Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысында екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданының жер қатынастары бөлімі жер телімдерін беру мәселелері және жердің нысаналы мақсатына сай пайдалануына жүргізілген мониторинг жұмыстары жөнінде хабарлама жасалды. Сонымен қатар Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты аудан әкімі хабарламашыларға, кент, ауылдық округ әкімдеріне, тиісті бөлім, мекеме басшыларына профилактикалық жұмыстарды ай сайын өткізуді тапсырды. Сонымен қатар әрбір мемлекеттік қызмет бойынша ішкі талдау жүргізуді, жер учаскелеріне конкурс өткізу уақытында жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар орын алуына жол бермеу бағытында тиісті жұмыстарды атқаруды тиянақтап тапсырды. Оған қоса, пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет қорына қайтару бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыруды тапсырды.

