Kyzylorda-news.kz. Өткен аптада саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Жалағаш ауданындағы Б.Құлтекенов атындағы жабық бассейнде суға жүзуден жарыс өтті.  Жарысқа 18-35 және 35-тен жоғары жастағы мекеме қызметкерлері қатысып, өзара мықтыны анықтады. 

Иә, суда жүзуден кәсіби айналыспаса да ес білгелі дарияның суын кешіп, суда балықша жүзген ауыл жігіттерінің бәрі дерлік шапшаң қозғалады екен. Жарыс өте тартысты өтті. Жарысқа қатысушылар 50 метрге еркін әдіспен жүзуден бақ сынасты. Дода нәтижесінде 18-35 жас аралығында 50 метрге еркін жүзуден І орынды аудандық құқық қорғау мекемесінің қызметкері Нұржан Әбдіғаппар еншіледі. Ал жүлделі ІІ және ІІІ орындарды №123 мектеп-лицейінің мұғалімдері Нүркен Балхан мен Қашақбай Азамат өзара бөлісті. 

35 жастан жоғары санаттағы сайыс та өте тартысты болды. І орынды Бақыт Шаекеев иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды Мұхамед Әбдікәрімов пен Арман Абуов өзара бөлісті.

«Ауылда өскесін болар, кішкентайымнан суда жүзуді жаныма серік еткенмін. Бұрын каналдарды жағалап, дария суына жүзетін болсақ, қазір шүкір, ауданда жабық бассейн ашылып, аптасына 2 рет осында келіп, денемізді шынықтырамыз. Иә, суда жүзу адам денсаулығына пайдалы, мәселен, жүрек, жүйке жүйесін жақсартады, шынықтырады, өкпе жұмысын реттейді. Жарысқа келетін болсақ, өте тартысты өтті. Суға жүзумен жиі айналысатын болғандықтан шығар, бүгін жеңімпаз атандым. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, жиі ұйымдастырылса, қатысудан қашпаймыз», – дейді Нұржан Әбдіғаппар.

Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы медаль және дипломдармен марапатталды.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл игі дәстүр жалғасын тауып, шара ауқымы кеңейе түспек. Десе де суға жүзуден жарысқа қатысамын деушілердің қатары аз көрінеді. Иә, қазақ жастарының су спортына аз баруының себептері де жоқ емес. Біріншіден, қазақ жастарының көбісі ауылда тұрады. Ауылда бассейн жоқтың қасы. Ал Жалағашқа бассейннің салынғынына көп уақытта болмады. Көбісі суға жүзуді түсіне бермейді. Екіншіден, қазір жасөспірімдердің көбісі үйлерінде отырып, әлеуметтік желідегі ақпараттарды оқуға құмартып алды. Осылайша жастар алтын уақыттарын интернетте өткізуде. 

«Жалпы, біз су спортынан бейхабармыз. Әрі білген күннің өзінде жүзуге менсінбей қараймыз. Баламыз шымыр болсын деп күрес, боксқа жиі алып барамыз. Ал жүзу спорты жекпе-жек сынды спорт түрлерінен кем түспейді. Өйткені бұл спорт адамды шымыр етіп қана қоймай, шыдамдылыққа, әдептілікке баулиды. Тіпті ең мықты, талантты деген боксшы олимпиадада әрі кетсе бір ғана алтын алып шектеледі. Ал жүзу спортындағы мықтылар бір дүбірлі додада бір емес, біраз қашықтыққа бақ сынап, бірнеше алтын алып жататынын көріп жүрміз. Сондай-ақ су спорты жөнінде насихат аз болып тұр. Жарыстарды жиі өткізуге тырысамыз, бірақ тұрғындар тарапынан жарысқа қатысуға қызығушылық жоқ. Қатысатын адам болмаған соң, көп жобаларымыз аяқсыз қалып жатыр. Жалпы, жүзу адам ағзасына тигізетін пайдасы мен әсері жағынан басқа спортқа қарағанда ерекше. Жүзумен тұрақты шұғылданған адамның бұлшық еті үйлесімді жетіледі, жүйке тамыры нығаяды, денедегі зат алмасу, тыныс алу мен қан айналу жүйесінің қызметі жақсарады. Бұл спорт түріне Жалағаш жастары жиі тартылса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Берікқазы Әуесбаев.

Тағы да оқыңыз: