Kyzylorda-news.kz. Жалағаш кентінің тұрғыны Нұрлыбек Әбілхановтың үй жиһаздарын жасаумен айналысып келе жатқанына он жылға жуықтапты. Әрине, адамның кәсібін кеңейтетін де, тәжірибесін толықтыратын да – уақыт. Жасынан қолөнерге қызығатын Нұрлыбек әдепкіде дайын жиһаздарды құрастырумен айналысқан. Қазіргі заманауи үй жиһаз-дарының құрылымы күрделі екенін ескерсек, оны құрастырып, орналастыру үшін де бейімділік және көп уақыт пен темірдей төзім керек. Ал «трансформер» деп аталатын жиналмалы ағаш жиһаздардың әр бөлшегі өте бағалы. Сондықтан бұл орайда үлкен жауапкершілік те керек.
Осындай жұмыстарды бар ынтасымен өте тиянақты атқаратын Нұрлыбекке жаңа жиһазды жинауға шақыртулар көп болыпты. Адам баласының не нәрсеге де қызығушылығы көзімен көріп, білген соң оянады. Егер соған бар ықыласымен ден қойса, сол адам қиялынан туып, қолынан шыққан дүниені өзі де жасап үйренеді. Нұрлыбектің де кәсіп бастауына сол қызығушылығы себеп болған.
– Әр адамның өз табиғатына қарай бейімділігі болады ғой. Егер ата-анасының немесе басқа да жанашыр жақындарының бағыт-бағдарымен бойында бар бейімділігіне қарай кәсіп істесе, жұмысы берекелі болады екен. Мен әу баста туған-туыстарымның, таныстарымның өтінішімен сатып алған дайын үй жиһаздарын құрастырып беріп жүрдім. Дайын дүниені жинау сырт көзге оңай көрінгенімен, жұмыс барысында оның да өз қиындығы білінеді. Біріншіден, ол жұмыс икемділікті, аса ұқыптылықты қажет етеді. Өйткені қыруар қаржыға келген бағалы жиһаздың бір-біріне кірігіп, бекітілетін бөлшектерінің орнын ауыстырып алсаңыз, ағаштары жараланып, жаңа жиһаз жарамсыз болып қалады. Екіншіден, қиналмай жұмыс істеуің үшін қажетті құрал-сайманың түгел болуы керек. Сондықтан мен ақырындап қажетті құралдар сатып ала бастадым. Өйткені басында жақын адамдардың өтінішімен тегін істеп беріп жүрген жұмысыма шақырғандар соңғы уақытта ақы төлей бастады. Әрине қазіргі заманда еткен еңбегіңе қарай оның өтемі де болуы керек деп ойлаймын және ол – сенің Алла адалдан бұйыртып тұрған несібең. Ал несібеден бас тартуға болмайды. Сонымен мен аудан төңірегінде көп үйдің жаңа жиһазын орнатып бердім. Күн өткен сайын өз жұмысыма көңілім толып, содан бір жақсы әсер алатын болдым. Қазір біз жаңа заманға сай жақсы тұрмыста өмір сүруіміз керек дегенді көп айтып жүрміз. Бұл есепсіз ақша шашып, үйге байлық жинап, қымбат жиһазға толтырып қою керек деген сөз емес. Менің ойымша, үйімізде тек бізге қажетті, біздің өмір сүруімізге қызмет ететін дүниелер ғана тұруы керек. Басы артық нәрсе үйді тарылтады әрі бөлмелердегі өзара эстетикалық үйлесімді бұзады. Бұл ой маған сол жиһаз құрастырып жүргенде келді. Жасыратыны жоқ, көбіміз қазақы ұғымға, өлшемге салып, үй ішіне үйлеспейтін жиһаздарды жинай береміз. Тіпті кейде алған дүниелерімізді тар бөлмелерге сыйғыза алмай, қиналып жатамыз. Осындай жағдайларға бірнеше мәрте куә болғасын менің дизайнерлік қырым да ашыла бастады. Қорабынан алынған жаңа жиһаздарды құрастырып болған соң, әр бөлменің қай бұрышына, қалай тұру керектігіне дейін өзімнің талғамым бойынша кеңес беріп жүрдім, – дейді Нұрлыбек Әбілханов.
Иә, ең алғаш кәсібін дайын жиһазды құрастырушы болып бастаған Нұрлыбек қазір үйінің жанынан шағын цех ашып, тапсырыс бойынша үй жиһаздарының түр-түрін жасап отыр. Бүгінде заманға қарай адамдардың тұрмыстағы талғамы да өзгерді. Әсіресе киген киімімізден бастап, тұтынатын барлық заттарымыздың дизайнына жіті мән беретін болдық. Соның ішінде заманға лайық жаңа үй салып, оның ішіне орналасатын жиһаздарды да түр-түсіне, пішін үйлесімділігіне қарай таңдайтын жағдайға жеттік. Әрине бұған қуануымыз керек. Таңдау мен талғам болған жерде жақсы да жайлы тұрмыс қалыптасады. Жақсы, жайлы тұрмыста өмір сүрген адам ұзақ жасайды.
Нұрлыбек қазір өзінің шағын цехында ас бөлменің, қонақ бөлменің, жатын бөлменің, балалар бөлмесінің және демалыс бөлмелерінің, ауызғы бөлменің сәнін кіргізіп тұратын жиһаздардың барлық түрін тапсырыс берушінің таңдауына, талғамына қарай әдемі әрі сапалы етіп жасап шығарып отыр. Дизайндары да ерекше, бір-біріне ұқсамайды. Аудан тұрғындарынан түскен тап¬сырысты қолдың жұмысымен үлгеріп, үдесінен шыға алмайтыны белгілі. Сондықтан Нұрлыбек Әбілханов өткен жылы шағын несиелік ұйым арқылы 5 млн теңге несие алып, өзіне қажетті станоктар әкеліп, орнатыпты. Қазірде цехта жиһаздың ағаштарын түрлі пішінде кесіп, қиып дайындайтын және сол дайын болған бөлшектердің бетіне түрлі ою-өрнек салатын, сонымен бірге ағаштың сапасын арттыру үшін нығыздайтын электрлі заманауи 3 станок үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл станоктардан кесіліп, қысқарып, жонылып шыққан материалдардың түзулігінде, дәлдігінде және салынған мәнер, өрнегінде мін болмайды. Өйткені жұмыс барысын адамнан бөлек, компьютер мүлт жібермей бақылап тұрады. Алдымен тақтайға түсетін нақыш-бедерін, көлемін, әр бұрышының өлшемін есептеп, мониторға салады да, сол бойынша кесіп-пішіп, кескіндеп шығарады.
Жиһаз цехында болдық. Біз барғанда ішінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Дайын болып, жарқырап тұрған жиһаздар көздің жауын алады. Айтпақшы, бұл жерде тек үй жиһаздары ғана жасалмайды. Сонымен бірге мекемелерге және мектептер мен балабақшаларға, асханаларға, мейрамханаларға қажетті жиһаз-жабдықтарға да тапсы-рыс көп түсетінін көрдік. Олар жұмыс істеуге ыңғайлы, балаларға қауіпсіз болуы үшін белгілі бір стандарттарға сәйкес жасалады.
Нұрлыбек қазір жұмысына қажетті шикізаттарды Қызылорда қаласынан арнайы тапсырыспен алдырып отыр. Тұрғындар бағасына қарай және өздерінің талғамына сай ЛДСП, МДФ және акрил секілді материалдардан жасалған жиһаздарды таңдайды.Әзірге барлық жұмысты жалғыз өзі істеп жатқан цех иесі алдағы уақытта екі адамды жұмысқа алатынын айтады.
