Kyzylorda-news.kz. Өткен жылды тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа жылға қадам басқанымызға да бір тоқсаннан асты. Жаңа жыл – адам баласы үшін өткеніңді көз алдыңа әкеліп, барлық іс-әрекетіңе, жүзеге асқан жұмыстарыңа есеп беретін уақыт. Жылды қорытындылап, өткеніңе шолу жасағаннан кейін жаңа жылға жаңа қадам басамыз. Алдағы жылда атқаратын шаруаларды тізбектеп, жоспар құрып, дамуға бетбұрасың. Барыс жылында ауданда байыпты бастамалар қолға алынды, оның жемісін қарапайым халық көрді. Өткен жылды табысты аяқтаған Жалағаш ауданы жаңа жылда жаңа жетістіктерге жету жолын саралап үлгерді. Биыл да жалағаштықтарды игі істер күтіп тұр.
Иә, ғасырға жуық тарихы бар киелі мекенде ауқымды жұмыстардың атқарылмауы мүмкін емес. Негізгі сала ауыл шаруашылығының өзінде, оның ішінде Сыр салысын өндіруде алдыңғы шептен көрінетін ауданның былтырғы жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Әсіресе елді мекендерді дамыту, қордаланған мәселелердің оң шешімін табуға жұмыс істеу күн тәртібінен түспей, бірқатары жолға қойылған. Әрине берекесі мен бірлігі жарасқан шежірелі ауданда игі бастамалар мен жарқын жобалардың көптеп қолға алынуы заңдылық.
Жалағаш ауданына жұмыс сапарымызда Ақсу ауылына жолымыз түскен. Осы жылға жоспарланған жүйелі істердің ішінде ақсулықтарды қуантатын жаңалықтар легі көп екен. Тоқсан сайын елді мекендерді аралап, жергілікті халықпен кездескен Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов биыл да қолға алынатын жарқын жобалардан хабардар еткен болатын. Әркез қордаланған мәселелерді тілге тиек ететін ауыл тұрғындары аудан әкімінің ауылға жыл соңындағы сапарында ешқандай уәж айтпады. Өйткені биылдың өзінде аталған ауылда қыруар шаруаның шеті көрініп тұр. Қайта қолға алынатын жобаларды естіп қуанған ақсулықтар өңір әкімінің жұмыс жоспарына риза екенін жасырмады. Сонымен ақсулықтарды биыл қандай жаңалық күтіп тұр? Аталған елді мекенде нендей шаруалар атқарылмақ? Осы сауалдарды тарқатып көрейік…
Алдымен жол жайына келсек... Иә, барды бар деп айту керек, ауданда тындырымды тірлік көп екеніне көз жеткіздік. Негізі «Ауыл – ел бесігі» жо-басы жұмысын бастағалы ауылдық елді мекендер көркейіп-көгалданып, әлеуеті артып, бірнеше нысандар бой көтерді, жол сапасына мән беріліп, ауыз су жүйелері жаңартылды. Бұдан бөлек биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы құны 1 млрд 133,5 млн теңгені құрайтын 3 елді мекеннің, яғни Жаңадария, Ақсу, Аққыр ауылдарының кіреберіс жолдарына және «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 673,5 млн теңгеге 4 елді мекеннің 8 ішкі көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Бүгінде бұл жұмыстардың бірқатары басталып кетті. Бір сөзбен айтқанда, Жалағаш ауданы құрылыс алаңына айналған. Ал биыл Ақсу ауылының ажарын арттыратын ауқымды істердің қатарында жол жайы да бар. Осыған дейін бірнеше әкімнің тұсында айтылған ауылға кіреберіс жолдың мәселесіне Асқарбек Темірбекұлы нүкте қойды. Яғни биыл Ақсу мен аудан орталығын жалғайтын жол жай жөндеуден өтіп жатыр. Оған қазынадан 76 млн теңге қаралған.
Былтыр ауданда жүзеге асқан үлкен әлеуметтік жобалардың бірі Жалағаш кентін газдандыру жұмыстары болатын. Енді алдағы екі-үш жылда ауданға қарасты елді мекендерде жарқын жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалмақ. Әсіресе табиғи газға қосылатын ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округте көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Қазіргі таңда Ақсу елді мекенін газдандыруға байланысты жоба қолдау тауып, 2023 жылдың бюджетіне қаржыландыруға енгізілген. Елді мекенде алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстар мұнымен шектелмейді. Ақсуда 150 орындық мәдениет үйінің іргетасы қаланады. Одан бөлек толық электр желісі жаңартылғалы тұр.
Жоғарыда биыл кіреберіс жолдың күрделі жөндеуден өтетінін айттық. Бірақ Ақсуда жол құрылысы мұнымен шектелмейді. Осы жылы тағы мұнда ішкі 3 көшеге асфальт төселеді. Тіпті аудан басшысы бұған дейін ауыл әкіміне халықпен ақылдасып, тағы 2 көшені ұсынуын сұрады.
Айта кету керек, өткен жылы Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстарына және елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен жобасметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлінген. ЖСҚ әзір болған соң әрі қарай тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілген. Сондай-ақ ауылға аяқ су жеткізетін «Ақсу» каналының 3,2 шақырымын шаруашылықтардың демеушілігімен қазып, тоспа жүйелерін жөндеу және ауылға 150 орындық жаңа ауылдық клуб ғимаратын салу үшін жер телімін бөлу, жоба сметалық құжатын дайындау сияқты жұмыстар жемісін берді.
Жалпы, Жалағаш ауданында жыл көлемінде қолға алынған жобалардың саны отызға жуықтаса, оның ішінде ауыз су, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар, көпірлерді жөндеу, газдандыру, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары қамтылған. Ауыз су желілері бойынша 4 жоба, жол құрылысына қатысты 9 жоба, газдандыру бойынша 4 жоба, жарықтандыру бойынша 4 жоба, абаттандыруға қатысты 4 жоба жүзеге асуда. Не десек те, атқарылған жұмыс көп, атқарылар шаруа да аз емес.
