Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барды. Аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарда болған аймақ басшысының орынбасарына Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов биыл жүзеге асырылатын жобалармен толыққанды таныстырды. Мұнан бөлек кент ішіндегі жөндеуден өтіп жатқан көшелерді аралап, қызу құрылыстың басы-қасында болды. 

Соңғы жылдары Жалағаш ауданында атқарылған жұмыс көп. Алдағы уақытта да біршама жоба жүзеге асырылады. Жалағашқа соңғы жылдары аудан тарихында болмаған қаржы тартылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға сеп болғаны бұл сөзімізге тұздық болары анық. Кент, ауылдар келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың қарқын алуы аудан дамуының көрінісі деуге болады. Соңғы жылдары бірнеше нысан пайда-лануға берілсе, бүгінде сол әлеуметтік нысандар ел игілігі үшін қызмет етіп жатыр. 

Көктем келісімен жүзеге асуы тиіс жоспардағы бірнеше жоба да бас-талып кетті. Мәселен, аудан орталығының өзінде биыл жалпы құны 643,6 млн теңгені құрайтын М.Шәменов, І.Нұркенов, И.Панфилов, Мысық би, А.Бектібаев көшелері күрделі жөндеуден өткізіліп, ПМК-09 көшесіне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек және тағы қосымша 7 көшені күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар дайындалған. Сондай-ақ Дәуімбай учаскесі мен Жалағаш кентін байланыстыратын жалпы құны 184,9 млн теңгеге жуық қаражатқа жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құры¬лысы басталады. Бұл мәселе бұған дейінгі Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың халықпен кездесулерінде жергілікті тұрғындар көтерген болатын.

Жаңадан ашылған «Ақтерек» учаскесінде инженерлік инфрақұрылым-ның сумен жабдықтау жүйесі құрылысына ел қазынасынан 73,2 млн теңге, газбен жабдықтауға 618,6 млн теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа учаскенің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы да назардан тыс қалмай, 21,4 млн теңгеге қоса қаржыландырылды. Қазіргі таңда «Ақтерек» учаскесінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұры¬лымының жұмыс жобасына және электрмен жабдықтаудың 2 кезеңіне ЖСҚ жасалды. 

Сонымен қатар аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы аймақ басшы-сының орынбасары Балмейір Сансызбайұлына кент орталығын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 6 насос алынып, қазіргі таңда орнатылып жатқанын, абаттандыру жұмыстары барысында адам өмірінің қауіпсіздігін сақтауды негізге ала отырып, көлік қозғалысы көп көше қиылыстарына 4 бағдаршам орнатылатынын және барлық білім беру ұйымдарының алдына жасанды жол кедергілері қойылатынын да жеткізді.

Бұл жұмыстардың барлығы тек кентте жүзеге асатындары ғана. Өңір басшысы ауданға қарасты елді мекендердің де әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуды басты назарда ұстайтыны белгілі. Ауылдарда соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп, оның бірнешеуі елді мекендер халқына табысталыпды. Соның бірі жол құрылысы соңғы жылдары әсіресе ауылдарда қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды. Бұл ретте қажетті қаражат та қаралып, ауылдардағы ішкі көшелер күрделі және орташа жөндеуден өтті. Тіпті елді мекендерді аудан орталығымен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмады. 

Иә, әкімдердің жұмысы жөндеген жолдардың шақырымы мен оның сапасына қарай бағаланатыны белгілі. Балмейір Сансызбайұлы сапар барысында қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан сол жобалардың жұмы-сымен де танысты. Атап айтсақ, аудандық маңызы бар Жаңадария бағытындағы автожолды орташа жөндеу жұмыстарының жай-күйін ба-қылады. Жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған, жоба құны 392 млн теңге болатын автожолдың бүгінде 10 шақырымы жөнделуде. 
Жалпы, 17 шақырымдық автожол құрылысы мамыр айында аяқталып, ел игілігіне табысталады. Мұнан бөлек жалағаштықтар үшін маңызды Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын жөндеуге 76,6 млн теңге бөлініп, ауқымды жоба жүзеге аспақ. Сондай-ақ Ақсудың 3 ішкі көшесінің жөндеу жұмыстары үшін жоба сметалық құжаттар дайындалуда.

Өңірде ауылдық округтердің ішкі жол мәселесі жыл санап оңтайланып, толықтай жаңартылып келеді. Мәселен, 2022 жылы М.Шәменов ауылында 8 көше күрделі жөндеуден өткізілсе, 2023 жылы ауылдың кіреберісінде орналасқан Бұқарбай батыр көшесін жөндеуге 66,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 2 көшені күрделі жөндеуге, қосымша 2 көшенің және Ә.Тәшімбетов көшесінің құрылысына ЖСҚ әзірленген. Бұқарбай батыр ауылындағы 3 көшеге, яғни А.Құнанбаев, А.Төлеубаев, Бұқарбай батыр көшелеріне биыл жалпы құны 184,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Батыр атындағы ауылдың 16 көшесін жарықтандыру жұмыстары тағы бар. Биыл Аққұм ауылында да жалпы құны 63,8 млн теңгені құрайтын 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Қаракеткен ауылында 14 ішкі көше болса, оның 12-сі асфальтталған. Алдағы уақытта қалған көшелерді жөндеуге ЖСҚ әзірленуде. Ал Еңбек ауылдық округінде биыл Т.Дәуітбаев, Абай, М.Байділдаев көшелерінің сапасына мән беріліп, жөндеу жұмыстары жүр-гізілмек. Осылайша бұл ауылдарда жол сапасына қатысты мәселелер 2025 жылға дейін толық шешімін таппақ.

Қорыта айтқанда, ауданның бүгінгі тынымсыз тірлігі тиянақты екенін сырт көзге сөзсіз аңғартып тұрған секілді. Ең бастысы, өңірде жасалып жатқан жұмыс жетерлік, нәтиже де жоқ емес. Жалағаштың жай-күйімен етене танысқан облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарының соңында ауданда атқарылып жатқан басқа да жұмыстарға жоғары баға беріп, мейлінше, құрылыстың сапасын назардан шығармауды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: