Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов ауданның зиялы қауым өкілдерімен және ардагерлерімен бірге өңірдегі киелі орындардың бірі – Түмен әулие кесенесіне арнайы барып, тарихи нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Сапар барысында кесенені күтіп-ұстау, абаттандыру және алдағы жөндеу жұмыстарының жай-күйі зерделеніп, тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Бүгінде Түмен әулие кесенесі Сыр өңіріндегі маңызды тарихи-мәдени және рухани орындардың бірі болып саналады. Жыл сайын мұнда облыстың әр аймағынан және еліміздің өзге өңірлерінен келетін зияратшылар мен қонақтар саны артып келеді. Киелі орын халықтың рухани құндылықтарын дәріптеп, тарихи сананы жаңғыртуда маңызды рөл атқарады.

Кесене жылдар бойы бірнеше мәрте жөндеуден өтіп, оның тарихи келбетін сақтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 2011 жылы нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, кесененің сәулеттік ерекшеліктерін сақтау мен келушілерге қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген.

жалагаш.jpg

Сапар барысында тарихи нысанның қазіргі техникалық жағдайы қаралып, кесене күмбезін әрлеу және сырлау жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кесене аумағын абаттандыру, айналасын көгалдандыру, тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізу және келушілер үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов киелі орындардың тарихи және рухани маңызын атап өтіп, олардың сақталуы мен келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізілуі маңызды міндет екенін жеткізді. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына кесененің тарихи келбетін сақтай отырып, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Тарихи-мәдени мұраларды сақтау және дәріптеу – ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызды бағыттарының бірі. Түмен әулие кесенесі – халқымыздың рухани тарихынан сыр шертетін қасиетті орындардың бірі ретінде ерекше құрметке ие. Сондықтан мұндай нысандарды күтіп-ұстау, жаңғырту және олардың тарихи келбетін сақтау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өскелең ұрпақтың туған жер тарихына деген құрметін арттыруға қызмет ете бермек.

Жалағаш.jpg
жалагаш.jpg

Тағы да оқыңыз: