Kyzylorda-news.kz. «Тазалық – денсаулық кепілі» демекші, өзіміз өмір сүріп жатқан ортамызды таза ұстау – әр азаматтың парызы. Осы орайда көктем мезгілі басталғалы Жалағаш ауданында сенбілік жұмыстары бастау алған болатын. Тал егу, арықтарды қоқыстардан тазарту секілді жұмыстар аудан тұрғындары тарапынан қарқын алды. Аудандағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері,  ойын баласынан еңкейген қарттарымызға дейін атсалысуда.

Сенбі күні Жалағаш аудандық полиция бөлімінде бөлім ғимаратының ауласын көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыс¬тарын жүргізу бойынша бөлімнің бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері мен бөлім қызметкерлерінің қатысуымен сенбілік ұйымдастырылды. «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген, сала ардагерлері мен жас әріптестеріміз бірігіп ұйымдастырған бұл игілікті шара ардагерлердің бата беруімен басталып, жоғары деңгейде өтті. Айта кету керек, сала ардагерлерінің атсалысуымен өткен осы игі шараны ұйымдастыруға ІІО мен табиғат қорғау саласының ардагері, отставкадағы полиция старшинасы Айтбай Шегебаев ұйтқы болды.

«Бүгін қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар қоғамға жауапты істі жүзеге асырып жатырмыз. Күн ұясынан көтеріле қызу жұмысқа кіріскен ардагерлер мен жас қызметкерлер және бөлімнің техникалық қызметкерлері алдымен ғимараттың ауласын тазартты. Осыдан кейін ардагерлер мен бөлімнің жеке құрам мүшелері дайындап әкелген өрік, алмұрт, шие, бұхар жидесінің көшеттері мен декоративті саялы ағаштың бірнеше түрі, барлығы 200 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ өңірімізде өсуге ыңғайлы бірнеше гүлдің тұқымын отырғызу да сенбілікке қатысушылар назарынан тыс қалған жоқ», – дейді Айтбай Шегебаев.

Атқарылған жұмыстарға оң баға берген бөлім бастығы, полиция подполковнигі Талғат Лекеров ардагерлер мен қызметкерлерге ризашылығын білдірді. Өз кезегінде сала ардагерлері жастарға бүгінгі жасаған еңбектің зая кетпеуі үшін, жас көшеттерді суарып, баптауды  аманаттап тапсырды. Жалпы, бүгінгі алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілер бірлігінде өткен сенбілік жұмыстары дәстүрлі еңбек мерекесіне айналып, қатысушылар жақсы көңіл-күймен тарады.

Тағы да оқыңыз: