Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жалағаш ауданы кент орталығында мобильді қоғамдық қабылдау өтті.
Қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, бөлім басшылары, заңгерлер, медиаторлар, «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының мамандары, сондай-ақ партияның «Қарызсыз қоғам» жобасының облыстық өкілі Балдырған Мәмен қатысты.
Іс-шара барысында тұрғындардың өзекті мәселелері тыңдалып, жауапты сала мамандары тарапынан тиісті түсіндірмелер берілді.
Қабылдауға 40-қа жуық азамат қатысып, түрлі өтініштерін жеткізді. Тұрғындардың басым бөлігі несие берешегін өтеу қиындықтары, баспана, жұмыспен қамту, газдандыру, жол сапасы, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелерін көтеріп, жауапты органдардан кеңес алды. Сондай-ақ кәсіп бастауға ниетті азаматтарға «Ауыл аманаты» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпарат берілді. Әрбір өтініш жеке қаралып, заң аясында шешу жолдары түсіндірілді.
Мобильді қабылдауға несие берешегін өтей алмай, қолдау сұрап келген азаматтардың бірі – аудан тұрғыны Рабиға Үсенова. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын 2 миллион теңгеден астам несие алған. Бүгінде қарызын өтей алмай, жағдайы қиындаған. Банктер тарапынан қолдау болмағандықтан, партияға жүгінуге мәжбүр болған.
«Мен жалғызбасты анамын. Несиені өтей алмағандықтан шотым бұғатталып, жұмыс істеу мүмкіндігім шектелді. Амалсыздан “AMANAT” партиясы ұйымдастырған мобильді қабылдауға келдім. Қабылдауда маған “Қарызсыз қоғам” жобасының өкілі жеке кеңес беріп, банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігін түсіндіріп, қолдау көрсетті. 14 жұмыс күнінен кейін нәтижесі белгілі болады», – дейді ол.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сондай-ақ барлық өтініштер шешімін тапқанға дейін «AMANAT» партиясының бақылауында болатынын атап өтті.
«Мұндай мобильді қабылдаулар халық пен билік арасындағы кері байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. 2025 жылы шалғай елді мекендерде 131 мобильді қабылдау ұйымдастырылып, азаматтардан 1182 өтініш түсті. Оның 665-і оң шешімін тапса, 551 азаматқа нақты кеңес берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Жандос Базартай.
