Kyzylorda-news.kz. Бала  қуанса,  әлем  қуанады.  Олардың  қуаныштан  бал-бұл  жанған  жүздерін  көру  үшін  қандай еңбектің  де  артықтығы жоқ. Өйткені бала бауыр етің, жүрегіңнің бөлшегі, көңілдің нұры, көздің қуанышы, өміріңнің жалғасы деп білетін қазақпыз. Жүзі басқа жүрегі бір, мынау дүниені тек жақсылықтан тұратын кішкене жүрек көзімен көретін бүлдіршіндер өмірдің мәні. Осы жаннан артық, балдан тәтті перзентімізді салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеу ата-ананың міндеті.  

Естеріңізде болса жаз айының алғашқы күні, балалар мерекесі қарсаңында тірек-қозғалыс аппараты бұзылған ерекше жағдайдағы балаларға арналған «Қажмахан» күндізгі стационар орталығы ашылған болатын. Ауданда жаңадан бой көтерген нысанның ашылу салтанатына біз де куә болған едік. Бұл орталықтың маңызы зор екенін білеміз. Өйткені мұнда ерекше жағдайдағы, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған ерекше жағдайдағы балаларға ем-дом шаралары жасалатын болады. Балалардың мерекесі қарсаңында өз жұмысын бастап отырған орталық мамандары сапалы медициналық қызмет көрсету жолында аянбай еңбек ететінін де жасырмаған еді. Рас, орталық жұмысын бастағалы ондағы мамандар әр баланың аяққа тұруына жағдай жасап, бар күш-жігерін жұмсауда. Балалардың ем-домымен қатар оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды да естен шығармаған екен.

Кешегі Құрбан айт мерекесі қарсаңында Жалағаш аудандық «Иманқұл» мешітінің және аудандағы үлкен жүректі азаматтардың қолдауымен орталықта құран оқытылып, балалардың сауығып кетуі үшін игі амал жасалды. Балаларға арнап жайылған ақ дастарқан, бағышталған құран шынайы ниеттен туған еді. Игі істің аясында мешіт имамы мен қайырымды іске атсалысқан азаматтар орталықта ем қабылдап жатқан балаларға сыйлықтар үлестіріп, мөлдір әлемнің кейіпкерлерінің қуанышына куә болды.  Мұны көрген ата-аналар да шексіз алғыстарын білдіріп, игі бастамаға мұрындық болған азаматтарға баталарын берді. «Бала – өмірдің айнасы, жалғасы. Бірақ бала шыбық сияқты болатынын, қалай қарай бағыттасаң солай қарай өсетінін есте сақтаған жөн. Бұл бір-ақ ауыз сөз болғанымен ауқымы кең, астарында терең мән жатыр. Сондай нәзік әлемнің бағбаны болу қиын. Біздің де жауапкершілігімізде қанша баланың болашағы тұр деп білемін» деген орталық меңгерушісі Рабиға Үсенова медициналық көмектің сапалы болуына әрі әр баланың сауығып кетуіне күш салатын боламыз дейді. 
Айта кету керек, пайдалануға берілген орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетеді. Мұнда оннан аса ақ халатты абзал жан тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда орталықта 15 бала тәрбиеленуде. Енді алдағы уақытта орталықтағы балалар сапалы медициналық қызметпен қамтылып, қажетті ем-дом шараларын қабылдап, сауығып отбасына оралады деген үміттеміз. 

Бала көңілі қашанда қуанышты және тосын сәттерді күтеді. Өйткені табиғаты таза бүлдіршіндердің арманы қиялының кеңістігімен ұштасып жүреді. Баланы қуанту үшін қымбат дүниенің керегі жоқ, тек жеткілікті түрде көңіл бөле алсаңыз болғаны. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалардың көңілін табу үшін толассыз еңбек, аса жауапкершілік қажет-ақ. Өйткені мұндай жағдайдағы балалар әлемді басқа қырынан көретіні секілді, сіз бен біз сыйлайтын көңіл-күй де олар үшін тек жақсы күндердің жаршысы болуы тиіс.

Тағы да оқыңыз: