Kyzylorda-news.kz. Ауа райы қалыпқа келіп, жердің тоңы жібігеннен Жалағаш ауданында жол құрылысы қайта қарқын алды. Олай болатындай реті де. Себебі бұл ауданда жол сапасына қатысты былтырғы жылдан қалған өтпелі жобалар да жоқ емес еді. Бүгінде мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС мамандарының аудан орталығындағы Мөрәлі Шәменов көшесінің күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алғанына біршама уақыт болды. Қазіргі таңда серіктестік қызметкерлерінің жұмысы қауырт. Біз де Жалағаш ауданында құрылыс жұмыстарының басталғанын естіп, аталған көшеге атбасын бұрып, құрылыс барысымен танысуды жөн көрдік. 

Қызылорданың желі көтерген шаң қолқаны қапса да, көше құрылысының қарқыны жоғары. Атқарылып жатқан жұмыстарға қарап, көз тойып, көңіл марқаяды. Біз барғанда жол жиектеріне ескертпе белгілері қойылып, ескі асфальтты сүру және жолды тегістеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Сүріліп алынған ескі асфальттың ұнтағы да пайдаға асырылады, яғни жолдың екі жағына төселуде. Сонымен қатар жолдың қарсы бағыттарына жаяу жүгіншілерге арналған жол жиектемесі жасалып, тас кеспекше орналастырылады. Бригадирдің айтуынша, жол жиектемесінің ені 1,5 м, ал ұзындығы 2,6 шақырым екен.

– Бүгінде арықтардың жан-жағы тегістеліп, көлік жолы кеңейтіліп жатыр. Көріп тұрғаныңыздай, ескі асфальтты толықтай қырып болған соң, жолдың бетіне бірінші топырақ жаямыз. Толықтай топырақпен тегістеліп, бетіне қиыршық тас төселеді. Содан кейін асфальт төсеу жұмыстары жүреді. Жалпы, асфальттың қалыңдығы төселген құм-тасымен есептегенде 15 см, ал асфальттың өзі 7-8 см қалыңдықта болады. Қазір кұм төсеу жұмысына дайындалып жатырмыз, құмды осы жергілікті жерден тасыймыз. Ал асфальт өзіміздің зауыттан, тасты Шиеліден алдырамыз. Жұмыс барысы шүкір, қарқынды. Ешқандай қиындық туғызатындай мәселе жоқ. Сондай-ақ көшенің ортасынан өтіп жатқан арыққа темірден 28 көпір орнатамыз, яғни жаяу жүргіншілердің жүріп тұруы да жеңілдейтін болады. Асфальттау жұмыстары аяқталған соң жол белгілері, жаяу жүргіншілер жолағы міндетті түрде орнатылады. Кеше аудан басшылығы да келіп, жұмыс барысын қадағалап кетті, – дейді бригадир Болат Әліпбаев.

Иә, Мөрәлі Шәменов көшесіндегі жұмысшылардың белсенділігі өте жоғары. Мердігер мекеме басшысы да күн райы құбылмай, ешқандай қиындықтар туындамаса, құрылыс жұмыстарын жылдам әрі сапалы аяқтап, жаңа жолды тезірек тұрғындардың игілігіне табыстауға ниетті. Көше құрылысына 50 шақты жұмысшы тартылған. «Мені мен техникадан басқасының бәрі Жалағаштан» деп әзілдеген бригадирдің сөзінен жұмыс-шылар да жергілікті азаматтар екенін байқау қиын емес. Әуел бастан жобаны бекітерде жұмысшылар ауданның жұмыссыз тұрғындарынан тартылатын болып келісілген екен.  

Көше тұрғындары да жол құрылысының ерте басталып кеткеніне таң қалып, қуанышын жасырмады. Олардың қатарында Жалағаш ауданының тұрғыны Әйгерім Рзағали да бар.

– Жасыратыны жоқ, кент орталығында тұрсақ та, соңғы жылдары көшеміздің сапасы төмендеп кеткен еді. Енді міне, көшемізге жаңа асфальт жабындысы төселейін деп жатыр. Көшеміздің ажары кіретін болды. Қуаны-шымызда шек жоқ. Көше тұрғындары атынан алғысымыз шексіз, – дейді кент тұрғыны Әйгерім Рзағали.

Жалағаш ауданында соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алғанын аңғару қиын емес. Былтыр да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, 9 жоба жүзеге асқан болатын. Сондай-ақ кенттегі 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл да ауданда жол құрылысы бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде жалпы құны 643,6 млн теңгеге аудан орталығындағы М.Шәменов көшесінен бөлек І.Нұркенов, И.Панфилов, Мысық би, А.Бектібаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ал ПМК-09 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. 

Біраз уақыттан бері Дәуімбай елді мекені тұрғындарының көтеріп жүрген теміржол арқылы жаяу жүргіншілер өтуге арналған аспалы көпірдің қажеттілігі де оң шешімін тауыпты. Бұл жоба биыл облыстық бюджет есебінен 184,8 млн теңгеге қаржыландырылатын болды. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытындысымен мердігер мекеме де анықталған. Осылайша арғы беттегі ағайынның да талап-тілегі ескеріліп жатыр.

Тағы да оқыңыз: