Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында  жол құрылысына 9 жоба межеге қойылса, жалпы құны 760,9 млн теңгені құрайтын 7 көшеге күрделі жөндеу жасалды. Олардың қатарында ауднаға қарасты Еңбек ауылының 3, Мырзабай ахунның 2, Жаңадарияның 1, Аққырдың 1 көшесі бар. Сонымен қатар М.Шәменов ауылындағы 9 көшеге, Жалағаш кентіндегі 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бұқарбай батыр ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыс-тары аяқталып, Жаңадария бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылған жұмыстар арқылы аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 93 пайызға жетіп отыр.

Бұдан бөлек 2023 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы құны 1 млрд 133,5 млн теңгені құрайтын 3 елді мекеннің, яғни Жаңадария, Ақсу, Аққырдың кіреберіс жолдарына және «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 673,5 млн теңгеге 4 елді мекеннің 8 ішкі көшесіне, атап айтсақ, Жалағаш кентінен 1, Бұқарбай батырдан 3, Еңбектен 3, М.Шәменов ауылынан 1 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Мұның өзі ауылдардағы біршама көшенің сапасы қалыпқа келіп, ел қуанышын еселейді деген сөз. Ал жөнделіп, тап-тұйнақтай болған көшелерге электр шамдарын жарқыратып қойса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.  Жарықтандыру бойынша да 4 жоба  бар, жалпы құны 286,2 млн теңгені құрайды.

Жалағаш кентіндегі Қазбек би көшесінің жарық шамдарын қайта жаңғырту, «Ақтерек-170 гектарға» инженерлік-коммуникациялық инфра¬құ¬ры¬лым құры¬лысы, М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын қайта жарықтандыру жүзеге асып, Қаракеткен, Аламесек, Аққұм елді мекендерінің ішкі көшелері жарықтандырылмақ.

Жол құрылысына жалпы құны – 1 млрд 807 млн теңгені құрайтын 7 жоба қаралып, 11 көшеге күрделі жөндеу жасалмақ. Олар «Самара-Шымкент-Мәдениет-Т.Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 32-52,6 шақырым аралығын күрделі жөндеу,  «Ақсу ауылына кіреберіс» аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеу, «Есет батыр-Жаңадария» ауылы аралығындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолының 20,3-37,4 шақырым аралығын орташа жөндеу, 2022 жылға 100 млн теңге республикалық бюджеттен  қаралған.  

Аудан аумағында республикалық маңызы бар 50 шақырым, облыстық маңызы бар 60,6 шақырым, аудандық маңызы бар 123,5 шақырым, барлығы 234,1 шақырым автомобиль жолдары бар.Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 115 шақырымы немесе 93,1 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 8,5 шақырымы немесе 6,9 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін айта кеткен жөн. 

Ал елді мекендердің электр желілерінің көпшілігінің жағдайы орташа. Жалағаш ауданы бойынша  электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды. Елді мекендердің электр желілерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында «ҚЭТТК» АҚ жарғылық қорын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 2019 жылы 300 млн теңге, 2020 жылы 72,6 млн теңге, барлығы 372,6 млн теңге бөлінген.

Бөлінген қаржыға сәйкес «ҚЭТТК» АҚ-мен 2019 жылы Аққыр, Жаңадария, 2020 жылы Мәдениет, Аққұм, Жаңаталап, 2021 жылы Бұқарбай батыр елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғыртылған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 109,5 шақырым электр желісі, 35 дана трансформатор қондырғылары жаңартылып, электр жүйесінің орташа тозу деңгейінің көрсеткіші 75 пайыздан 45,2 пайызға төмендеді.

Аудандағы М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын жарықтандыру жұмыстарына  2022 жылы облыстық бюджеттен 17,198 млн теңге бөлінген болатын. Мердігер мекеме «Пульс» ЖШС-мен жұмыстар толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. 

Бұқарбай батыр елді мекенінің 16 көшесін жарықтандыру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. Жалпы жоба құны 170,2 млн теңгені құрайды. Жобаларды бюджеттен қаржыландыру үшін 2023 жылға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған.Халық тұтынатын күрежолдар жөнделсе, кентішілік, ауылішілік жолдарға самаладай жарық орнатылса, тозығы жеткен электр желілері жаңартылса, елдің көкейінде жүрген талап-тілектер орындалатыны сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: