Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудың негізгі мәселелерін қоғам өкілдерімен бірге талдап, айтылған ұсыныс-пікірлерді ортақ оймен қорытындылау, оны халыққа түсінікті тілмен жеткізу мақсатында бүгін Жалағаш ауданы әкімінің мәжіліс залында идеологиялық актив жиыны өтті.

Активке аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, Жалағаш кенті және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.

Актив жиынына аудан әкімі Асылбек Шаменов модераторлық жасады. Сонымен бірге жиынның алғы сөзін алған аудан басшысы маңызды құжаттың негізгі міндеттеріне жеке-жеке тоқталып, жолдаудан туындайтын бірқатар шараларды жүзеге асырудың жолдарын айтып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

“Президент Жолдауы – мемлекеттің алдағы жоспарына, оның халқына және ендігі бағыт-бағдарына ерекше серпін беретін маңызды құжат болып саналады. Осы құжат еліміздің әрі қарай даму жолының бүгіні мен алдағы болашағын айқындайды. Жылдам өзгеріп жатқан әлемнің бет алысынан, қарқынынан туындайтын еліміз үшін аса қажетті міндеттерге назар аударып, қолға алатын жұмыстарға анық және нақты бағдар берді. Сондықтан мемлекет басшысының ел алдына қойған міндеттерін орындау біздің алдағы жұмысымыздың негізі болмақ”, – деді аудан басшысы кіріспе сөзінде.

Актив отырысында облыстық мәслихат депутаты, «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Имамзада Шағыртаев, «Жер-Ана» шаруа қожалығының төрағасы, кәсіпкер Оразбек Ахметов, аудандық мәслихат депутаты, №124 орта мектеп директоры Мейрамбек Жаманов, Жалағаш аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Аманкүл Маханбетова хабарлама жасап, Жолдаудың халық үшін маңыздылығы зор екендігіне тоқталды.

Актив жиынын аудан әкімі қорытындылап, алдымызда аудан халқының игілігі үшін жасалатын бірқатар ауқымды міндеттер тұрғандығын, аудан халқының бірлігінің арқасында ол жұмыстарды және Президент Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттерді уақытылы және сапалы жүзеге асыратындығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: