Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданында 500-ге жуық педагогтың қатысуымен аудандық Тамыз кеңесі өткізіліп, білім саласының өзекті мәселелері қаралып, үздік ұстаздар марапат мінберінен көрінді.

Шараға аудан әкімі Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының өкілі Азизбек Ізімбетов, Қорқыт ата университетінің «Рекрутинг» орталығының басшысы Жандос Оразмаханов, мәслихат депутаттары және сала ардагерлері, қамқоршылық кеңес төрағалары, мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.

«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен педагогтер кеңесінде Асқарбек Есжанов «тек сапалы адам капиталы ғана қазіргі заманның бүкіл талабына жауап бере алады. Бұл ретте, білім саласының маңызы зор. Сондықтан, білім – ең басты басымдық болып қала беретінін» жеткізді.

«Өткен оқу жылында Сіздердің белсенді қатысуларыңызбен ауданның білім беру саласында біршама нәтижелі жұмыстар атқарылды. Алдағы жаңа оқу жылында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бүгінгі күні ауданымызда 37 балабақшаның 21-і жеке сектордың үлесінде. Уақытында балалардың қамту көрсеткішін ұлғайту үшін жеңілдіктер қарастырылып, бизнеске қолайлы жағдай жасалды. Ендігі кезекте, балабақшаға қойылатын талаптар күшейтілетін болады. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында аудан мектептері 100 пайыз кең жолақты интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар, бүгінгі күні мектептер 85 пайыз жаңа модификациялық физика, химия, биология пәндік кабинеттерімен жабдықталуда. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мектептің жоба-сметалық құжаттарына қаржыға сұраныс жасалып, қазіргі таңда 1 мектептің қаржысы бөлінді. Кент орталығындағы №123 мектеп-лицейіне жыл сайын мектептегі оқушылардың саны артып келеді. Мектепте оқушылардың үш ауысымда оқу қажеттілігі туындауы мүмкін. Осыған байланысты қосымша 200 орындық оқу ғимараты құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттарына ұсыныс берілді. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін жас педагогтарды қолдау қажет. Жұмыс үшін жағдай жасау, ынталандыру шараларын қарастыру қажет», – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Конференцияда сөз алған спикерлер білім саласындағы соңғы өзгерістерге тоқталып, дарынды балаларды қолдау, білім берудің ортақ мәселелерін талқыға салып, идеяларымен бөлісті.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Садықов Талғат Жалағаш ауданында білім беру саласы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы, Қорқыт ата университетінің «Рекрутинг» орталығының басшысы Оразмаханов Жандос кәсіби бағдар беру және жаңа инновациялық жобалар туралы, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиал директоры Камалова София білім беру үдерісін нәтижелі қорытындылау қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, балалардың шығармашылығын дамытудағы қосымша білім беру ұйымдарының алдағы міндеттері жайлы республикалық деңгейде өткен Тамыз конференциясына қатысып келген делегет, дайындаған шәкірттері халықаралық, республикалық додаларда үздік нәтиже көрсеткен Өнер мектебінің директоры Досманов Рахымбек, білім алушыларды ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтарға қалай тәрбиелеуге болатындығы жайлы облыстық оқу орталығының бөлім басшысы Ақмырзаева Гүлайым, білім алудағы олқылықтарды ұйымдастырудың негізгі шаралары барысын Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей директоры Шөменова Ләйла айтты.

Сондай-ақ, жыл сайын өткізілетін конкурс нәтижесінде Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей «Үздік инновациялық мектеп» номинациясын және 1 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды.
Жиында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломы №33 орта мектебінің Бастауыш сынып мұғалімі Дәуменова Қарлығаш марапатталды. Сонымен қатар, 4 мұғалім Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғысымен, облыс, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының Алғыстарымен марапатталды. Облыс әкімінің грантын иеленген 4 оқушыға аудан басшысы грантын табыстап, үлкен өмірге қадам басқан жастарға сенім білдіріп, терең білім алуға шақырды.

Тағы да оқыңыз: