Kyzylorda-news.kz.  Жалағаш ауданында биыл да қайтарымсыз грант үлестіретін комиссия отырысы өз жұмысын бастап кетті. Онда бас-аяғы 136 жоба қаралып, оның 36-сы қаржылай қолдауға лайық деп танылған.

Облыстағы кәсіпкерліктің дамуы сан қырынан көрініс табуда. Қолдағы барды мол табыс көзіне айналдырып, ел игілігіне еңбек ету қазіргі кәсіпкердің басты ұраны. Кәсіпкерлік саласындағы өсу өңір экономикасының әлеуетін арттырады емес пе?

Жаңа жобалар жалғасын тауып, жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жандар жұмыспен қамтылуда. Иә, бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударды. Жергілікті тұрғындар арасында да кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары артты. Жас кәсіпкерлерді қолдаудан бөлек, орта бизнеске арналған тиімді бағдарламалар да бар. Осындай қолдаудың нәтижесінде көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлер де жоқ емес.

Ал кәсіп ашып, көкжиегін кеңейтіп отырған жандар бастысы ынта болса болғаны дейді. Рас-ау, қазір іс бастаймын деген адам қаржылай қолдаудан құр қалмайды. Пайыздық үстемақысы төмен несиені былай қойғанда, бүгінде шағын және ірі жобалар жұмысын ширатуға тіпті қайтарымсыз қаражат та қарастырылған. Олардың жыл сайын көлемі де артып келеді.
Айта кеткеніміз жөн, өткен жылы Жалағаш ауданының өзінде шағын кәсіпті дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 300 жоба жалпы құны 367 миллион теңгеден астам қаржылай қолдауға ие болған. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына негізделсе, кент орталығында кондитерлік өнімдер әзірлейтін шағын цех, жартылай фабрикаттар дайындайтын шағын өндіріс орындары, бірнеше тігін цехы да сол қайтарымсыз гранттың арқасында ауданда іске қосылды. Биыл да қайтарымсыз грант үлестіретін комиссия отырысы өз жұмысын бастаған. Онда бас-аяғы 136 жоба қаралып, оның 36-сы қаржылай қолдауға лайық деп танылыпты. Наурыз айының екінші онкүндігінде өткен комиссия отырысында 1 миллион 380 мың теңгеге қаржыландырылған жобалар қатарында Ерлан Нұрбаевтың да жобасы бар екен. 

Ол туған жері Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткенде жылқы шаруашылығын дамытсам деген ниетін білдіріпті. Алдымен құлынды биелер алып, ауыл тұрғындарына саумал сатуды көздеп отыр. Алдағы уақытта басқа мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгініп, жылқы басын көбейту де жоспарында бар екен. 

«Қаракеткен ауылында басқа ауылдардай күріш алқабы жоқ, яғни егін шаруашылығы да мардымсыз деуге болады. Алайда, жайылымдық жерден айтарлықтай мәселе болады дей алмаймын. Аяқ суға қатысты мәселеміз де жуырда шешіледі деген ойдамыз. Сондықтан өз ауылымда жылқы шаруашылығымен айналысуды жөн санадым. Алдымен олардың басын көбейтуге басымдық беремін. Кейін саумал сатып, мал бордақылап, ет өнімдерін де нарыққа шығару ойда бар. Кешегі комиссия отырысында менің жобам 1 миллион 380 мың теңге қайтармсыз қаржылай қолдау тапты. Алдағы уақытта енді соны кәсіпкерлік мақсатқа жұмсап, жұмысымды жандандырамын» дейді жоба авторы. Бұрын 2021 жылға дейін әр жобаға бөлінетін қайтарымсыз гранттың жалпы құны 600 мың теңгеге жуықтайтын. Былтыр оның көлемі 1 миллион 225 мың теңгеге жетсе, биыл 1 миллион 380 мың теңгені құрап отыр. Бұл қаражат шағын кәсіпті ширатуға немесе бастауға таптырмас мүмкіндік.

Ал Жалағаш кентінің тұрғыны Әлия Зейнуллақызы кондитерлік өнімдер өндіріп, оны нарыққа шығаруды бұрыннан жоспарлаған. Тіпті мұндай өнімдерді ол өзі әзірлейді. Қазірдің өзінде көрші-көлем, дос-жаранның өтінішімен күніне 2-3 тапсырыс қабылдайтын көрінеді. Ал одан артық қабылдайын десе, қажетті аппараттардың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Сондықтан ол қайтарымсыз грантпен кондитерлік өнімдер әзірлейтін арнайы аппараттар алып, тұтас аудан жұртының сұранысын қамтамасыз етуге бел буыпты. 

Иә, бұған дейін де мұндай өнімдер өндіруді жоспарлаған жалағаштықтардың бірнеше жобасы қолдау тапқан болатын. Қазір олардың басым бөлігі әлі күнге дейін жұмыс жасап тұр. Демек, кондитерлік өнімдерге жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Комиссия мүшелері де мұндай жобаны бір ауыздан қолдайды.

«Бұрын осындай цехтарда жұмыс жасап, тәжірибе жинадым. Алдағы уақытта өзім де кәсіп бастасам деймін. Жобамның қолдау тапқанына қуанып тұрмын және бұл жобаның өміршеңдігіне сенімім мол. Себебі осыған дейін де үйде отырып, тапсырыс қабылдадым. Сұраныс көп, алайда оның барлығын қамтамасыз ету үшін қажетті аппараттар керек. Енді бұл мәселені шешуге де жол ашылды. Алдағы уақытта кәсібімнің көкжиегі кеңейсе, тағы да қосымша жұмыс орнын құрамын» дейді Әлия Зейнуллақызы. 

Алғашқы комиссия отырысында қорғалған 36 жобаның 28-і мал шаруашылығына бағытталған екен. Жалпы ауданда жұмысын бастайтын жобалардың түрленгенін құптамайтын адам жоқ шығар, сірә? Дегенмен, аграрлық ауданда жайылымдық жер, су, мал азығына қатысты мәселе болмағандықтан, тұрғындардың басым бөлігі аталған салада бақ сынауға бел буған. Бұл шаруашылық кәсібіне ден қойып, идеясын жүзеге асыру үшін білек-сыбана кірісіп жүргендер жетерлік.

Мамандардың айтуынша, әсіресе тиісті қаражат қой шаруашылығын дамытуға таптырмас мүмкіндік. Расымен, ірі қара, жылқы алып та кәсіп етуге болады, алайда көпшілік 1 миллион теңгеден астам қаражатқа түліктің бұл түріне көптеп қол жеткізе алмайсыз. Ал керісінше осынша қаражатқа жүзге жуық уақ мал алуға болады. Жалағаш кентінің тұрғыны Сұлтанхан Аханаевтың жобасымен танысқан кез келген адам оның осындай көзқараста болғанын оңай аңғарады. Ол аудан орталығында уақ мал өсіріп, оны бордақылап, нарыққа шығаруға ынталы. Комиссия мүшелері де бұл жобаны бір ауыздан қолдаған. Нәтижесінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Ол тіпті мал алу үшін жергілікті шаруашылықтармен сөйлесіп те қойған. Бұдан жоба авторының іс бастауға тыңғылықты дайындықпен келгенін аңғаруға болады. 

«Аудан орталығында да мал шаруашылығын дамытуға болады. Жалпы, халық қазір атакәсіпте айтарлықтай пайда барын жете түсінген. Қазір комиссияға кіріп жатқан жобалардың да басым бөлігі мал шаруашылығына негізделген. Бұлардан бөлек те ауданда мал шаруашылығымен айналысып жатқандар жетерлік. Бірақ ешкімнің еті болмаса сүті өтпей қалып жатқан жоқ. Неге? Себебі нарықта ет, сүт өнімдеріне сұраныс жоғары. «Бәрі мал шаруашылығымен айналысып жатыр, кәсіптің бұл түрінде пайда жоқ» деген ойдан ада болған абзал. Қазір қоғамдық ортада «ет аламыз, сүт аламыз» деп жүрген адамды байқайсыз ба, керісінше «Жілікке мал соятындар бар ма екен, қолдың сүтін кім сатады?» дейтіндер жетіп артылады. Міне, бізге бұл қаражат сол сұранысты қамтамасыз ете отырып, өзіміздің мол табысқа жетуіміз үшін беріліп отыр. Алдағы уақытта қой шаруашылығымен айналысып, халықты ет өнімдерімен қамтамасыз етемін. Қазір оразаның уақыты, осыдан бір ай бұрын қаражатқа қол жеткізгенімде, бұл кезде өнімімді нарыққа шығаратын едім. Алда әлі құрбан айт және басқа да мерекелер бар. Сол кезде де қой етіне сұраныс көп болады. Бірақ мен алдымен мал басын көбейтуге басымдық беремін» дейді кент тұрғыны.

Жалағаш ауданындағы қайтарымсыз грант бойынша өткен комиссия отырысында 36 жоба жалпы құны 50 миллион теңгеге жуық қаржылай қолдау тапты. Олардың қатарында мал шаруашылығынан бөлек, тігін цехы, алма бақ, шикі зат қалдықтарын өңдеу, шаштараз, кондитерлік өнімдер әзірлеуге негізделген жобалар да бар екен. Жыл соңына дейін комиссия отырысы ай сайын өтеді деп жоспарлануда.

Иә, қазір өз ісін бастап, аяққа тұруды ниет еткендерге мемлекет тарапынан көрсетілетіліп жатқан көмек көп. Жоба әзірлеп, қайтарымсыз қаржыға ие болғысы келгендер мен жаны сүйетін істі бастау мақсатында жеңілдетілген несие иемденуді ниет еткендерге үкіметтен қолдау аз емес. Тек тиімді пайдалана білсе болғаны.
 

Тағы да оқыңыз: