Kyzylorda-news.kz. Ел келешегі – жастар. Ал, елдің келешегін сеніп тапсыратын сол жастарымызға мемлекет тарапынан қамқорлық, қолдау болуы тиіс. Бұл тұрғыда мемлекет жастар саясатына мейілінше көңіл бөліп, олардың жаңа қоғам қалыптастыруға деген талпыныстарын қолдап, сол бағыттағы идеяларын жүзеге асыруына қажетінше жағдай жасап отыр. Апта басында Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Мақсат – аудандағы жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды талқылау, таразылау, сарапқа салу. Алқалы жиынға бөлімдер мен мекеме басшылары және кент, ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібіне енген төрт мәселе қаралды. Кеңес отырысында көтерілген мәселелерге сәйкес жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы, оның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу бағытында атқарылған жұмыстар таразыланып, алдағы жоспарлар нақтыланды. Сонымен бірге жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, Қаракеткен және Мәдениет ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы бөлім басшылары мен ауыл әкімдері хабарлама жасады. Алайда, нақты істен құрғақ сөз көп. Қағаз жүзіндегі жылдық жоспар, бір сарынды жұмыстарға көңілі көншімеген аудан басшысы бұл бағыттағы жұмысты әлі де ширатып, жандандыра түсу керектігін тапсырды. Әсіресе, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында берілетін қайтарымсыз гранттардың шикі тұсы көп. Грантқа ие болғандар бар, нәтиже аз. Себебі жастар ұсынатын тың инновациялық бизнес жобалар жоқ. Барлығының айналып келіп тоғысар тұсы атакәсіп – мал шаруашылығы. Дұрыс, аграрлы аудан болған соң, мал шаруашылығын дамытқан жөн. Алайда, мемлекет үміт күтіп отырған кәсп жасауға ынталы жастардың тым болмаса жартысы заманауи жаңашыл жобалар дайындауы керек қой. 

Бұл ретте аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы кент және ауылдық округ әкімдеріне, тиісті бөлім, мекеме басшыларына бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, NEET cанатындағы жастардың кәсіптік оқыту, қайта даярлау курстарынан өтуін қамтамасыз етіліп, жастарды мемлекеттік бағдарламаларға, кәсіпкерлік мақсатта өткізілетін гранттық конкурстарға қатысуын және жаңа инновациялық жобалардың үлесін арттыру бағытында жұмыстар жүргізуді, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды әлеуметтік және психологиялық қолдау шараларын ұйымдастырып, жастарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында шаралар қабылдап, жастарға арналған несие беру туралы ақпараттарды әлеуметтік желілерге жариялап және елді мекендерде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 

Сондай-ақ аудан басшысы түнгі мезгілде жасөспірімдердің ата-анасыз бел-гіленген мерзімнен тыс уақытта жүру жағдайларының алдын алу жұмыстары, учаскелік инспекторлардың бекітілген аймақтары бойынша жастардың тізімін жасап, нақты шаралар атқаруды, мектептер мен колледждерде жасөсіпірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын күшейтуді, жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген жастар мен жасөспірімдерді анықтап, күнделікті тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастыру қажеттігін де атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жастар саясаты туралы заңға өзгерістер енгізіліп, елімізде 2023-2029 жылдарға арналған жеті бағыттан тұратын тұжырымдама әзірленгенін айтып, оған сәйкес ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамытып, кәсіпкерлік арқылы әлеуетін кө¬теру қажеттігіне тоқталды. Енді осы орайда аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі жастар арасында инновациялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жас кәсіпкерлер форумын өткізуі керек. Сондай-ақ айтылған ұсыныстардың қатарында ауылдық жерлерде жылына кемінде 2 рет ауыл ақсақалдары мен жастардың бірлескен шараларын ұйымдастыру жоспары да бар. Ал жұмыспен қамту орталығы, аудандық полиция бө¬лімі, денсаулық, білім салалары бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс.

Айта кету керек, қазіргі таңда Жалағаш ауданында 14 пен 35 жас аралығында 10 966 жас тіркелген. Мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға 2023 жылға жергілікті бюджеттен 18 млн теңге және жастарды дамыту мен қолдауға 4,2 млн теңге бөлінген. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 3 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Дегенмен жастарды қолдау, мемлекеттік бағдарламаларға тарту және кәсіппен айналысамын деушілерге көрсетілетін көмек тоқтамайды. Әсіресе, жоғарыда айтқанымыздай, жастар ұсынатын бизнес жобалардың жаңашыл-дыққа бағытталуы да қадағалануы қажет.

Тағы да оқыңыз: