Kyzylorda-news.kz. Ел дамуына серпін беретін сала – кәсіпкерлік. Аталған сала жанданса, жұмыссыздық та төмендеп, халықтың тұрмыс сапасы жақсарады. Осы мақсатта кәсіп ашуға ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты мүмкіндік жасалып отыр. Тек сол мүмкіндіктерді қажетіңе қарай тиімді пайдаланып, жоспарыңды жүзеге асыру және кәсібіңді жүйелі жүргізу керек. 

Жалағаш ауданында жыл өткен сайын кәсіпкерлер қатары күрт көбейіп келеді. Кәсіпкерлердің көбеюі бәсекелестік орта қалыптастырады және соның нәтижесінде халыққа қызмет көрсетудің сапасы артады. Айталық, ауданымызда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерін өндіру жылдан-жылға жақсарып келеді. Барлығы болмағанымен кәсіпкерлік бағытта жұмыс істеп отырған азаматтар сырттан келетін тауарларды ығыстырып шығара бастады. Яғни аудан тұрғындарының жергілікті өнімге деген сұранысы артып келеді. Біріншіден, бағасы арзан, екіншіден, экологиялық таза өнім. 

Алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін алайық. Соның ішінде күріштен бөлек, өзімізден өсіп-өнетін бау-бақша дақылдары маусымдық кезеңдерде сұранысқа ие. Тіпті мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында жылыжай ашып, халыққа қыс мезгілінде де қажетінше көкөніс жеткізіп отырған кәсіп иелері бар. Одан бөлек кәсібін кеңейткен азаматтар мал асырап, ауданды ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Ал жеке кәсіпкер, «Өркен Әлем» ЖШС төрағасы Жақсылық Өзденбаев жылда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің әскери киім-жабдықтарын тігеді. Қазірде «Серпін» индустриялды аймағында орналасқан тігін цехында жүзге жуық жұмысшы бар. Сонымен бірге Дәуімбай елді мекенінде орналасқан «Агрохимсервис-С» ЖШС-ға қарасты зауыт тыңайтқыштар және құрамында азот бар құрамаларды өңдеп шығаруда. Бұл ауданымыздағы егінмен айналысып отырған шаруашылықтар үшін тиімді. Ал кенттің шығысынан салынған күн электр станциясы 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Айта кетейік, инвестор ретінде «Номад Солар» серіктестігі құрылысын жүргізген станцияда күн сәулесінен қуат алатын құрылғыларды орналастыру үшін 164 гектар жер телімі бөлінген. Ал аудан халқының ауызында жыр болып жүрген мия зауыты жақын арада қайта іске қосылады. Он жылға жуық жұмысы тоқтап тұрған зауыт төңірегінде ел аузында түрлі әңгіме тарады, тұрғындардың көкейінде сан сауал тұр. Сол үшін сәл шегініп, тоқтала кеткеніміз жөн. 

«БисГрупп» ЖШС-ның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын «Қызыл мия тамырын өңдеу зауыты» 2013 жылы «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлер кәсіпкерлігін қолдау енгізіліп, 2014 жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған жоба қытайлық «Борихунда» компаниясы және «Бис Групп» ЖШС есебінен жүзеге асырылған. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауытты орналастыру үшін 8,75 гектар жер телімі табысталған болатын. Алайда үлескерлердің арасында өзара келіспеушілік туындап, зауыт жұмысы 2017 жылға дейін тоқтап қалды. Бірақ сол жылы облыс әкімінің ықпалымен аталған зауытқа құны 115 мың АҚШ долларын құрайтын қондырғылар орнатылып, іске қосылды. Зауыт екі жылда 35 тонна өнімді (қара ұнтақ глицирризин қышқылы) Қытай мемлекетіне экспорттады. Одан кейін зауыт өнімінің құны әлемдік нарықта бірнеше есеге төмендеп кетуінің әсерінен зауыт жұмысы тағы тоқтады. Енді міне, былтыр Қытайдан арнайы мамандар келіп, зауытты толық жөндеп, реттеді. Таяу күндері қайта жұмысын бастайды. 

Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бізге берген мәліметі бойынша қазірде зауыттың шикізатына пайдаланатын 1 200 тонна мия тамырының қоры бар екен. 

Ауданымызда ұмытылып бара жатқан бабалар кәсібі қолөнер де дамып келеді. Жас кәсіпкер Жылбек Қуаныш бүгінде бірнеше бағыт бойынша кәсібін жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, ешкі сүтінен және түрлі иіссулардың қоспасынан баламасы жоқ сабын жасауды қолға алған. Одан бөлек ағаштан, былғарыдан жасалған сыйкәделер, түрлі бұйымдар және киіз үйдің жабдықтарын тоқып, қыз жасауын тігеді. Жас кәсіпкер бірнеше мәрте қайтарымсыз мемлекеттік грант жеңіп алып, кәсібін ұлғайтқан. Сол секілді жергілікті кәсіпкер Қанат Ермек құрылыс нарығында жоғары сұранысқа ие полистиробетон шығара бастаса, Ерхан Намурадин химиялық тазалау жобасын қолға алған. Бұлардан бөлек жыл сайын сауда орталықтары ашылып, халыққа сапалы қызмет көрсетудің бәсекесі артты. Өткен жылы кент орталығынан ашылған «Халық» сауда үйі де киім алу үшін облыс орталығына сабылатын аудан тұрғындарының қажеттілігін өтеп отыр.

Аудан әкімі өткен жылдың соңында халыққа ауданымызда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонда осы кәсіпкерлік саласы да қамтылды. Соны тағы да бір еске түсіргеннің артығы жоқ. 2022 жылдың 10 айында аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 023 бірлікті құраған. Оның ішінде 2 845-інің нақты жұмыс істеп тұрғаны айтылды.  Яғни 94,1 пайызының нәтижесі бар. Ал түрлі себептерге байланысты 178 кәсіпорын жұмысы тоқтап тұр. 

Аудандағы өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелер мен кәсіпорындар және жеке секторлары арқылы 2022 жылдың 1 қарашасында 20 млрд 436 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары орындалған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8 млрд 489 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,6 пайызға артып отыр. Бұл – жоғарыдағы «ауданымызда кәсіпкерлік саласы жыл өткен сайын өркендеп келеді» деген сөзіміздің дәлелі. 

Аудан бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі  10 айда 2 млрд 394,2 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,4 пайызға  орындалған. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2022 жылдың 10 айында 7 млрд 205 млн теңгеге шығып, өткен жылмен салыстырғанда 100,5 пайызды құрады. 

Айта кетейік, былтыр жыл қорытындысымен бюджет қаражаты есебінен 2 млрд 180,8 млн теңге және меншікті қаражат есебінен 8 млрд 219,2 млн теңге, жалпы көлемі 10 млрд 400 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жоспар жүзеге асқанда аталған салаға жаңаша серпін беретіні анық. Сол секілді мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында аудан бойынша жыл басынан 428 жоба 2 млрд 775 млн теңгеге қаржыландырылып, 435  жаңа жұмыс орны ашылған. Одан бөлек 401,4 млн теңгенің 34 жобасы микроқаржы ұйымдарымен екінші деңгейлі банктердің қарауына ұсынылды. Жалпы былтыр аудан бойынша 833 млн теңгенің 22 жобасы іске қосылып, 123 жаңа жұмыс орны ашылған. Қайталап айтайық, ірілі-ұсақты 123 жұмыс орны ашылған. Бұл – бір ғана кәсіпкердің емес, халықтың игілігі. Яғни кәсіпкерлік саласының жандануымен бірге жұмыссыздықпен күресу де оң нәтиже беріп отырғанын айтуға болады.

Тағы да оқыңыз: