Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске ауылдық аймақтарды дамыту мәселесі қаралды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Ауылдық аумақтарды дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қабылданған шешімдерді жүзеге асыруымыз тиіс. Ағымдағы жылы ауданда 32 жобаны іске асыруға бюджет есебінен 4,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, аудандық бюджеттен абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін 8 жобаға 131,8 млн. теңге қаралды. Бұдан бөлек, жыл басында кент және ауылдық округтерді дамыту мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 20 жобаны жүзеге асыру үшін аудандық бюджеттен 158,3 млн. теңге бөлінді», - деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, кент және ауылдық округ әкімдеріне ауылдың дамуына, көркеюіне жұмыс жасауды, уақытылы жұмысқа келіп кетуді емес, халыққа қажетті жағдайды жасау үшін барлық тетіктерді қолдану қажеттігін айтты.

Аудан әкімі орынбасарлары мен тиісті сала басшыларының және кент, ауылдық округ әкімдері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы үшін бірқатар тапсырмалар берілді.

Күн тәртібінде қаралған мәселені және жіберілген кемшіліктерді сараптай келе, жыл аяғына дейін белгіленген кәсіпкерлік субъектілерінің ашылуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту бағытында несие немесе грант алу көрсеткіштерін орындауға, аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасымен қаржыландыруға кемінде 2 млрд. теңгенің жобаларын жасақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған қаржыларды мерзімінде толық игеруді, оның ішінде республикалық бюджет қаражаттарын 100 пайызға орындап, дебиторлық және кредиторлық берешектерге жол бермеу керектігі жөнінде және кент, ауылдық округтерде барлық нормативтік талаптарға сәйкес қатты қалдықтар тастайтын орындардың болуын 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қамтамасыз ету үшін сала бойынша жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарларына және аудан әкімі аппаратының басшысына тиісті тапсырмалар жүктелді.

Тағы да оқыңыз: