік тұрып біз атқарамыз» деп түйіндеді.
