Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданындағы индустриалды-аграрлық колледжі 7 жылдан бері жылыжай ісін жандандырып келеді. Бастапқыда қызанақ пен қияр өсіруді қолға алған колледж ұжымы соңғы 3 жылдан бері тек қияр егіп отыр. Себебі көкөністің екеуін бір аулада күтіп-баптау тиімсіз екен, бұған осындағы ұстаздар тәжірибе арқылы көз жеткізген. 

Кәсіптің бұл түрі айтарлықтай шығынды қажет етпейтін сыңайлы, мұндағы мұғалімдер қиярды тамшылатып сурау арқылы өсіріп отыр. Жылыжай ісіне жауапты маман Берік Жүсіпбеков алдағы уақытта басқа да өнімдерді күтіп-баптау жоспарда барын жасырмады.

Колледж директоры Нұрхан Әбдіхалықов әріптесінің бұл сөзін жоққа шығармады. Яғни оқу орнына тиесілі жерлерді игеріп, оны аяқсумен қамтамасыз етсе, тағы да жылыжай ашып, көкөністің басқа да түрлерін өсіруді қолға алатынын жеткізді. 

– Біз өзіміз кәсіптік білімді жетік білетін мамандар дайындайтын болғандықтан мұндағы ұстаздар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бірінші кезекте әріптестерімнен осыны талап етемін. Нәтиже де жоқ емес, қазіргі таңда колледж ұжымы бәсекеге қабілетті, білікті мамандар дайындап келеді. Бұл жылыжайдың да жұмыс жасап тұрғанына жеті жыл болды. Содан бері тоқтатқан емеспіз. Оқу орнына тиесілі сыртта тағы жеріміз бар, алдағы уақытта оны да игеруге жұмыс жасаймыз. Егер аяқсу алып барсақ, сол жерде де тағы бір жылыжай ашу жоспарда бар. Онда құлпынай, бүлдірген өсіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда біз зерттеу жұмыстарының арқасында бұл өнімдердің бізге жерсінетініне көз жеткіздік. Бұл жобаны алдағы жылдары қолға аламыз, – дейді колледж директоры Нұрхан Әбдіхалықов.

Нұрекең бұл бір жағынан осындағы мамандық игеріп жатқан балалардың тәжірибе жинауына да айтарлықтай қолғабыс болғанын айтады. Мәселен, осыған дейін оқу орнында жеміс, көкөніс мамандығы бойынша 10 айлық крус болған. Бұл салада колледж қабырғасында білім алушылардың көп уақыты жылыжайда өтеді екен. 

– Негізінен кез келген көкөністің бір аулада тек бір ғана түрін өсірген дұрыс. Ал екі түрін бір аулада баптасаңыз, олардың толық пісіп-жетілуіне кері әсері болады. Мәселен, қияр мен қызанақты алайық, бұл екі өнімді бір аулада күтуге мүлде болмайды. Егер осындай қадамға барсаңыз, өнім міндетті түрде ауруға ұшырайды. Әсіресе мұндайда қызанақ бейім болып келеді. Оның түбі қарайып, сырты шіри бастайды. Ал өнім сапалы әрі толық пісіп-жетілуі үшін міндетті түрде бір аулада біреуін ғана баптаған абзал. Бірақ біз бастапқыда көкөністің бірнеше түрін осы жылыжайда баптадық. Себебі мұндағы балалар олардың қалай пісіп-жетілуін, күтімін толық білуі керек. Сондықтан олардың тәжірибе жинауы үшін осындай қадамға бардық. Бірақ негізінен екеуін бір жылыжайда ұстауға болмайтынын түсіндіреміз, – дейді Берік Жүсіпбеков.

Колледж жанынан ашылған жылыжайдың ені 7, ұзындығы 27 метрді құрайды. Биыл мұнда қиярдың «Хойрат» сұрпы егілген. Колледж ұжымы бүгінде бірінші түйнекті сабағынан үзді. Жылыжайға көкөніс орналастыру жұмыстары сәуір айының аяғында қолға алынған. Жылыжай қыста көмірмен жылытылады. 

Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Аудандағы Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі де осы мақсатта заман талабына сай жұмыс жасап, балалардан кәсіби маман шығаруда қажырлы еңбек етіп келеді. 60 жылдан астам тарихы бар оқу орнынан 25 мыңнан астам адам түрлі мамандық меңгерген. Бүгінде олар еліміздің ауыл шаруашылығы және басқа да салаларында серпін қалыптастыруға өз үлесін қосуда.

Қазіргі таңда колледждің материалдық базасы нығайып, елдің экономикасын нығайтуға қажетті жаңадан мамандықтар ашылған. 450 орынға арнап салынған оқу орнында 186 студент ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, электр жабдықтары мен тамақтандыру ісін ұйымдастыру мамандықтары бойынша білім алуда. Былтыр 129 талапкер бұл оқу орнының студенті атанса, биыл 50-ге жуық студент оқуды тәмамдайды.

Елімізде 2019 жыл «Жастар жылы» болып жариялануына байланысты колледж мемлекеттік «Жас маман» бағдарламасына қатысып, 2020 жылы облыс бойынша 9 колледждің ішінен мемлекеттік грант жеңіп алған. Бұл жоба аясында колледж еңбек нарығында сұранысқа ие болған екі мамандық бойынша 439 млн теңге қаржыға ауыл шаруашылығын механикаландыру және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Мәселен, ауыл шаруашалығын механикаландыруға қажетті мұнда «John Deere» тракторы бар.

– Студенттер трактор тізгіндемес бұрын сабақ барысында осы техникаларды іс жүзінде айдап үйренеді. Бұл трактор 60 операцияны орындай алады. Яғни дән себу, жер жырту, тракторға өнім тиеу, соқаны тіркеу секілді қызметтер атқарады. Сонымен қатар экскаватор құрылғысы да бар. Ол жер қазып, тегістейді. Студенттерге тракторды қалай айдау керектігі, толық жұмыс жасау барысы үйретіледі. Осы жерден толық трактор айдауды меңгерген бала қоймада тұрған техниканы емін-еркін меңгереді, – дейді оқу орнының директоры.

Мұнда бұдан бөлек айналмалы соқа, тыңайтқыш сепкіш, «Claas» комбайн, экскаватор, «Landini» тракторы сынды қажетті басқа да заманауи техникалар бар. Олар колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуда. Қазіргі таңда бұл техникалар жаңартылған білім бағдарламасына енгізіліп, күнделікті оқу-үйрену процесіне пайдаланылуда. Соның арқасында түлектердің жыл сайын 82 пайыздан астамы жұмыспен қамтылуда.

Айта кетейік, оқу орны білім алушылардың ауданның ірі шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтуіне барлық жағдай жасаған. Мұндағы жастар 2 ай іс жүзінде тәжірибе алмасу арқылы өздерін шыңдап, мамандығына машықтанады. Ал тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша көкөніс ұсақтағыш, ет турағыш, қамыр илеп, оны жайып кесетін арнайы құрылғылар оқу процесі кезінде қолданылып, студенттердің сапалы білім алып, білікті маман болып даярлануына пайдаланылады. Балалар виртуалды әлемді көру арқылы теория түрінде техника қауіпсіздігін үйренеді. Мұнан кейін арнайы тест арқылы сынақтан өтеді. Колледжде 23 пән кабинеті мен шеберхана қарастырылған.

– Студенттердің сұранысына сай 50 орындық жатақханада 18 студент бар. Сондай-ақ барлық білім алушыға шәкіртақы тағайындалған. Бізде студенттерге ыстық тамақ қарастырылмаған, бірақ толық емес отбасылар мен көпбалалы отбасылардан шыққан жүзге жуық студентке 14 508 теңге беріледі. Кітапхана қорында арнайы 10 234 кітап бар. «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында студенттердің қатысуымен түрлі шаралар, әдеби танымдық кештер өткізіліп тұрады. Coworkinq орталығы да керекті құрал-жабдықтармен қамтылды. Мұнда білім алушыларға сабақтан тыс уақытта кітап оқып, дойбы, шахмат сынды ойын ойнауға мүмкіндік қарастырылған, – дейді Нұрхан Боранбайұлы.

Біліктілік пен жаңашылдықты басты назарда ұстайтын оқу орнында қырыққа жуық инженер-педагог сапалы білім беруде. Келешегі кемел білім ордасының алдағы уақытта да кәсіби білім иелерін шыңдайтыны анық. 

Тағы да оқыңыз: