Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында ақын, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туылғанына 150 жыл толуына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» аймақтық ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Шара «Мәдениет және өнерді дамыту орталығы» КМҚК-і мен «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен өтті.
Аталған мүшәйрада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Жалағаш аудандық филиалының төрағасы – Дина Мирман, Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік тіл маманы – Назерке Есаманова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық әйелдер кеңесінің төрағасы – Роза Ералы қазылық етті.
Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туылғанына 150 жыл толуына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» атты аймақтық ақындар мүшәйрасына 10 жас ақын қатысты.
Жастар арасында өткен сайыс тартысты өтті. Ақындардың сөз саптауы мен орамды ойлары қазылар алқасын тәнті етті.
Жоғары деңгейде өткен сайыста бас жүлдені Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Шерхан Әдіс жеңіп алды. Ал жүлделі I орын З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің 9 сынып оқушысы Айбатыр Темірбекке бұйырды. Екінші орынды №114 мектептің 9 сынып оқушысы Айтмұрат Темірханұлы мен Ш.Ермағанбетова атындағы №246 мектептің 8 сынып оқушысы Нұрай Темірбекқызы қанжығасына байлады. Үшінші орынды үш жас ақын иеленді. Атап айтар болсақ, Жалағаш Индустриалды Аграрлы Колледж студенті Нұрай Маратқызы, Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Қарақат Қалыбай және Ш.Ермағанбетова атындағы №246 мектептің 8 сынып оқушысы Жібек Қайратқызы.
Шараға белсене қатысып, жүлделі орындар алған жас ақындар бағалы сыйлықтар және дипломмен марапатталды.



